Нарынқол аты өзгертілсе…

0
358

Қазақстан  тарихында 751 жылғы Талас-Атлах шайқасының  орны бөлек.  Сол соғыста арабтар мен жергілікті тайпалардың біріккен қолы қытай әскерін талқандап Қытай Қорғанынан асыра қуып тастағалы бері қытайдың шығысқа қарай көз алартқан кезі жоқ. Сол кезден бері де, бұрын да шұрайлы Жетісу өлкесін Ұлы Жүздің  қаңлы, жалайыр, дулат, албан, суан, ысты, сіргелі,   шанышқылы,  шапырашты, ошақты, сарыүйсін сияқты ру-тайпалары мекендеп келеді. ХVІ-ХVІІ ғасырларда жоңғарлардың ілкі шабуылдарының салдарынан Аспантау етегіндегі біраз жерлер  ойрат-қалмақтардың қоластында қалып кетті. Ол жерлер бір жарым ғасырдай  басқыншылар  еркінде болды.  Қазақ тайпалары ХVIII ғасырдың ортасында ғана  атамекендерін  азат етіп, бұрынғы қоныстарына қайтып оралды.   

Сол басқыншылықтың  ізі ретінде Аспантаудың етегінде Нарынқол, Байынқол,Үкірші, Лабасы (Лама басы), Кеген (Гиген), Дараты, Шәкірамбал, Дардамбы сияқты жер-суға байланысты топономикалық атау­лар әлі күнге дейін сақталып қалған. Біз ойрат-қалмақтардың тіліне жақын моңғол тілінің сөздіктерімен салыстырып көр­генімізде  «Байын­қол» – бай өлке, әрі ұзын өзен дегенді білдіреді екен, ал Нарынқол сөзі қысқа өзен деген мағынада.
Талай даңқты тұлғаларды өмір­­ге әкелген  Нарынқол өңі­­­рі мен қыстағы Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Нарынқол  өзенінің жағасында пайда болған. Хан-Тәңірі шыңының солтүстік етегінде. Теңіз деңгейінен 1807 метр  биіктікте. Орыс офи­цер­лерінің  жазба деректерінде іргетасы 1872 жылы қаланған деп көрсетіледі.
Аспантаудың етегі Ресей империясына бағынғаннан кейін Текес, Нарынқол өзенінің ау­мағы Ыстықкөл уезіне қарап­ты. 1869 жылы генерал-губернатор Г.А. Колпаковский өзі келіп, жер жағдайын түгелдей  байқап шығып, қай жерлерге қоныстануға, қай жерге үй салуға болатындығын көзімен көріп,  шекаралы бекет ретінде  дайын әскери адамдарды қоныстандыру ке­рек деген тұжы­рымға келе­ді. 1869 жылы 12 сәуірінде Түркістан генарал-губернаторына №945  баяндау хат жазып, алғашында 25 үй казак-орысты орналастыруға рұқ­сат сұрайды.  Бірақ неге еке­ні белгісіз хат жауапсыз қалады.1872 жылдың 13 қаңтарында қайталай  жазған хатына, 20 ақпанда мынандай жауап келеді: «Аталған жерлерге 25 емес, 100 казак семьясын қоныстандыру керек. Оның сыртында еріктілер (жай шаруа, аңшылар)  келем десе қарсылық болмасын. Рұқсат сіз келтірген негіздемелерге сәйкес беріліп отыр, бірақ  алғашқы қоныстанушыларға қазынадан  жәрдемақы берілмейді»,–деп көрсетілген. (ОМА. Қор. 44. Тізбе 1.Іс.41734. бет.1.).
Курковский деген офицердің өтінішімен  алғаш Охотничий,  Қақпақ, Шонжы елді мекендерін  құру үшін үй салынатын жерлерді өлшеуге  Бірінші Түркістан  линиялық батальонынан  пропорщик Шемановский  алдыртылады. Ал Охотничий селениесінің құрылысын  бастау үшін мынадай нақты меселелер қойылған, ондағы жазылған бұйрықта былай деп көрсетілген:
«1. Салынатын үйлер қала үлгісінде орналассын, көшелер түзулігін, ағаш егу т.б шараларды қадағалау керек;
2. Құрылыстық орман ағаш­тарын ойсыратпай орынды кесу ескерілсін;
3.Үй салу, егін егетін жерлерді және шабындықтарды бөлуде туындаған  келіспеушіліктерді уезд бастығымен, өте даулы бол­ған жағдайда мировой судьямен шешу керек.
