Сен желтоқсанда қайдаболдың?

0
138

Қонаев атамыздың орнынан алынғаны туралы суық ха­барды «Қа­зақ­фильмнің» дубляж залында есті­дік. Дубляж жасап жатқан артис­тердің бәрі төбемізден жай түскендей есеңгіреп қалдық. Орнына Колбин деген орысты қойыпты дегенді есті­генде мүлдем ұнжырғамыз түсіп кетті. Мына өмірде ешқандай орны жоқ, көзқарасымен ешкім санас­пайтын үлкен державалардың ал­дын­дағы құл-құтан екенбіз ғой деген тікенек ой санамызды піскілеп өтті. Әркім сол кездегі Брежнев ала­ңында басталған оқиға туралы естіген-білгенін айтып жатты. Бірақ сөз­деріне қарасам, ешқайсысы алаң­да болмаған, тек сырттан есті­генін ғана айтатын сияқты. Қалайда алаң­ға баруымыз керек екенін әсіре­се жастар жағы түйсіндік.

Алаңға түстер шамасында кел­дік. Жиналған адамдармен бірге көшесімен төмен түстік. Тобымыз үлкен болатын. Гоголь көшесімен солға бұрылдық. Сол кездегі «Юби­лейный» дүкенінің алдында семіз қазақ әйелі орыс тілінде бұрқылдап аузына келгенін айтты. Не айтқанын түгел естімесек те әйтеуір бізді еріккен ақымақтарға балап, ұнат­пай тұрғаны түсінікті еді. Шетте кетіп бара жатқан жігіттерге сөзі өтіңкіреп кеткен болуы керек әлгі әйелге тұра ұмтылды. Бірақ бастап жүрген жігіттер басу айтып оларды тоқтатты. Кетіп бара жатқан топқа үй-үйдің терезелерінен дауыстап ұрсып жатқандар да болды. Сосын Желтоқсанмен жоғары көтерілдік. Жол бойы әр-әр жерден (туған жер, отан тақырыбында) әндер айтылып келе жатты. Есімде көбірек қалғаны «Менің Қа­зақстаным». Мен бар дау­сыммен Мұхтар Шаха­нов­тың «Арман жолын­да» әнін айтқам. «Баба­мыздың намы­сындай, Кеуде керіп дала жатыр» деп басталатын асқақ рухты ән. Қайырмасында сөзін білмесе де жанымда келе жатқандардың біразы қосылып кетті.
Біз айналып алаңға жеткен­де үш-төрттердің шамасы бо­лып қалған еді. Алаңдағы халықтың саны бұл кезде көбейген екен. Сырт жақ­тың бәрінде топ-тобымен торуыл­дап милициялар тұрды. Мінбе­ге шыққан әртүрлі деңгейдегі басшы­лар микрофонмен халықты са­быр­ға шақырып, тарамаса жаман бола­тыны туралы ескерту сөздер айтып жатты. Онсыз да ызалы жастарға олардың сөзі онша әсер еткен жоқ. Қорқыту-үркітуге толы қатқыл үндері керісінше жағдайды шиеленістіріп жіберді. Ашуға мінгендері сон­ша­лықты жігіт­терт офицердің қалпағын жұ­лып алып лақтырып та жі­бер­ді.
Қас қарая бастағанда қол­дарына резеңке таяқ ұстаған сақшылар күш қолданып та­ратпақ болды. Қол­дарында ештеңе жоқ жастар алғашында күтпеген шабуылдан сасқа­лақтап қаша бастадық. Сол кезде «Қашпаңдар!» деген дауыстар естілді. Сөйтсек, біраз жігіттер алаңның тө­менгі жағын­дағы аллеяның жақ­тауынан мраморларды опырып алып жатыр екен. Біз де үйлердің іргета­сын, фонтандардың шетіндегі тас­тарды теуіп сындырып, сонымен қаруландық та, қайта ұмтылдық. Бірде олар шегініп, бізде біз шегініп, кезек шабуылдасып жаттық. Үкімет үйінің шеткі терезелері сынғаны есімде. Түнгі он-онбірлер шамасында оларға қосымша күш келді. Саны бағанағыдан әлдеқайда көп әскер Үкімет үйінің артқы жағынан қаптай шығып бізге қа­рай лап қойды. Кейбіреу­лерінің жетегінде иттер болды. Абалап үрген иттер мен қаптаған әскердің алдында қарусыз жастар не істей алмақ… Амал жоқ, ал­ғашында ақырындап шегі­ніп, соңы жаппай қашуға ұлас­ты. Арт жағымыздан шың­ғырған дауыстар естіліп жатты.
