Парықсыз ұйғарымнан – пайымды шешімге

0
20

Парламент Мәжілісінің 14-қазанда өткен жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Енді құжат Парламент Сенатына жолданады.
Айта кетейік, құжатта этни­калық қазақтарды тарихи отанына оралуын ынталандыру мақсатында заң жобасымен олардың қоныстану өңіріне қара­мастан оралман мәртебесін алу, шетелдік азаматтарға қара­ғанда төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндігі беріледі. Бұл ретте Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда орал­мандарға жағдайлар жасалады. Мәселен, жұмыспен қамту бойынша шаралар шеңберіндегі этникалық қазақтар үшін көлік шығындарын өтейтін, қыз­мет­тік баспана немесе жатақ­ханадан бөлме беруді құ­рай­тын әлеуметтік пакеттер қам­тылмақ. Бұндай әлеуметтік кө­мектер еліміздің бір өңірінен Үкімет айқындаған екінші өңі­ріне қоныстанған оралман­дар үшін де беріледі. Ал алғашқы қоныстанған, яғни Үкімет айқындаған өңірінен бес жыл мерзімінен бұрын өз бетінше көшіп-қонып, қоныс аударып кеткендер, Қазақстан Республикасының азаматтығын алудан бас тартқандар өздері алған мемлекеттік қолдауларды қайтаратын болады. Сонымен қатар, оралмандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру мерзімін тұрақты тұру ықтиярхатын алғаннан кейін бір жыл ішінде шешу көзделеді.
«Заң жобасында бүгінгі кү­ні шет елдердегі қандас­тарымыздың Қазақстан азамат­тығын алуда туындап отырған бірқатар мәселелері шешімін тапты. Атап айтқанда, ендігі жерде этникалық қазақтар қоныстанған өңіріне қарамастан оралман мәртебесін ала алады. Сондай-ақ, олар Қазақстанның азаматтығын тұрғылықты тұ­руға рұқсатты алғаннан кейін бір жыл мерзімінде, өтініш берген күнінен бастап үш ай ішінде жеңілдетілген тәртіппен ала алатын болды. Бұрынғы заң бойынша олар Қазақстан азаматтығын алу үшін елімізде төрт жыл тұрақты тұруға міндетті еді», – деп түсіндірді Мәжіліс депутаты Гүлнәр Сейтмағанбетова. Сөйтіп көші-қон туралы заңның оралмандарға қатысты кейбір парықсыз баптарына түзетулер енгізілді.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру