Мыңға жуық қазақстандық құрбан болған соғыс

0
104

КСРО тұсында ұзақ уақыт пен көптеген адамның өмірін жалмаған – Ауған соғысы болды. Әскери құрылымы құрыштай қуатты КСРО бұл соғыста жеңімпаз атанбаса да 10 жыл өз әскерін Ауғанстан территориясында ұстады. Осы жылы бұл соғыстың аяқталғанына аттай 30 жыл толды.
1978 жылы сәуір айында төңкеріс жасап, Ауғанстан би­лігін басып алған Н.Тараки бастаған коммунистер ел бас­қару тізгінін қолдарына ал­ғаны­мен, оны ұстап тұра алмады. Коммунистердің билікке келуі және олар жүргізген реформалар халық көңілінен шықпады. Жер-жерде наразылық шаралары ұйымдастырылып, ақыры билік пен халық арасында қарулы текетірес пайда болды. 1979 жыл­дың соңына қарай елде ірі көлемді әскери ұрыс-қимылдары басталып, Ауғанстанның 26 про­винциясының 18-інде қарулы қақтығыстар болды. Елдегі шие­леністі жағдай АДР басшыларын бірнеше рет Кеңес Одағына әскери қолдау мен көмек сұ­рап жүгінуге мәжбүрледі. «Ауған­­станның заңды үкіме­ті­нің»­ өтінішін ескеріп және 1978 жылғы 5 желтоқсандағы Шарт­ты, сондай-ақ БҰҰ Жарғысының мемлекеттердің өзін өзі қорғау құ­қығы туралы 51-бабын алға тартып, КСРО Ауғанстанға қару­лы күштерін кіргізуге келісті.

