«Нұрлы жер» халыққа не берді?

0
122
real estate concept. keys in fingers with building

Былтырғы жылы «Нұрлы жолда» болған қолжетімді баспананың «Нұрлы жер» бағдарламасына ауысқаны белгілі. Соның ішінде тұрғын жинақ жүйесі, ипотекалық несиелерді субсидиялау сияқты тиімді жолдар бар. Жаңа бағдарламада жер учаскелерін беру мәселесі де ескерілді. Тіпті, арзан коттедждер салына бастады. Оны «Нұрлы жердің» басты «фишкасы» деуге болады. Бір жылдың ішінде қандай шаруалар атқарылды? Баспаналы болғандар көп пе? «Нұрлы жердің» әрбір бағытына жеке-жеке тоқталғанды жөн көрдік.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі xалықтың сенімін ақтап отыр ма?
Сөз жоқ, бүгінде xалықтың басым бөлігі тұрғын үй жинақ жүйесін таң­дай­­ды. Оны салымшылар жинаған ақ­ша­дан анық байқауға болады. Был­тыр Тұр­­ғын үй құрылыс жинақ банкінде салым­дардың жалпы көлемі жарты трил­лионға, нақты айтсақ, 489 млрд теңгеге жетті. Ал келісімдердің саны 1 млн 83 дананы құрап отыр. Әрине, бір адамның бірнеше есеп­шот­ты аша алатынын ескерсек, салымшылардың саны миллионға әлі жете қойған жоқ. Дегенмен, «Нұрлы жердің» дәл осы бағыты xалық арасында жоғары сұранысқа ие. Себебі ақшаны уақытында салып отырса, үш жылдан кейін арзан бағаға пә­тер алуға мүмкіндік бар. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі де төмен. Алайда салымшылар көп болған сайын бәсеке де қыза түседі. Мәселен, пәтер бағасының 30 пайызын жинап, конкурсқа қатыссаң да, 50 пайыз жина­ғандар өтіп кетеді. Сол сияқты үйдің жартысын төлеуге дайын тұра­тындардың алдын толық сомасы бар адамдар орап кетеді. Оған қоса, осы санаттағы пәтерлердің саны шектеулі.

Жинақ жүйесінің бір кемшін тұсы бар
Бүгінде тұрғын-үй жинақ жүйесі арқылы салынатын кейбір нысандар кеш тап­­сы­рылады. Соның салдарынан кон­­кур­стан өткен салымшылар пәтер жал­­­дап, шығын шығаруға мәж­бүр. Мә­се­лен, Астанадағы «Жа­­ғалау» тұр­ғын үй кешенін пай­далануға беру мер­зімі бір жылға созылды. Бұған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ештеңе істей алма­ды. Себебі әкімдікке қысым жасау те­тігі жоқ. Ол тетіктің болмағаны да «тиімді» сияқты. Өйткені банк екі жыл бойы салымшылардың ақшасын айнал­дырды. Ал әкімдік болса, құрылыс ком­паниясына айыппұлды салумен ғана шек­телді.
Бұндайда әкімдік үйдің құрылысын кешіктіргені үшін мердігерден өндіріп алған айыппұлын салымшыларға аударса құба-құп болар еді.

Әскерилерге арзан ипотека беріле ме?
Былтыр тұрғын-үй жинақ жүйесіне қатысты тағы бір тың бастама іске асты. Биылғы жылдан бастап әскери қызметте жүрген азаматтар кез келген банктен есепшот ашуы тиіс. Пәтер жалдауға бөлінетін өтемақының бір бөлігі сол шотқа аударылады. Әлбетте, әскерилердің басым бөлігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне ағылады. Себебі аталған банктің шарттары да, па­йыздық мөлшерлемесі де тиімді болып тұр.
Қазіргі кезде тұрғын үй жинақ жүйесі бойынша ақшаны, кем дегенде, үш жыл жинау керек. Алайда ипотека, яғни ақ­ша­ның 50 пайызын құйып, алдын ала займ да алуға болады. Тұрғын үй құры­лыс жинақ банкі аталған ипотеканы әскери­лерге 5 пайызбен беруді жоспарлап отыр.
2018-2019 жылдары ішінде 8 мың әскери отбасы алдын ала займға тапсырыс бере алады.

Ипотека бастапқы жарнасыз беріле бастады
«Нұрлы жер» бағдарла­масы­ның тағы бір бағыты – ипоте­калық несиелерді субсидиялау. Онымен Қазақстанның ипотекалық компаниясы айналысады. Аталған жүйеге сәйкес, бюджет ақшасы есебінен банктен алынған ипотеканың 6 пайызы өтеледі, қалғанын несие алған адамның өзі төлейді. Мәселен, банктің ипотекасы 16-17 пайыз болса, соның 6 пайызы Қазақстанның ипотекалық компаниясы арқылы өтеледі. Аталған қызметтің тұрғын үй жинақ жүйесінен басты айырмашылығы, адам әкімдік, я болмаса, белгілі бір компания салып жатқан үйді күтпейді, нарықтық бағамен кез келген пәтерді ала алады. Әрине, пайыздық мөлшерлеме де, бір шаршы метрдің бағасы екі еседей артық болады. Дегенмен, сапалы пәтерді таңдап алуға мүмкіндік бар.

Кезекте тұрғандар арендалық баспана күтіп жүр
«Нұрлы жер» бағдарламасының келуімен тұрғын-үй саласындағы мемлекеттік саясаттың толығымен нарық ере­желеріне көшкенін ерекше атап өткен жөн. Бұл дегеніміз, бұрынғыдай өкіметтен тегін пәтер беру деген жоқ. Ал баспанадан үмітті азаматтар жас отбасы, мемлекеттік қызметші болып бөлінбейді, ешқандай жеңілдік берілмей­ді. Бұдан былай нақты екі категория болады. Ол – төлем қабілеттігі бар және төлем қабі­леттілігі жоқ азамат­тар. Бірінші категорияға кіретіндер жоғарыда аталған тұрғын үй жинақ жүйесіне, я болмаса, ипотека бағдарламасына қатыса алады. Ал төлем қабілеттігі жоқтар әкімдік кезегінде тіркеліп, арендалық үйге кіре алады.
Сөз соңында «Нұрлы жер» бағдар­ламасының тағы бір жаңалығына тоқ­талған жөн. Былтырдан бастап бағ­дарлама аясында коттедж қала­шық­тары салына бастады. «Ол жағынан Қостанай облысы жақсы жетістіктерге жетті. Қазір Заречный кентінде коттедждерді таратып жатырмыз. Бір шаршы метрдің бағасы – 120 мың теңге. Биыл Ақтөбе мен Солтүстік Қазақстан облыстарында тура сондай үйлер салынады», – дейді «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Арман АСҚАРОВ,
ҚазАқпарат

Жауап қалдыру