Сол түні Мир көшесіндегі 24-ші үйдің сегізінші этажындағы 116 пәтерде түнеп шықтым. Түнгі екілер шамасында көшеден шыңғыр­ғ­ан әйелдің, жанұшырған ер адам­ның даусы естілді. Жүгіріп бал­конға шықсам үш-төрт адамды көшенің жиегінде қолына қызыл шүберек байлаған «дру­женниктер» аунатып теп­кілеп жатыр екен. Тіпті қолдарындағы келтентермен аямай ұрып жатты. Әлгі бай­ғұстар «Меруерт» кафе­сінен той-тойлап шыққан­дар болуы керек. Сол үйдің тұрғын­дары балконнан «Ұрмаң­дар, олардың жазығы жоқ» деп айқайлап кетті. Үйдегі тұрғын­дардан сескенді ме, жоқ әлде ұрып жатқан адам­дарының қимылсыз қалға­нын енді байқады ма дружин­никтер зым-зия жоғалды. Қозғ­алыссыз жатып қалған байғұстарды сәлден соң сақшылар алып кетті. Жап-жақсы киінген адамдар бола­тын. Орындарында қарайып көрінген қанның орны ғана қалды. Сол түні ұйқымыз ұйқы болған жоқ. Әр-әр жерден түннің бір уағына дейін айғай-шулар, машиналардың үні, иттердің үргені естіліп тұрды.
Таңертең ерте тұрдым. Таңғы алтылар шамасында желтоқсан көшесімен жоғары қарай гүжілдеп үш-төрт авто­лавка тәріздес жабық ма­ши­налар өтті. Сәрсен Ысқақов (арада бірер жыл өткенде белгісіз жағдайда көз жұмды) деген суретші жігіт екеуміз тез шығып, үй-үйдің арасымен өтіп, жаңағы машиналардың қайда бара жатқанын аңдыдық. Екеу-үшеуі алаңның Желтоқсан жағына тоқтады да көшеге кеспелтек темірлер мен ағаштарды шаша бас­тады, екінші машинадан сол­даттар жәшігімен арақтар түсіріп, алаңның әр жеріне қойып жатты. Қағазға оралған заттарды да лақтырып жатқанын көрдім (Ол кезде «есірткі» дегенді естімеген кезі­міз). Фурманов жағына да апар­ған болуы керек. Кейі­ні­рек жастар алаңға қайта жинала бастадық. Әлдекім­дер әлгі арақтарға тұра ұмтыл­ғанда ештеңеге тимеу­лерін, ол заттарды әдейі таңертең әкеліп тастағанын айтып қайта тастаттық. Бір есімде қалғаны арамызда біраз қырғыздар болды. «Ай­­на­лайын, қазақ туғандар, қанымыз, намысымыз бір. «Өлсек бірге өлеміз сендер­мен» деп айқайлаған қырғыз әйел­дің үнін ұмытқан жоқпын.