Ауғанстанға әскер кіргізу жө­ніндегі саяси шешімді жел­тоқ­­­­сан­­ның 12-сі күні ке­ңес бас­шыларының шағын ғана тобы­ қабылдады. Түркістан әске­ри окру­гінен (ТүрӘО) Ауғанстанға кіретін 40-армия құрылып, оған қол­басшылыққа генерал-­лей­те­нант Ю.Тухаринов та­­ғайын­дал­ды. 25 желтоқсан күні мем­лекеттік шекараны кесіп өту Мәс­­кеу уақыты бойынша 15.00 (жер­гілікті уақыт бойынша 17.00) басталды.
1980 жылы қаңтар айында 40-армия Ю.В.Тухаринов қол­бас­шылығымен елдің маңыз­ды аудандарына орналасты. Ау­­ған­дық армиямен бірлесіп әкім­­шілік орта­лықтарды, қажетті нысандарды, әуежайларды және Хайратон-Кабул, Кушка-Герат-Кандагар, Кабул-Жалалабад, Пули – Хумри – Құндыз – Фай­за­бад автомагистралдарын қарауыл­дауға алды. Кеңес әскерлері бар­­­­лығы 21 провинцияны, то­ғыз­ әуежайды (Кабул, Баграм, Шин­­­­данд, Кандагар, Құндыз, Жалалабад, Гардез, Герат, Фай­забад) қамтамасыз етті.
Кеңес әскерлерінің ең алғаш­қы соғыс қимылы 1979 жылы 27 желтоқсанда Х.Әминнің көзін жоятын «Дауыл-333» жауын­герлік операциядан басталып,­ 1989 жылы қаңтардағы «Тай­фун» операциясымен аяқталды. 40-армия Ауғанстанда ірі кө­­лем­де «Дауыл-333», «Ку­нар»,­ «Паншер», «Құндыз», «Магистраль», «Удар», «Тай­фун»­ және т.б. операциялар жүр­­гізді. Бұл айтылған әскери опера­цияларға мыңдаған жауынгер мен әскери техника қатысты.
Ең алғашқы, үлкен қарулы қақтығыс 1980 жылдың ақпан-наурыз айларында өткен Кунар операциясы еді. Алғашқыда, моджахедтер отряды ашық түр­де соғысуды жөн көрді, бірақ, «тасадан атқылау» тактикасына өту­ге мәжбүр болды, өйткені, ашық қақтығыстарға олардың кү­ші тең келмеді. Ауғанстанның тау шатқалдарын қиялай кесе­тін Кунар өзенінің жанында Бақыт­жан Ертаев (бүгінде Халық Қаһарманы) басқарған батальон орналасты. Сол кезде 27 жастағы командирге анау-мынау емес, соғыс жағдайындағы басшылық тапсырылды. Кунар өзенінің бойында Пәкістан жағында Чит­рал, ал Ауғанстан жағында Аса­дабад аталатын екі провинция орналасқан. Пәкістанға жақын орналасқан әскери бөлім­дер өмі­рі қауіп-қатерге толы бол­ды­. Кеңес әскерлері 1980-1985 жылдары 5 жыл ішінде 7 рет Кунар әскери операциясын жүр­гізді. Ең алғашқы Кунардағы әскери операция 1980 жылы ақпан айының аяғында басталды. Осы жылы Кеңес сарбаздары жүр­гізген Ку­нар­дағы әскери операцияда күз­ге дейін, басқасын айтпағанда дұшмандардың 6 штабы, 2 биік асудағы база, 17 бекініс бекеті, 12 зеңбірек пен минометі, әскери әуе күштеріне қар­сы күресетін 5 орналасу алаңы және 1,5 мың бүлікшінің кө­зі жойылды. Ал кеңестік тарап­тан 52 жауынгер ажал құшып, 43-і ауыр жараланды, бір жауынгер із-түзсіз жо­ғал­ды. Оған қоса 9 тікұшақ істен шықты.
40-армия «Паншер» аталған ал­қапта он жыл ішінде 9 рет ірі әс­кери операция жүргізді. Ахмад шах Масуд иелігіне қарайтын бұл алқап өте қауіпті еді. Осы қауіпті аймаққа маршал Соколов кейін «Қара майор» атанған Борис Керімбаевты батальонымен апарды. Өйткені «Паншер арыстаны» атан­ған Ахмад Шахқа анау-мынау командирдің тісі батпайтын еді. 1982 жылдың мамыр-мау­сым айларында «5-Паншер» операциясы өтті, алғашқы үш күн ішінде 4 мыңнан астам ке­ңес­тік десантшы түсірілді. Бар­­лығы бұл операцияға 12 мың­нан астам Кеңес жауынгері мен офицері қатысты. Бұл операция, бір мезгілде 120 шақырым көле­міндегі шатқал аңғарларында өт­ті. Нәтижесінде, бұл жолы Паншер алынды, бірақ ауған армиясының бұл стратегиялық жа­ғынан ма­ңызды аймақты ұстап тұруға күші жетпеді.

Îáåä â ïîëå. Ïîëèõóìðè, Àôãàíèñòàí.
Lunch in the field. Polihumri, Afghanistan.

1986 жылдың тамыз-қыркүйек айларында «Құндыз» операция­сы өтті. Мен осы операцияда Хана­бад провинциясындағы ұрыс­қа қатыстым. Операцияның негізгі мақсаты: Ауғанстанның сол­түстік-шығыс бөлігінде әскери-саяси жағдайды тұрақтандыру, 40-армияның жүк тиелген ко­лон­наларының қауіпсіздігін қам­­тамасыз ету, асулардағы база­лар мен тірек пункттерін жою, үкі­метке қарсы күресушілердің бел­сенділігін бейтараптандыру, оларды АДР үкіметі жағына тар­ту, үлкен көлемдегі қару-жа­рақ пен оқ-дәрілерді және бар­лау құжаттарын қолға түсі­ру бол­ды. Құндыз провинция­сына қарайтын Чардара, Хана­бад, Алиабад, Имам-Сахиб, Дашт-­и-Арчи, Калай-и-Заль және т.б. уездердегі моджахед­тер ор­налас­қан аймақтарда жауын­гер­лік қимыл ешқашан тоқтаған емес.
1987 жылдың 23 қара­ша­сы – 1988 жылдың 10 қаң­тары аралығында ең ірі операция­лар­дың бірі – «Магистраль» опера­ция­сы іске асырылды.­ 40-армия қолбас­шысы Б.Громов­­қа осы опе­рацияны сәтті өткізгені үшін Ке­ңес Одағының Батыры атағы берілді.
40-армия жоғарыдан түс­кен бұйрық бойынша Ауған­стан­нан толық шығып кеткенше жауынгерлік операцияны жал­ғастыруға мәжбүр болды. Мысалы, 1989 жылы қаңтар айы­ның басында Кабулға КСРО СІМ Э.Шеварнадзе кел­ді. Ауғанстан басшысы М.Над­жибулла Мәскеуден кел­ген­ өкілге Ахмад шах Масуд пен­ оның жа­сақтарының кү­шін әлсіретіп беруді өтінді. М.Гор­ба­чевтан нұсқау алған КСРО Қорғаныс министрі Д.Язов 40-армия қолбасшысына 23 қаң­тарда А.Масуд жасақтарына қар­сы жауынгерлік операцияны бас­тауға бұйрық берді. Бірақ бұл операцияны бастауға 40-армия қолбасшылығы тікелей қарсы болды. Өйткені біріншіден, қол­басшылық әскер кетер алдын­да А.Масудпен оқ атыспау­ды ке­лісіп қойды. Екіншіден, буы­нып-түйініп отырған армияға қа­қаған қыста мұндай операцияны жүргізу олжа әпермейтін еді. Үшін­шіден, әскердің әкетілуіне санаулы күндер қалғанда құрбан санын арттырудың қа­жеті жоқ еді. Бірақ Мәскеудің бұй­рығы одан күшті-тұғын. Сөй­тіп 23-25 қаңтарда Паншер ал­қабы мен Оңтүстік Саланг асуын қуатты бомбалау мен ат­қылау мақсатында «Тайфун» кодымен аталатын операция жүр­гізілді. Қолбасшылық Ахмад шах Масудқа алдын ала сақ болу­ды және қарсылық жасамауды ескертті. Бейбіт тұрғындарға уақытша қышлақтарын тастап шығу да ескертілді. «Тайфун» операциясы біткен соң Ахмад шах Масуд КСРО-ның Кабулдағы дипломатиялық өкіліне өзінің наразылық танытқан хатын жолдады.
Осылайша, 40-армияның Ау­ған­­станда жүргізген жауын­гер­лік қимылдары соңғы сағат­тарға дейін жалғасты. Мен тек олар­­­дың арасындағы бірер ірі операция барысына тоқталдым. Шын­дығында, он жыл ішінде қан­шама қақтығыстар мен ажал айқастары болғанын еш­кім жоқ­­қа шығара алмайды. Жүр­­гі­зіл­ген ірі көлемдегі және кі­ш­і­­­­­гірім операциялар кезінде қан­­­­­­­­­­­­шама қаруластарымыз көз жұм­­­­ды. Жауынгер жарғысында: «Бұй­рық талқыланбайды, тек орын­далады» – деген қағида бар. Осы қағидаға сүйенсек әр­­­­­­­бір қаза тапқан, мүгедек бол­­­ған және қатысып тірі қал­­­ған жауынгерлеріміз өз борышын адал орын­­дау­ға күш салды. Сон­дық­тан­да олар өзінің әскери антын еш­қа­шан бұзған жоқ.
