Өндіріс орындарының қарқыны қуантады

0
73

Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев облыс орталығында орналасқан бірқатар өндіріс орындарын аралап, жұмыс барысымен танысты, – деп хабарлайды taldykorgan-online.kz.
Шаһар басшысы алдыме­н Өте­­най ауылдық округіне қарасты қоқыс өңдеу полигонынына барды. Ондағы «ADAL DAMU CAPITAL» ЖШС дирек­торы Ерлан Дүйсебаев қатты қоқыстарды сұрыптау жұмы­с­ымен таныстырып өтті. Айтуын­ша, зауыт күніне 200, ал, жылына 16 мың тоннадан астам қоқыс өңдеп, одан тиісті өнімдер шығарады.
– Біз күніне 80 тонна қоқыс қабылдаймыз. Оның 60 тоннаға жуығы тұрмыстық қалдық­тар. Қалғаны күл-қоқыс және құ­рылыс материалдары. Қо­сым­ша жаз мезгілі кезінде ке­сіл­ген ағаштар келеді, – дейді ме­ке­ме басшысы Е.Дүйсебаев.

Қазір зауыт 80 тонна қал­дықтың 10 пайзын ғана қайта өңдеуден өткізіп отыр. Айтуларынша, қазір қоқыстың барлығы араласып келгендіктен, оны сұрыптау қиынға соғуда. Әрі көбісінің (қағаз, қатты картон секілді материалдар) сапасы нашарлап кетеді екен. Егер алдағы уақытта қоқысты сипатына қарай жеке жинау тәсілі енгізілсе, қалдықтарды қайта өңдеуді 20-25 пайызға өсіруге болады.
Осы тұста Ерлан Дүйсебаев қоқысты сұрыптап жинау үшін тұрғындарға арнайы жасыл, көк және қара түсті пакеттерді тегін үлестіру жағын жоспарлап отырғандықтарын айтып қалды. Яғни, қара, көк пакеттерге тамақ қалдықтары салынса, жасыл пакетке қайта өңдеуді қажет ететін тұрмыстық заттар жиналуы керек. Өз кезегінде Дастан Тұрарбекұлы мекеме басшысын қолдап, бұл түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу керектігін айтты.

Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, бүгінде Талдықорғанда қоқыс жинауға 240 арнайы контейнер орнатылған. Мұның барлығы қоқыс сұрыптайтын зауыттың жұмысын жеңілдетуге септігін тигізеді.
Ерлан Дүйсебаев, тұрғындар көтеріліп отырған мәселені дұрыс түсінсе екен дейіді.
– Тұрғындар қоқысты бөлек-бөлек жинаса нұр үстіне нұр болар еді. Басты қиындық осы. Сондай-ақ, бірнеше күрделі мәселе бар. Мәселен, бізде бірыңғай тариф бекітілмеген. Сол жағы жұмысымызға аздап кедергі тудырып отыр. Әкімдік тарапынан бұл мәселе шешімін тапса дейміз. Одан бөлек, орташа жалақымыз 80 мың теңге болса да, жұмыс күші жетіспеу үстінде. Қазір 17 жұмысшымыз бар. Негізінен, біздің сұрыптау цехінде 35 адамға дейін жұмыс орны қарастырылған, – дейді ол.
Айта кетейік, қоқыстан жи­нал­ған қағаздар мен картондар өңдеуден өтіп, олардан жұ­­мыртқа салатын қалыптар шы­ғарылады. Сонымен қатар, мұн­дағы қап (мөшек), резина, плас­тик бөтелке, целофандар­дан арнайы ұсақ гранула да­йын­далу үстінде. Кейін бұ­лар­дан пластик бұйымдар жа­са­лын­бақ.
Мұнан соң қала әкімі 1991 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Талдықорғандағы «Азия Электрик» АҚ-ның жұмысымен танысты. Аталмыш өндіріс ор­ны электр қуатын есептеуге ар­налған құрылғылар және түр­лі кабель шығарумен айналыса­ды.
Бүгінде 8 мыңға жуық өнім түрін шығарып отырған зауыт­тың жылдық қуаты 6 млрд тең­гені құрайды. 300 адамды жұмыспен қамтып отырған компания өз өнімін еліміздің әр түкпіріне және ТМД елдеріне экспорттау үстінде. Мұндағы жұмысшылардың орташа жалақысы 80 мың теңгені құрайды. Шаһар басшысы өндіріс қызметкерлеріне өзінің жылы лебізін білдіріп, жаңа бастамаларына сәттілік тіледі.
Тоқсан жылға жуық тарихы бар «Ажар» тігін фабрикасында бүгінде 150 адам қызмет атқарады. Өндіріс орны негізінен еліміздің ішкі істер құ­рылымдарының тапсыры­сын орындайды. Дәлірек айтсақ, әс­керилердің, құтқару­шы­лар­дың, тәртіп сақшы­ларының бар­лық мезгілдегі киімдерін тігеді.

Мұндағы жұмысшылардың орташа жалақысы шамамен 73 мың теңге. Өндіріс басшысы Хамидолла Ержановтың айтуынша, фабриканың жылдық қуаты 1 млрд теңгені құрайды. Дастан Тұрарбекұлы өңірдің жеңіл өнеркәсібін өркендетіп отырған фабриканың жұмысына да табыс тілеп, аттанды.
Қала әкімі бастаған жұмысшы топтың соңғы аялдаған жері «Алматы бояулары» зауыты болды. Қазақстан нарығында сәтті қадам жасап келе жатқан компания 2009 жылдан бастап жұмыс істеуде. Өндіріс орны негізінен жолдарды жөндеуге, түрлі металдарды сырлауға арналған бояулар және лактар шығарумен айналысады. Еліміздің 80 пайызын бояумен қамтамасыз етіп отырған «Алматы бояулары» ЖШС-нің жылдық қаржы айналымы 1,1 млрд тенге.
– Біздің бояулар ыстыққа да, ылғалға да өте төзімді келеді. Шетелдік әріптестерімізбен бі­рігіп, бояудың бірнеше түр­лерін дайындап шығардық, – дейді «Алматы бояулары» ЖШС директоры Римма Салықова.
Сондай-ақ, Римма Аждар­қы­зы ұзақмерзімді келісімшарттың жоқтығы қолбайлау болып отыр­ғандығын атап өтті. Айтуынша, өндіріс орны биыл­дық­қа қажетті өнімді дайындап қой­ған.
– Егер 2-3 жылдық ұзақ­мер­зімді келісім шартымыз бол­ған жағдайда текке отыр­май, көктемнің басында сатып алушыларға алаңсыз өнім­дерімізді ұсынар едік. Қазір тен­дерді күтіп отырмыз. Ол ша­­мамен қаңтар-ақпан ай­ларында бірақ басталмақ. Со­­дан кейін ғана бояуларды шығаруға тура келеді. Ал, ол кезде тұтынушыларымызды то­лықтай қамтып үлгермей қала­мыз. Өткенде ҚР Премьер-ми­нистрі Бақытжан Сағынтаев кел­ген­де осы мәселенің шеші­мін тауып беруін сұраған едік. Нә­ти­жесін күтудеміз», – дейді өн­діріс басшысы.

Данияр Сағындық.
Суреттерді түсірген
Айдын Нұршанов

Жауап қалдыру