4. Су арықтарын пайдаланған кезде жергілікті қырғыздармен (қазақтармен) айғай-шуға бармай  басшылардың көмегіне жүгінген  орынды;
5. Өте үлкен даулы  мәселелер  уездің бастығы арқылы шешілсін.
6. Ең алғаш үй салу үшін тамырлы 10 құрылыс ағашы ғана кесілсін;
7. Отқа жағу үшін қураған ескі ағаштар  пайдаланылсын;
8. Орманды өрттен сақтау, ағаш­тардың дұрыс кесілуін қада­ғалау офицерлердің де міндеті болып табылады».
Қарап отырсақ, әуелгі кезекте алғашқы елдімекен (Охотничий) іргесін қалау кезінде орыс отар­шылдарының өктемдік та­ны­тып бірден баса-көктеп орналаспауы үшін, жоғарғы әкімшілік орындары жергілікті халықпен санаса отырып, мекен-жай салумен бірге егістік алқап, өзен-су, орман-тоғай  секілді табиғат бай­лығын сақтау жұмыстары бас­ты назарда ұсталынғанын көре­міз.
1872 жылдың сәуір айының өзінде Тянь-Шань отряд басшы­сының хабарламасында  мұнда ең алғашқы болып 36 казак-орыстың жанұясымен көшіп келгені айтылады. Бұлар Текес өзенінің сол жағындағы Дараты-Бұлақтың арасына келіп жүктерін түсіргенін, бірақ та баспананың жоқтығы мен жер жағдайының қолайсыздығына байланысты құрылысты бастауға рұқсат алмағандығын баяндайды. Курковский  1872 жылы 5 мамыр күні №347 рапортымен  Қарақолға хат жазады, 22 мамыр күні жауап келіп, қазіргі Текес  ауылының алғашқы іргесі қалана бастаған. Өйткені Текес­тен Сарыжазға да, Қарақолға да және Шонжыға да қатынау өте ыңғайлы деп шешкен, Охотничий  селениесі онан кейін ғана бой көтеріпті. «Бұл жердің климаты салқын болғандықтан  кірпіштен  гөрі ағаш үйлер салған жөн. Менің сұрауым бойынша селениенің атын «Благодатный», – деп атасақ» дейді, офицер өзінің 3 сәуірде жазған хатында. Оған қосымша; «нан­ды қазынадан алу ыңғайлы болар еді, өйткені Қарақолдан Мұзартқа бір реткі нанды жеткізу өте қымбатқа түседі, үш сом» – деп жазады Курковский.
Ағайынды Достополовтар да На­рын­қолға алғашқы келу­шілер­дің бірі, олар осы жердегі Тянь-Шань отрядының құра­мында  нан үлестірушісі болған. Кейін ол Қарқара көтері­лісін езіп-жаншу кезінде 1918 жылы Шалкөде жайлауын­дағы Қарағайлы сайы­ның аузында болған, алжан Диханбайдың ауылын қыруға қатынасқан қанішер. Оның өзі түгілі  әйелі күйеуінен өткен жауыз болған, ерлері аң аулауға кеткенде үйіндегі мылтығымен қазақтарды («туземдіктер» деп) ата­ды екен. Сорақысы сол, қазақтарды қыс­паққа алуды дәстүрге айнал­дырғаны сонша олардың балалары мұндаға  дейін сондай әре­кеттерін жалғастырып кел­ген. Кел­тірілген  деректерді  бала ке­зін­де осы оқиғалардың кей­бірі­нің куәгері  болған белгілі аза­мат Мелс Бұғыбаевтың өз аузы­нан  жазып алғанмын.
Ал Охотничий елді мекенінің  ал­ғашқы жобасын сызған майор Семя­кин, селоны 26 шаршыға (квар­талға) бөліп, мұғалімдер үйі, шіркеу, мектеп, басқару әкім­ші­лігі (станицалық басқару үйі) сияқты ғимараттар тұрғызу көз­дел­­ген.
