РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ АЙЫ – РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

0
64

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!
Баршамызды қасиетті рама­зан айына аман-есен жеткіз­ген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді күллі мұсыл­ман қауымы асыға күт­кен мү­бәрак рамазан айының келуімен құттықтаймын!
Рамазан – он екі айдың сұл­таны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам ба­ласы көбірек жақсылық жа­сап, ізгі амалдарды атқаруға ты­рысады. Ора­за пендені та­қуалыққа тәрбиелейді.
Рамазан – Алланың мейірімі тө­гіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сы­йы әрі нығметі.
Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қай­тарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті, ауыз бе­кі­ту­шіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пай­ғам­бар­лар мен періш­телерге де бел­гі­сіз.
Құдси хадисте Алла Таға­ла: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.
Шарапаты мен шапағаты мол айда сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жарату­шының разылығына бөленуге асығайық, ағайын! Өйткені, мұсыл­манның осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшы­лық­тары, жасаған қайырым­ды­лығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады. Оразаны рухани тұрғыдан сезінген жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні сон­дықтан.
Ораза – күндіз ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Рамазан – рухтың азығы, тәннің шипасы. Ораза жан мен тәнді рухани тазартатын үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жа­саған кейбір оғаш іс-әрекет­терін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.
Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұс­тауға шамасы жетпеген адам­дар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхам­мед (оған Алланың сала­­уаты мен сәлемі бол­сын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құр­ма, тіпті бір ұрттам су­мен болса да қамқорлық жаса­ғанға сауап жазады…» – деген.
 Қадірлі жамағат!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында халқымызды ұлттық құн­ды­лықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, жаңашыл ойлап, қоғам үшін игі іс жасауға, өн-бойымыздағы рухани құн­дылықты жаңғыртуға үндеді. Елімізді рухани жаң­ғыруға бастаған мақала жұртымызға пара­сатты ой, пайымды пікір тастады. Ал рамазан – рухани жаңғыруымызға септігін ти­гізіп, иманымызды күшейтуге мүмкіндік туғызатын қадірі мен қасиеті мол ай.
Ендеше, рақым айы – рама­зан құтты болсын! Ұста­ған оразамыз, жасаған дұға-тілек­теріміз, құлшылық-ғиба­дат­та­рымыз, әрбір қайырлы амал­дарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға аман­дық, жұмысымызға береке-бірлік нә­сіп еткей!
Тәуелсіздігіміз баянды, елі­міз аман, жұртымыз тыныш бол­ғай! Жаратушы Иеміз бар­ша­мызды оразадан оразаға де­йін айдан аман, жылдан есен жақсы­лықпен жеткізе берсін деп тілеймін! Әумин!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

Жауап қалдыру