Отбасы ұйытқысы – ұлттық құндылықтар

0
257

«Шаңырағың шайқалмасын!» Әр отбасы құрыларда айтылатын осы бір тілектің өзектілігі бүгінде арта түскен. Статистикаға көз жүгіртсек, Қазақстанда соңғы жылдары құрылған әрбір үшінші отбасы ажырасады екен. Және де жұбы жараспаған жанұялар саны қатарынан жетінші жыл көбейіп келеді. Қабырғаны қайыстыратыны «пәленшенің ұлы ажырасып кетіпті», «түгеншенің қызы байдан қайтып келіпті» дегенді жиі еститініміз соншалық, оған етіміз үйреніп, көңіл аудармайтын болып барамыз. Қоғамдық дертке айналған түйіткілдің төркініне үңілсең санаң сан саққа жүгіреді.
Ұлттық экономика министр­лігі статистика комитетінің мәлі­ме­тінше, 2016 жылы Қазақстанда 140 840 неке тіркеліп, 51 775 отбасы ажырасқан. Ал 2013 жы­лы қиылған 100 некенің 34-і баян­сыз аяқталып, 2007 жылдан бергі рекордтық деңгейді көр­сетті. Ұлыбританиялық The Economist журналының дәстүрлі «Әлем статистикасы – 2015» жи­на­ғын­да Қазақстан жолдары екіге айырылған отбасылар саны жөні­нен әлемде ондыққа енгені жазыл­ған. Осыдан-ақ жағдайдың күрт нашар­лағанын  аңғару қиын емес.
Ажырасуға соқтырып жатқан жағдайлар көп. Алайда тағдырлас отбасылардың ажырасу себептері бір мәселеде тоғысатындай. Ол – отбасы құндылығының әлсіреуі. Асыл дінімізде айтылған «адамға өзі көтере алмайтын қиындық берілмейді» дегенді еске алсақ, жас жұбайларды жат қылған жағ­дайдың шешімінің табылмауы мүм­кін емес сияқты көрінеді.
Жолдары екіге айырылған жас­­тар­дың бүгінде айтатын көп уәж­дерінің бірі – тұрмыс тауқы­меті. Тұрақты жұмыстың жоқ­ты­ғы, мардымсыз жалақының ішіп-жемнен артылмай, соның сал­дарынан туындайтын жетіспеу­шілік енді ғана жұптасқан жас­тардың арасында жиі жанжал тудырады. Баспаналы болу тіптен орындалмас армандай. Осы бастапқы қиындықтарға шыдамай, отбасылық өмірдің алғашқы 5 жылында көп жанұялардың жақ­қан оты маздамай, сөніп тынады. Алайда бұл жаппай ажы­расуға соқтыратындай, соңғы он­жыл­дықта я соңғы ғасырда пай­да болған проблема ма? Әлде халқымыз бұған дейін тек қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заманда, тоқшылық пен молшылықта ғана ғұмыр ке­шіп келді ме? Олай емес. Хал­қымыз кедейшілікте де, тар­шыл­ықта да, ашаршылықта да жұбын жазбай, ұрпағын өрбітіп, баянды өмір сүрген. «Бұдан да жаман күнде тойға барғанбыз» демекші, талай қиын-қыстау кезде де «ажырасыпты» деген болмаған. Бір-біріне қорған болып, әйелі ерінің тапқанын ұқсатып, балаларын өсіріп, жеткізген. Тіптен қиындық қамыт болып киілсе де, соған мойынсұнып, шүкіршілігін айтып, отыра берген. Сондықтан жоқшылық айрандай ұйыған отбасын талқандаудың себебі болмауы тиіс.
Үйленушілер тым жас, от­басы­лық өмірге моральдық-пси­холо­гиялық тұрғыдан дайын бол­мағандықтан, жастық жалын басылып, алғашқы қиындықтар тап келгенде көзқарастары үйлес­пей, ажырасып тынады. Бұл пікір­ді де жиі құлақ шалады. Әсілі бұған жастардың ортақ мүдделерінің болуы, таным-түсініктеріндегі ұқ­састық пен айырмашылық та өзіндік әсерін тигізсе керек. Бас­тапқы эйфория сезімі өткеннен кейін бетпердесіз бейне ашыла бастап, кездескен мәселелерді шешуде мақсат-мүдделердегі қабыс­паушылықтар, қиындықтарды қабыл­дау, оған төзе білуге бейім­ділік өзіндік маңызға ие болады. Сон­дықтан некелесуші жастар­дың түсініктері жақын, армандары­ның ұқсас, шаңырақ отын өшірмеуге талпыныс­тары­ның болуы құба-құп. Бұның кейбір кереғарлықта бір-бірінің пікіріне құлақ асып, санасып, отбасын сақтауға көмегі молынан болары кәдік.
