Ұрпақ саулығы – ұлт байлығы

0
337

Ана мен бала денсаулығы медицина саласының ең өзекті әрі көкейкесті мәселесі. Халқымыздың баянды болашағы, мемлекетіміздің ертеңгі жарқын күні мен дамуы бұл ана мен бала денсаулығының қандай болмағына тікелей байланысты. Осы орайда біз Алматы қалалық №2 Перзентхана үйінің жоғарғы санатты бас дәрігері, акушер гинеколог Гүлнара Нұрлановамен кездесіп, аз-кем әңгімелескен едік.
–  Бұл жүгі ауыр, жауапкер­шілігі мол салаға қалай кел­діңіз?
– Дәрігер болуға расымен де көп адамның батылы жетпейтіні рас. Медицина – жауаптылықты талап ететін мамандық. Мұнда адам тағдыры тұрғандықтан еш қателесуге болмайды. Бұл ретте медицина қызметкерлеріне үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Ал енді нәрестенің дүниеге келуі бұл өте ұқыптылық пен тәжірибені, білімді қажет етеді. Себебі, ұрпақ саулығы – ұлт байлығы болғандықтан бұл мәселе өмірдің өзекті мә­се­­лесі. Мен бала кезімнен дәрі­­гер­лікке қатты қызыққан жанмын. Сондықтан  өсе келе Тал­дықорған медициналық учи­лищесіне оқуға түсіп, үздік баға­мен бітірдім. Нәтижесінде Алма­ты медициналық инс-титутына жолдама алып бі-лімім­ді сонда жалғастырдым. Бұл салада еңбек етіп келе жатқаныма 25 жылдан астам уақыт болды. Бұған дейін  №3 және №4 қалалық перзентханаларда дәрігерліктен бастап, бөлім меңгерушісіне дейінгі әртүрлі дәрежелерде еңбек етіп кәсіби шыңдалдым десем болады.
– Көп жағдайда болашақ аналардың дер кезінде дәрігер тіркеуіне тұруға құлшыныс таныта бермеуінің себебі не?
– Иә,  есепке тұрмаған аналар кездесіп жатады, қазірдің өзінде бір айда жүзге жуық есепке тұрмаған жүкті келіншектер бар. Көбі жас аналар. Оларға барлық ақпарат құралдарының қолжетімділігіне қарамастан сондай әрекетке барады. Дегенмен, қаладағы бір мәселе олардың жалдамалы пәтерден-пәтерге көшіп қонуында. Меди­циналық тіркеуге тұрмайтын әйелдер солардың ішінде жиі кездеседі. Тағы бір себеп, жас аналардың жұмыс­бастылығы, тіршілік қамы.
Ал кейбірлерінде бірнеше бала бар, әлеуметтік жағдайы төмен болғандықтан келуге жағдайы жоқ. Ондай аналарды есепке алып, ақысыз көмек көрсеткен кездеріміз де болды. Халық арасында тараған және бір себеп, жүкті әйелдердер халықтық емшілерге, тәуіптерге барып жатады. Бұл өте теріс түсінік, көп жағдайда осы халық емшісіне қаралып жүріп сырқатын асқындырып алып, бізге келеді. Ондай жағдай­ларда барлық көмек жасалға­­нымен, оң нәтиже бере бер­мейді. Нәтижесінде бар­лық кінә дәрігер мойнына арты­лып жатады. Сондықтан бізге әкімдік тарапынан қол-дау бо­лып, салық төлеуші жал­да­малы пәтер иелері үйін жал­да­­ған­дар туралы ақпарат беріп отыруын жолға қойсақ атал­ған кедер­гілердің алдын алу оңай болар еді. Өйтпесе әр үйдің есігін қағып медициналық ба­қы­лауға алу мүмкін емес.
– Жиілеп кеткен жасөс-пірім қыздар арасындағы жүк­тілікке тоқталсаңыз…
– Өкінішке орай қазір мұндай жағдайлар өте жиі кездесіп отыр. Мұның басты се­бебін, отбасылық тәрбие мен қада­ғалаудан деп білем. Қазір барлығымыз жұмысбасты бол-ып бала тәрбиесіне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмейміз. Жасө­сі­пірім қыздар жүктілігі тура­лы айтар болсақ, мұндай жағдай бізде тіркелген жоқ. Бірақ біз мектептерде және жасөс­пірімдер арасында жы­ныс­тық қатынас, ерте бала көтеріп, туудың немесе жүкті­лікті үзудің жағдайы туралы аку­шерлік-терапевтік, педиат­риялық әңгіме-кеңес өткізіп, бірлесе жұмыс істейміз.
Жұмыс істеу жоспары бар, жоспар бойынша аймақтық акушер-гинеколог, аймақтық тера­певт және аймақтық педиатр айына бір рет жаңа­ғы мек­тептердің талап етуі бо­йын­ша жасөспірім қыз­дар­дың арасында ерте жыныстық қатынас және оның зияны туралы әңгіме-жиын өрбітеді. Сонымен бірге жоғары оқу орындарында өздерінің мейірбикелері бар, сол мейірбикелермен біздер тығыз байланыстамыз. ЖОО, кол­леждерде қыз балалар тұр­мысқа шығып жатқан жағ­дайда немесе бала көтерген болса, оларды арнайы шақырып, жанұя жоспарлау кабинетінде кезде­семіз. Міне, осылай әрі сабақ өткізіп, әрі қадағалап тұрамыз.
– Жүктіліктің бастан-аяқ сәтті аяқталуы үшін әйел не істеуі керек?
– Ең алдымен жоғарыда айтқанымыздай тұрғылықты жеріндегі емханаға барып тір­кел­гені жөн. Ол жерлерде жүкті әйелге медициналық көмек көрсетіледі. Яғни оны біз антенатальды күтім деп атаймыз. Іштегі баланың күтімі деген сөз. Ол күтімді қалай жасайды? Әйел есепке тұра сала, барлық жүкті әйел тапсыруы керек міндетті анализдерді уақытылы тапсырады. Көбінесе жүкті әйелдерде кездесетін жүктілік анемиясының не-месе экстрагенитальды ауруларының қай деңгейі екенін анықталып, уақытылы дер кезінде ем беріледі. Өзіне керекті маман­дардың кеңесін алады.
Одан кейін гинекологтар жүкті әйелді босануға дай-ындау бөлмесі арқылы кеңес беріп жұмыс істейді. Жүктілік кезін­дегі әйелдің гигиенасы қалай болуы керек, қалай тамақ­тануы керек, қай уақытта тынығып демалуы керек, қай тексерілулерді қай уақытта өткізуі керек, одан кейін бо­сануға қалай дайындалуы керек, болашақ аналарға толғақ деген не, ондайда өзін қалай ұстауы керек, ауырсынуды басу үшін қандай жаттығулар жасауы керек,  соның бәрін үйретеміз. Міне, осылар ең басты ана күтімі деп есептелінеді.

Сұқбаттасқан
Жүсіп ЖҰБАТОВ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру