Прайм-таймдағы ұлттық фильмдер саны артады

0
21

Прайм-таймда ұлттық фильм­дер көрсетілсе, кино­өндірушілер мен кинотетрлар салықтық жеңілдіктер алады. Бұл туралы ҚР Парламент Сенатында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
– Қазақстан аумағына енген фильмдер қазақ тіліне дубляждалуы тиіс. Бұл норма осыған дейін декларативті сипатқа ие болып, тиісті деңгейде жұмыс істемеді. Енді бұл заңнама орындалуы үшін Кинематография туралы жаңа заң жобасында ел аумағына кірген фильмді қазақ тіліне аудару тұрғысында дубляждау, не субтитрлеу, не фильмдерге кадрдан тыс аударма жасау ескерілген. Яғни, бұл Қазақстан аумағына жеткізілген фильмдердің барлығы қазақша нұсқасымен болуы үшін жасалып отыр, – деді вице-министр комитеттің отырысынан кейін тілшілерге жауап бере отырып.
Оның сөзіне қарағанда, осы заң жобасы бойынша прайм-таймда қазақ тіліндегі фильмдердің көрсетілуін ын­таландыруға қатысты норма енгізілген. Бұл ретте са­лықтық жеңілдіктер қам­тылып отыр.
– Заң жобасы салық жеңі­л­діктерін қарастырады. Атап айтқанда, фильмдер өн­ді­рісі кезінде инвестор үшін киноөн­діруші компанияларды қосымша құн салығынан босату ұсынылды. Сондай-ақ фильм­дердің құқық иеленуші­лерін және прокаттау кинокомпанияларын, яғни ұлттық фильмдерді прокаттау кезінде кинотеатрларды корпоративтік табыс салығынан босату көзделіп отыр. Біз мұндай норма шетелдік картиналардың алдында олардың (ұлттық фильмдердің) кепілді артық­шылығын қамтамасыз етеді деп ойлаймыз, – деді Ақтоты Райымқұлова.

Руслан ҒАББАСОВ

Жауап қалдыру