Өнер колледжінің есігі ашық

0
89

Күні кеше ғана түлектер алтын ұя мектеп қабырғасынан қияға қанат қақты. Олардың бірі бірден еңбек көшіне араласса, ал басым көпшілігі өздері таңдаған мамандықтар бойынша университеттер мен колледждерге құжат тапсырып, бақ сынамақ.
Ендеше, «іске сәт!» деп Алматыдағы Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі де өзге оқу орындары сияқты талапкерлердің талабына орай ашық есік күнін өткізді.
Ашық есік күні талапкер өрендер оқу ордамыздың сонау 1965 жылдардан берік қалыптасып үлгерген ішкі жай-күйімен жіті танысып және ойда жүрген түрлі сауал-сұрақтарына әрбір оқу бөлімдерінің маман оқытушыларынан мардымды жауап та ала білді. Мәселен, алғашқы Республикалық эстрада-цирк студиясының (Ж.Елебеков атындағы кол­ледждің), Қазақ цир­кінің, «Гүлдер» ан­самблінің іргетасын қа­лаған Халық әртісі Гүл­жиһан Ғалиқызы екендігін біліп, ол кісінің азаматтық қайраткерлігіне тәнті болысты.
Негізінен Ж. Елебеко­в атындағы эстрада-цирк колледжі «Жеке ән салу», «Халық әні және аспап­тар», «Актер өнері», «Цирк өнері», «Хореграфия», «Эстрадалық вокал», «Эстрадалық аспаптар», «Музыка теориясы» бөлім­деріне өнерпаздық қабі­лет-қарымы мол жас­тарды қабылдап, олардың таланттық қыр­ларын одан әрі шыңдай түсетін бірден-бір оқу орны. Сондықтан да талапкерлер саны жылдан-жылға артып келеді. Әрине, ең бастысы болашақ студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету екі-үш жылдың аумағында жақ­сы жолға қойылған. Биыл үкімет тарапынан оқу гранттары қатары кө­бірек бөлінгендігін, барлық оқу кабинеттері зама­науи тех­нологиялық құрал-жаб­дық­тармен қам­тама­сыз етіл­гендігімен, 9-сыныптан кейін оқуға түскен жеткіншектерге мектеп бағдар­ламасындағы та­рих, қазақ әдебиеті мен тілі, шет тілдері т.б. пән сабақтары то­лық оқытылатынымен құ­лағдар етпекпіз.
Елу жылдан аса тарихы бар бүгінгі оқу ордамыз­да Халық әртісі Ғ.Есімов, Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайрат­керлері Р.Хад­жиева, И.Әбіл­мә­жі­нов, Г.Белжанова, Е.Әбі­шов, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген әртісі Р.Стам­ғазиев, Қазақ­станның мә­де­ниет қай­раткерлері М.Омар­­бекова, Н.Бай­гөзов­тер өнердің әртүрлі сала­сынан студенттерге дәріс беретіндігін һәм студенттердің театр, концерт залдары сахналарында, цирк аренасында тікелей, жиі-жиі іс-тәжірибе алмасу сынақтарынан өтіп тұратындығын баса айтқан жөн.
Ең асылы, колледж қабыр­ғасында студент жастардың рес­пуб­лика­лық, әлемдік өнер бай­қауларына қатысуына министрлік пен ішкі әкімшілік тарапынан мол мүмкіндік беріліп тұрады.
Сөз соңында айтарымыз, өнер өресінен өнеге аламын дейтін талапты жастарға Ж.Елебеков атындағы өнер колледжінің есігі әрқашанда ашық.

Ерғазы АЛДАНАЗАРОВ,
Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі
директоры міндетін атқарушы
Ақмарал ДЕМЕШОВА,
оқу ісі және кәсіптік білім беру жөніндегі орынбасары

Жауап қалдыру