Алайда таңдаған жанның «таз» болып шықпасына, оның өмір­лік көзқарасы мен ұстанымы сені­кімен тонның ішкі буындай үй­лесімді боларына қандай кепіл­дік бар. Кейде адамды танып, білуге ғұмыр да жетпеуі мүмкін ғой. Танып, таңдағаным деп тауы шағылып жатқандар қаншама? Осындайда кезінде «он үште отау иесі» болғандар қайтты екен дейсің. Олар да шыбықтай жас, сана­сы толыспастан жұптаспап па еді? Тіптен көбі үйленерде ғана танысты. Бертінге дейін көбіміздің әкелеріміз бір-екі сөйлескен, бол­маса ауылға қонаққа келген қыз­дардың басына орамал салып, алып қалып отырды ғой. Солар­дың басым көпшілігі үлгілі жанұя құрмап па еді. Асылында жас отасқандар бір-бірінің мінезіне тез үйренісіп, тату-тәтті тұр­мыс кешіп жатпаушы ма еді. Ойланарлық-ақ жайт.
Әлеуметтанушыларды айтуынша бүгінге жастар ер мен әйелдің мінсіз қарым-қатынасы, болмаса мінсіз күйеудің, мінсіз әйелдің образын жасап алған. Сәйкесінше серігіне жоғары талаптар қойып, ойдағыдай болмай қалса, сезімі суып, көңілі қалады.
Отбасы институтына деген көз­қарастың түбегейлі өзгергенін ғалымдар да ұдайы айтып жүр. «Қазақстандықтар некелескенде қандайда бір міндеттемелерді өз­деріне жүктейтіндіктері туралы ой­ланбайтын болған» дейді олар. Бүгінгі жастар өз бақытын отбасынан іздеуге селқос қарайтын болыпты. «Алғашқы некеде жол болмаса, екіншісінде сәті түсер» деген көзқарас белең алған кө­рінеді.
Отбасының құндылық ретінде әлсіреуіне әсер етуші факторлар көп. Соның ең ықпалдысы – ақпарат айдынымен біртіндеп сана­мызға сіңіп жатқан батыстық өмір салты. Бір ғана шетелдік телехикаялар арқылы  көрсетіліп жатқан, әйелдің бақытын басқа еркектен іздеуі, оңай ажыраса салуы, күйеуіне дауыс көтере сөйлеуі бұның бәрі дәстүрлі отба­сылық түсінікті бұзып жарып, санаға өздерінің өмірлік нормаларын таңуда. Әсіресе ресейлік фильмдерде еркек бейнесі ез, күшік күйеу, әйелін тыңдата алмайтын етіп бейнеленетінін жиі байқаймыз. Бұл көріністерді отан­дық кинотуындылар мен әзіл-сықақ театрлары да аз «наси­хаттап» жүрген жоқ. Еркектің бейнесі солғын тартқанда, ол бірін­ші кезекте отбасылық қа­рым-қатынасқа салқынын тигізе­ді.
Әлеуметттанушы Айгүл Забированың айтуынша, қазақ­с­тан­дықтардың ауылдан қалаға үдере көшуімен қатар, ажы­ра­сушылардың саны да өсе түс­кен. Қаланың қауырт тіршілі­гімен бірге ер мен әйелдің әлеуметтік статусы өзгерген. Әйелдер не­ғұрлым білімді болған сайын олардың алдына көптеген мүм­кіндіктер ашылып, ендігәрі олар отбасылық кикілжіңдерге төзіп, шыдап жүрмей, тәуелсіз болуды қалайтын көрінеді.
Жұптасушылардың туған-туыс­­тарының жастардың өмі­ріне ара­ласуы, отбасыдағы зор­лық-зомбылық, ішімдікке құ­мар­­­лық, орынсыз қыз­ғаныш сын­ды себептер ажыра­су­­шы­лар­дың артуында айтар­лық­тай үлеске ие. Алайда бұлар ұлт­тық отбасылық құнды­лық­тар­­ды қалпына келтіргенде өзді­гі­нен жолын таба кететін жайттар.
Демократиялық құндылық­тар қоғамды оң жолға бағыт­таға­нымен, отбасылық қарым-қатынаста олар араша бола ал­майды екен. Қазақы отбасы дәс­түр мен шариғат заңдарынан сусындап, сол жолды ұстанғанда ғана берік болмақ. Сондықтан отбасы ұйытқысы – ұлттық құндылықтар болып қала бермек.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«Президент және Халық».

Жауап қалдыру