Қырғынның ертесіне алаңға келе жатқанымызда бір оқиға өшпестей есімде қалды. Абай даңғылының Желтоқсанға бұрылатын тұсынан бастап кейбіреулерінде оргстекло, кейбірінде көз тұсында көп тесігі бар үлкен қаңылтыр қалқан ұстаған солдаттар тұрған. Солардың арасындағы қазақ жігіттеріне деген ызамыз шексіз еді. Қазір ойлап қарасам, ол байғұстар да зорлықпен-ақ тұрған екен-ау. Кенет жап-жас бір қазақ солдаттың тістеніп, жылап тұрғанын көріп жүрегім өртеніп кетті. Көзін көлегейлеп, жүзін жасыруға тырысқанымен, бетін жуған жасы еркіне ба­ғын­бай сорғалап тұрды. Мен де жылап бара жаттым. Жел­тоқсанның бойында Сәтпаев көшесінен Абай даңғылы бағытында 32-ші автобус тоқтайтын аялдама болатын. Сол жерде топталып тұрған адамдарды байқап Сәрсен екеуміз соларға жақындадық. Таңертеңмен дүкенге шық­қан қарттар, авто­бус күтіп тұрған жолаушылар­дың басым көпшілігі орыс ұлты­нан. Орталарында ба­сында сұр папахы бар, үстіне шинель киген орыс офицері аузы тынбай сөйлеп жатыр. «Түнде бұл оңбаған қанішер калбиттер орыс детсадтарына кіріп, көптеген орыс балаларын өлтіріп тастапты» деген сө­зін анық естідік. Орыстар «Ужас!» деп жағаларын ұстап, шоқынып, қарғап-сілеп жатыр. Біз жақындап келгенде әлгі офицер тілін тістей қойды. Сәрсен орысшаға жақсы болатын. «Мынауыңыз қалай? Сіз офицер емессіз бе? Неге өтірік айтасыз?!» дей бергені сол еді аялдамадағылар Сәрсеннің өзіне дүрсе қоя берді. Түндегі шайқастан соң алаңға қарусыз баруға бол­майтынын біліп курткам­ның ішінен қарым мен білегіме қалыңдап қағаз орап алғам. Сосын сол кездерде дүкенге баратын тор сеткаға қағазға оралған жұдырықтай тас салып алған болатынмын. Әлгі офицер қашығырақта тұрған солдаттарға айқайлай бергенде әлгімен айналдырып тұрып ұрдым. Оң жақ шеке­сінен оңбай тиді. Сәрсенге қарауға шама жоқ, ұстамақ болғандарды итеріп-итеріп жіберіп алды-артыма қарамай қаштым. Соңымнан етіктері тарсылдап біразы қуып берді. Қазіргі ұлттық кітапхананың тұсында алдымнан қарсы шыққандарды көріп солға қарай қаштым. Абай даңғы­лынан аттап-бұттап өте шығып, Лермонтов театры­ның төменгі жағындағы жарқа­бақтан төменге зуылдап түсіп, сол кездегі «Пионер» дүкенінің жанындағы үлкен шыршаның түбіндегі оппа қарға сүңгіп кеттім. Адасып қалды ма, жоқ әлде жандарын салып қумады ма әлі күнге дейін түсінбеймін. Әйтеуір қолға түспей аман қалдым. Егерде сол сәтте қолдарына түссем оңдырмас еді. Өйткені әлгі офицерге тиген соққы менің өмірімді өшіруге толығымен жететін. Тіпті бұл туралы көп жылға дейін тіс жаруға қорықтым.
Мұхтар ағаның Останкино сара­йын­да өткен жыр кешін телевизордан көріп қатты жігерлендік. Жырына тамсана қол соғып жатқан мәскеулік көрермендердің Алматыдағы болып жатқан сұмдықты білмейтініне күйіндік. Соны барып Мұхтар ағаға айтқым келді. Кешке, үстінде қызыл тоны бар қаннен қаперсіз ыңыл­дап келе жатқан ағаны көріп таң қалдым. Бұлай жайба­рақат жүргеніңіз қалай аға? – десем, е не бопты? – дейді. Ойбай, өлтіріп ке­теді ғой! Өлтіріп көрсін… – дейді. Үйіне бардық. Остан­кино сарайында өткен кеші туралы айтты. Шығып бара жатқанымда қазақтың жас­тары, Аға-ау, Мұхтар аға-ау не болып жатыр Алматыда? – деп жылап тұрды. Не айтам оларға өзімнің де жүрегім пәнше-пәрше болып тұрса. Жоқ мұны бұлай қалдыруға болмайды! – деп күйініп отырды. Сол түні жаңа ғана туындап келе жатқан Жел­тоқсан туралы әнінің алғаш­қы орамдарын айтып берді.
Жұмысы көп адам ғой, ұмытып қалды ма екен, бірде Мұхтар Шаханов ағамыз «Сен Желтоқсанда қайда болдың?» деп сұрады. Амал жоқ көп жыл жасырулы жатқан сырды айтуға тура келді. «Ойбай-ау, мынауың үп-үлкен оқиға ғой. Сен мұны айтуың керек, желтоқсанның ақиқаты осындай оқиғалардан тұрады емес пе? Мұның жарамайды!» деп кәдімгідей ренжіді.

Байғали ЕСЕНӘЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Жауап қалдыру