Оңалту орталығының оңды істері

0
60

Ағымдағы жылдың 25-26 көкек күндері «Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-тәжірибелік орталығы» басшылығы, атап айтар болсақ, Орталықтың Бас директоры Талғат Нұғұманов және орынбасары Салтанат Смайлова Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында өткен «Оңалту технологиялары: ғылым және тәжірибе» атты халықаралық ғылыми конференцияға қатысты. Бағдарламаға сәйкес олар ғылыми шараға қатысып, балаларды және ересектерді оңалту саласында қазіргі заманғы технологияларды ендіру, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді орта қалыптастыру, протездеу және протез жасау саласына заманауи технологияларды енгізу, оңалту мекемелерінің жүйесін дамытып, қызметін жетілдіру аясында өзекті баяндамаларды тыңдады.

Технологияларды жетілдіру арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың күнделікті тұрмысын қолайлы етуге, оңалту бағытындағы жұмыстарды дамытудың өзекті проблемаларын шешуді алға қойған конференцияда Ресей Федерациясы Еңбек және әлеуметтік қорғау Министрлігінің ресми өкілдері, Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымының жергілікті өкілеттіктері, РФ-ның түкпір-түкпірінде орналасқан оңалту орталықтарының директорлары, мамандары және ғылыми қызметкерлері болды.

Аталмыш конференция аясындағы тағы бір маңызды жаңалық, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің «Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-тәжірибелік орталығы» ШЖҚ РМК Бас директоры Т.Нұғұманов және Ресей Федерациясы  Еңбек және әлеуметтік қорғау Министрлігінің «Г.А. Альбрехт атындағы мүгедектерді оңалту федералды ғылыми орталығы» Бас директоры Г.Пономаренко мекемелер арасындағы ынтымақтастық жайындағы Меморандумға қол қоюлары.

Бұл меморандум мәтіні бойынша протездеу және протез жасау саласына заманауи технологияларды біріге зерттеу, мекемелердің өкілдіктері арасындағы біліктілік алмасу, екіжақты кездесулерді ұйымдастыру, оның ішінде, протездік-ортопедиялық көмек беру және мұқтаж азаматтардың есту-сөйлеу қабілеттерін дамыту төңірегіндегі көкейтесті тақырыптар бойынша конференция, семинар, көрме ұйымдастыру сынды түрлі форматтағы шаралар кіреді. Бұл өз кезегінде, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, әлеуметтік саладағы ынтымақтастықты нығайтуға қосымша фактор болуы тиіс.

                                                                                                             «ӘОД ҒПО»                                                                                                      Баспасөз қызметі

Жауап қалдыру