Түркістан әскери округінің 1872 жылғы 19 шілдедегі  №2508 бұйрығы бойынша Тянь-Шань отрядын  басқару Крохалев дегенге жүктелген екен, бірақ ол денсаулығына байланысты бара алмай қалады. Сонда да болса Охотничийді  әскери адамдармен күшейту мақсатында Текес пен Нарынқолға Талғардан, Есіктіден казак-орыстарды жіберуге тапсырма берген. Олар  бармай қалған  күннің өзінде Алматы казактарынан 20 семьяны жіберу, артынан 60 семьяны Сібірден алдырту, тағы да өз еріктерімен келетін­дер болса шақырту керек екендігі жөнінде газетте хабарландыру беріп, сонымен қоса Под­горныйға, Шонжыға да ке­лу­­шілерге есік ашық екендігі айтылады. Ондағы басты мақсат оңтүстік-шығыс Жетісудың бар­лық шұрайлы аймақтарына орыс шаруаларын қоныстандыру болатын.
1867 жылы 11 шілдеде Жетісу облысы құрылғаны мәлім. Ол 1882 жылға дейін Түркістан гене­рал-губернаторлығына бағы­нып келген болса, 1892 жы­лы жаңа Жаркент уезі өмір­ге келді. Осы Жаркент уезінің құрамына Іле өзенінің күнгей бетіндегі жерлер яғни, Нарынқол, Кеген өңірлері түгелдей енгізілген.
Жаркент уезі құрылғаннан кейін пошта байланысы дереу қолға алынған. Байланысты екі ба­ғыт­та жүргізген:  бірінші хат тасу­шы Шелектен шығып, Сө­геті – Көкпек – Сарытоғай – Шонжы – Подгорный – Темірлік – Кеген – Сарыжаз – Қақпақ – Охотничийге келеді де, осы жерден қайта Подгорный – Ақсу – Сұңқар – Кетмен – Қалжатқа барады. Екінші  маршрут, Охотничийден Есекартқан арқылы Қалжатқа тікелей қатынаған, енді бір маршрут Қарақол – Охотничий  болған, аталған соңғы маршрутта хат тасушы Айт болысының Тыштыбай Еліпов деген адамы болған. Бұл туралы 1886 жылғы 2 шілдедегі  №3578 рапортта  көрсетілген  (ОМА. Қор. 44. тізбе 1. Іс.43553. бет.90.)
Орыс отаршылдары келгенше бұл жерлерді Досалы – Шоған, азда­ған Қоңырбөріктер мен Қожбанбеттер (Қосқұлақтан алпыстай үй Шахантай аталары) мекендеген.    1916 жылғы Қар­қара көтерілісінің жалғасы осы аймақты да шарпыған кез­де Охотничийдегі бірталай ғима­раттар қиратылып, шіркеу үйі өртелген.
Кеңес үкіметі Нарынқолда 1918 жылы ғана орнап, артынша ақгвардияшылардың қолына өтті, тек 1920 жылы ғана Кеңес өкі­меті қайта бекіді.
1936 жылы Кеген ауданының құрамынан Нарынқол ауданы бөлініп шықты. Орталығы – Нарын­қол селосы. Аудан негізінен ауыл шаруашылығының мал өсі­ру  және егіншілік сияқты екі сала­сымен  шұғылданады. Алдыңғы аудан тарихын айт­пағанда, 1950 жылдардан кейінгі реформадан соң, бұрынғы 33 ұсақ ұжымшар бір-біріне қосылып, ірілендіріліп 10 колхоз өмірге келді. 1978 жылы ірі шаруашылық саны 13-ке жетті. Алты колхоз баяғынша қалпын сақтап, қалғандары аудан аумағынан бөлініп шыққан қой және картоп совхоздары еді. Оның үшеуі жаңадан құрылған қой совхозы болатын. Барлығын жинақтап айтсақ «Калинин», «Киров», «Энгельс», «Крупская», «Ленин», «Партсъезд»  атындағы колхоздар болса, қалғандары «Қызылшекара», «Тегістік», «Көк­сай» қой совхоздары және «Октябрь», «К.Маркс», «Абай» атындағы картоп совхоздары болып қайта қалыптасты.
