Сұңғыла зерек Бопай ханымға арналған конференция

0
261

 

Жақында Құлсары қаласында Кіші жүз ханы Әбілхайырдың жары Бопай ханымның өмірі және қоғамдық-саяси қызметі тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға Атырау, Астана, Ақтөбе қаласынан, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушылар, ақын-жазушылар, еліміздің зиялы қауым өкілдері қатысты. Аталған шараны «Адырна» республикалық қоғамдық-саяси журналының редакторы, белгілі ақын Мейірхан Ақдәулет жүргізді.      – Біз бүгін бір үлкен шараға келіп отырмыз. Бопай апамыздың рухын ұлықтап, жоғын іздеп, тарихындағы орнын, көптеген маңызды мәселелерді түбегейлі көтеріп жүрген Ислам аға Мырзабекұлы мен Игілік Балсайұлының еңбегі ұшан-теңіз. Олар Бопай ханымның Ресейдегі полигонның ортасында жатқан зиратының топырағын әкеліп, Жылыой ауданындағы Бақашы қауымына жерледі. Негізгі мақсат Бопай ханымның сүйегін, егер болашақта мүмкіншілігі болса ата мекенге әкеліп жерлеу, зерттеу, еңбегі мен саясаттағы қызметін халыққа жеткізу. Жуырда алғашқы рәсімдері жасалды. – деді Мейірхан Ақдәулет өз сөзінде.                                                                            Шарада  Жылыой әкімінің орынбасары Нұрадин Өмірбаев алғашқы кіріспе сөзінде: «Рухани жаңғыру бағдарламасымен ата-баба салтына бір сәт үңіліп, оның терең тәрбиелік тарихи мәнін келер ұрпаққа жеткізуге арналған конференцияға қош келдіңдер» деп жүрекжарды тілегін жеткізді. «Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақтың ұлы ханы Әбілхайырдың адал серігі, зерделі саясаткер ұлы апамыз Сүйіндікқызы Бопай ханымды еске алып, оның өмір жолы мен саяси қызметіне ғылыми-практикалық конференция өткізу ұлттық құндылықтарды насихаттаудың ең негізгі қадамдарының бірі деп бағалаймын. Төл тарихымызда бұқаралық сананы өзгертудің, бүгінгі заман болмысына барынша сай келеді», –  деп, сөзін жалғастырды.                                                                                          Сонымен қатар, Атырау-инженерлік гуманитарлық институтының  саяси-ғылым докторы, профессор Киікбай Жаулин «Бопай ханымның XVIII ғасырда атқарған қоғамдық-саяси қызметі мен ролі» тақырыбында, Халел Досмұхамбет атындағы Атырау университеті тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар «Бопай ханымға қатысты Ресей мұрағатындағы деректер» тақырыбында, Халел Досмұхамбет атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы  Аққали Ахмет «Әбілхайыр-Бопайдан тараған даңқты немере-шөберелер» тақырыбында, Халел Досмұхамбет атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ұлжан Ахмет «Әбілхайыр-Бопай әулетінен тараған атақты ханымдар» тақырыбында, Ақтөбе қаласы Ахмет Жұбанов атындағы  университетінің проректоры, филолог Мұқтар Миров «Бопай ханым бейнесінің көркем әдебиетте кестеленуі» тақырыбында өте тартымды да, маңызды, аса құнды баяндамалар оқыды. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Б. Таубаев «Кең Жылыойдағы қасиетті жерлер» туралы әңгімеледі.                                                                Қазақтың белгілі ақыны, маңғыстаулық Светқали Нұржан өз сөзінде:                        «Кіші жүз ханы Әбілхайырдың сүйікті жары Бопай апамыз, оның кәрі бабасы Жайықұлы Әлмембет өзінің балаларына «Табынайым көк найзалы ер болар, Зорбайым үй іргесі мал көңіне айналған бай болар, Шоңайым алдына ел үйірілген би болар, үшеуінің ортасында Баубегімнің көңілі жай болар» деп айтқаны дәл келген. Қазақтың қазыналы алтын сарайы, жазушы Әнес Сарайдың  мәліметі бойынша 1627 жылы Еңсегей бойлы ер Есім хан Алтай тауында башқұрттарға қарсы соғыс ашқанда, соған Әлмембеттің баласы көк найзалы Табынай жүз мың қазақтың қолын бастап барған. Десе де осы шайқаста Табынай қашқан башқұрттарды қуып жүріп қаза табады. Бопай ханым Табынайдың баласы Сүйіндіктің қызы. Табынайдың ұрпақтарының бәрі батыр десек,  соның бірі, алтынның сынығындай  қазақтың ірі тұлғасы, актер Нұрмұхан Жантөрин. Бопай ханым өте тілді болған. Әбілхайыр ханның «Қайсы баланы таққа мұрагер етуге лайық болады» деп  сұраған кеңесіне, Бопайдың «Нұралыны хан қойсаң, ат үстінен сиерсің, Ералыны хан қойсаң, мауыт шапан киерсің, Айшуақты хан қойсаң дұшпанға күнде тиерсің» деген бағасы айна-қатесіз келді. Әбілхайыр ханның қазасынан кейін Орынбор губернаторы  И. Неплюевке жазған хатында «Лаулаған өртті су сөндірер, бірақ біздің қайғымыз судың өзін өртеп жіберер» деген Бопай ханымның сөзінің өзі қандай мәнді тіркес десеңізші. Оның сөздері құрсағынан қызбаланып, аузынан жалындап тұратынын көптеген  мұрағаттардан да көруге болады» – деді қазақтың дарынды ақыны, қоғам қайраткері.                                                        Бопай ханымның ел басқару ісіне араласқанын, елін қалмақтар мен жау шапқыншылықтарынан құтқарғанын, Әбілхайыр әулетінің беделі мен абыройын көтере отырып, орынсыз әрекеттерге бармаған сұңғыла зеректігі жөнінде әңгімеледі. Светқали Нұржан өзінің қауырсын қаламынан шыққан Кіші жүз Әбілхайыр хан мен Бопай ханымның рухына арнаған «Хан кегі» поэмасынан үзінді оқыды.                            Шара барысында Бопай ханым туралы көп ізденіп, еңбектеніп жүрген Ислам Мырзабекұлы: «Жақында Жылыой өңіріндегі Бақашы қауымына арнайы Құлыптас орнаттық, онда «Қазақ халқының ұлы ханы Әбілхайырдың жары, ұлы аналардың бірі, аса көрнекті тарихи тұлға, әйгілі қоғам қайраткері, Адай-Тобыш-Табынай Сүйіндікқызы Бопай ханымның осы жерде топырағы қойылған» деп жазылған» – деп атап өтті.    Келешекте Бақашы қауымда топырағы жерленген Бопай ханымға кесене салу, бұрын-соңды жарық көрген еңбектерді жинақтап кітап шығару, Бопай ханым жөнінде фильм түсіру, облыс орталықтарынан даңғыл көше, мектеп, неке сарайға Бопай ханым есімін беру, Бопай ханым жүрген жерлерге ескерткіш орнату және басқа да көптеген шараларды жүзеге асыру көзделуде.

Маусымжан ДИХАНБАЕВА,

Маңғыстау облысы

 

 

Жауап қалдыру