1979-1989 жылдары КСРО-ның 620 мың азаматы Ауғанстан аума­ғында әскери қызметін өте­ді, олардың 525 мыңы Кеңес ар­­­­­миясының қатарында, 90 мы­ңы Мемлекеттік қауіпсіздік ко­митетінің (МҚК) шекаралық және т.б. бөлімшелерінде, 5 мы­ңы Ішкі әскерлер мен милиция­ қатарында өз міндеттерін атқар­ды. Сондай-ақ 21 мың адам жұ­­мыс­шы және қызметші кәсі­бінде қызмет етті. Ал Кеңес ар­мия­сы әскерінің жыл сайынғы ті­зіміне 80-104 мың әс­кер, 5-7 мың­ жұмысшы мен қыз­мет­ші тір­­келді.
110 айға созылған Ауған со­­­­­­­ғы­­сындағы санитарлық шы­ғын 469 685 адамды құрады, оның ішінде жараланған, бастан за­қым­ (контузия), түрлі мертігу алғандар – 53 753 адам, ауырғандар – 415 932 адам, олардың арасынан – 115 308 адам жұқпалы гепа­титпен, 3180 адам – іш сү­зек ауруымен, 140 665 адам бас­қа да жұқпалы аурулармен ауыр­ды. Асқынған ауруына, жарақат­тануына байланысты армиядан 11 654 адам босатылды, 10 751 адам мүгедек болды, оның арасында 672 адам – І топ, 4216 адам – ІІ топ, 5863 адам ІІІ топ мүгедегі болды.
Ауған соғысынан қайтып орал­­­­­маған жалпы адам шығыны 14 453-ке жетті. Нақтылай айтсақ, Кеңес армиясы қатарынан 13 833 адам, МҚК бөлімшелерінен 572 адам, КСРО ІІМ жасағынан 28 адам, басқа министрліктер мен ведомостволардан 28 адам опат болды.
Біздің республикамыздан 22 мың адам Ауған соғысына қа­тысты. Олардың 1000-ға жуығы соғыс­та құрбан болды және Қа­зақстан жерінде жерленді, 20 адам із-түзсіз жоғалды Ал жал­пы шығынның 362-сі қа­зақ ұл­ты­ның өкілі екендігі анық­талды.
Ауған соғысында із-түзсіз жоғал­ғандар мен тұтқынға түс­кендер саны 417 адамды құ­­­раса, одан кейінгі жылдары 333, ал қазіргі таңда 264 адамды құрап отыр. Олардың 20-сы Қазақ­стан азаматы болып саналады. 2013 жылы бұл тізім екі адамға қыс­қарды, ал қалған он сегізден әлі күнге дейін не дәйек, не хабар жоқ.
Ауған соғысында барлығы 200 153 адам мемлекеттік мара­пат­қа ие болса, оның 10 955-і осы со­ғыста шейіт кетті. Ал ма­ра­­пат­талғандардың – 111 966-ы­­ сержант пен солдат, 19 261-і прапорщик, 66 251-і офи­­­цер мен генерал, 2675-і Кеңес армиясының жұ­мысшы қызметшісі, оның 1350-і әйел. Сондай-ақ марапат­тал­ғандардың 2265-і қазақ, 635-і қырғыз, 6050-і өзбек, 855-і түркімен, 2710-ы тәжік, 102 547-сі орыс, ал қалған­дары басқа ұлт өкілдері болды.
Шектеулі контингент құ­ра­­­мында – 86 адам Кеңес Ода­ғының Батыры атағын алса, 103 әскери қызметші Ленин ор­денімен, 1972 адам Қызыл Ту ор­­­­денімен марапатталды. Батыр ата­ғын алғандардың 29-ы осы соғыста құрбан болды. Батырлар арасында бір қазақ, бір өзбек, бір тәжік, елу орыс бар, ал қал­ғандары бас­қа ұлт өкілдері. Олар­­­дың 15-і қатардағы жауынгер мен сер­жант, 1-еуі старшина, 62-сі офи­цер, 7-еуі генерал, 1-еуі Кеңес Ода­ғы­ның маршалы.
1988 жылы 14 сәуірде, АДР-дағы жағдайды саяси реттеу туралы Женева келісіміне қол­ қойылды. Қол қойғандар қа­тары­на КСРО, АҚШ, Ауған­­стан мен Пәкіс­тан кірді. Кеңес Одағы өз контингентін 9 айлық мер­зімде алып шығуға, ал Құ­рама Штаттар мен Пәкістан өз тараптарынан қарулы оппози­цияны қолдауды тоқтатуға мін­деттелді. Женева келісімінде бел­гіленгендей, 1989 жылы 15 ақпанда Ауғанстаннан соңғы Кеңес әскерлерінің әкетілуі аяқталды. Кеңес Одағы Женева ке­лі­сімін белгіленген мерзімде орын­­дады. Осылайша 110 айға созылған соғыс аяқталды.

Болат САЙЛАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
«Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры,
тарих ғылымдарының докторы, 
Ауған соғысының ардагері

Жауап қалдыру