Нарынқол ежелден шекаралық бекет болғандықтан онда үлкен заставамен қатар аудандық аурухана, туберкулез ауруханасы, екі мәдениет сарайы, үш орта мектеп, кәсіптік білім беретін музыка мектебі, спорт мектебі, автостанция, магазин, асхана,  орман шаруашылығы, кірпіш зауыты, тағы басқа әртүрлі үлкенді-кішілі аудандық мекеме орындары орналасты.
Бұлардың сыртында ау­дан көле­мінде ең ірі Ақ­бе­йіт пен Жа­ңа Текестегі ауыл шаруашылық мамандарын дайындайтын  екі училище және Ескі Текес елді мекеніндегі астық дайындайтын мекеме, Казсельхозтехника, Энергосет, ауданааралық құрылыс мекемесі,  автобаза, ГЭС орындары болды. Сол сияқты Сарыжазда  республикалық №3 жүйке жүйесін емдейтін аурухана, жол пайдалану учаскесі және ауылдық тұтынушылар  мекемесі жұмыс істеп келді. Оған қоса Ойқарағайдағы  ашық көмір кеніштері  халыққа  қалтқысыз қызмет етіп жатты.
Еліміздің аумағындағы ең биік нүкте, Аспантаудан көк аспанға қол созғандай Хан-Тәңірі шыңы жеке-дара көрініп тұр. Шыңды 1931 жылы украиналық альпинист М.П.Погребецкий бағын­дырған. Нарынқол ауданының аяғынан тік тұрып кетуіне сол кездегі  республика басшысы Д.А.Қонаевтың да өңірді  үнемі назарда ұстауы  себеп болған.  Ол өзі басшылық жасап отырған жылдарда ауданға төрт рет келіп кеткен.
Жалпы алғанда, Алматы облысында алдыңғы қатарлы әйгілі Нарынқол ауданы заман ағымына қарай бірнеше өзгерістерге ұшырады. Екі рет Нарынқол мен Кеген аудандары қосылып біріктірілген кездері болды. Алғаш 1962 жылы Нарынқол ауданы көршілес Кеген ауданының құрамына өтіп, 1966 жылы одан қайта бөлінді. Ал,1997 жылы оңтайландыру үрдісімен Нарынқол мен Кеген аудандары тағы қосылды.Сонымен 1936-1997 жылдар аралығында яғни, 60 жылдан астам уақыт  Нарынқол аудан атын иемденіп келген болса, енді екі аудан біріктіріліп,   батыр бабамыз Райымбек ауданы атына көшті. Орталығы Кеген кенті. Ал ресми түрде осылай десек те, елдің аузы үйреніп кеткені сонша, «қайда барасың?» десе, бірден «Нарынқолға барамыз» дейді. Демек жұрт елді мекеннің  байырғы Нарынқол атауын  жадын ажыратқан  емес.
Енді міне, Нарынқол аудан болып үшінші рет қайта отау тіккелі отыр, халқымыз айтады ғой, «Ер кезегі үшке дейін» –деп, ендігі қадамы нық болсын.
Тағы бір ескеретін жағдай, биылғы жылы Сүйерқұлұлы Шо­ған абыздың туғанына 500 жыл толғалы отыр, қазақ тари­хында Дешті-Қыпшақ пен Моғол­стан мемлекетінің бірігуінен пайда болған Қазақ хан­дығының құры­луына өлшеусіз еңбек сіңірген ардагер тұлғаға, облыс көлемінде ғылыми-практикалық конференция өткіз­ген жөн болар еді.  Олай деуімізге, есте жоқ ескі заманнан бері мемлекет құруда өлшеусіз еңбек сіңірген, бірен-саран тұлғаға берілетін, қастерлі абыз деген атағын сақтап қалған қазақ тарихындағы бірден-бір тұлға десек артық айтпағанымыз. Халқы көзінің тірісінде еңбегін бағалап, есіміне абыз сөзін қосып, Шоған абыз атапты.
Тағы бір жетісулық,  «қара қылды қақ жарған  би»  Жан­шықұлының  да есімін ұлық­тауға әбден болады. Ауданға М.Мақа­таевтың есімі берілсе, ал Кеген мен Нарынқол селоларының атын өзгертіп, осы аталған қос тарихи тұлғаларға берсек, әбден  жарасымды болар еді.

Дүйсенбай СЫҒАЕВ,

тарихшы.

Жауап қалдыру