Мерейтойлық құттықтаулар

0
104

Республикалық қоғамдық-саяси «Ргеzident & Halyq» газетінің
Бас редакторы М.Б.Тоқашбаевқа

Құрметті Марат Бәйділдәұлы!

Сізді 70 жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтаймын!
Халқымыз өзіңізді қазақ журналистикасының көрнекті өкілдерінің бірі, жазушы-публицист, саяси-қоғамдық істерге белсенді араласып келе жатқан ұлтжанды азамат ретінде жақсы біледі.
Өзіңіз негізін қалаған және басшылық ететін «Президент және Халық» республикалық газеті еліміздегі оң өзгерістерді мыңдаған оқырмандарына жеткізіп, рухани саламыздың дамуына және билік пен халықтың арасындағы алтын көпір болып, қоғамда дұрыс пікір қалыптасуына үн қосып келеді.
Сіз баспасөз саласында 50 жылдай еңбек етіп, тәуелсіз мемлекетімізде бұқаралық ақпарат құралдарының өз деңгейінде қанат жаюына атсалысып келесіз.
Алдағы уақытта да жоспарларыңыз бен істеріңізге әрдайым сәттілік серік болып, жетістіктер биігінен көріне беруіңізге шынайы тілектестігімді білдіремін.
Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр мен бақ-береке тілеймін!

Қазақстан Республикасының
Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев
Нұр-Сұлтан қаласы, Ақорда

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНАН

Қадірлі Марат Бәйділдәұлы!

Сізді 70 жасқа толған мерейлі мерейтойыңызбен құт­тықтаймын! Дұға қабыл болып, сауапты амалдар еселеніп жазылатын қасиетті Рамазан айында Алла Тағаладан деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, жұмысыңызға береке тілеймін.
Сіз ұзақ жылдардан бері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының игі бастамалары мен жұмыс­тарына белсенді түрде араласып, ниеттестік танытып келесіз. Алла разы болсын!
Он жылдан астам уақыт мүфтияттың Ақылдастар ал­қасының мүшесі болдыңыз. Сонау 1999 жылдары қажылық кезінде Арафаттан Бүкіләлемдік трансляция бойынша тұңғыш рет қазақ тілінде тікелей репортаж жүргізіп, асыл дініміздің абыройын асқақтаттыңыз.
Ал 2000 жылы қасиетті Қадыр түнінде алты жарым сағат бойы халқымызды Ислам дінінің рухани құн­дылықтарымен сусындаттыңыз. Бұл жобалармен тоқтап қалмай, өзіңіз басқаратын «Ргеzident & Halyq» газеті арқылы жұртымызға имандылықты насихаттап келесіз.
Осы күнде жетпісті алқымдап, өмірден апған тәжі­рибеңіз бен ақыл-кеңестеріңізді оқушылар мен студенттерге айтып, оларды ізгілік пен игілікке ұйытып келе жатқаныңызға Алла мол сауаптан жазсын.
Құрметті Марат қажы Бәйділдәұлы! Халқымыздың көрнекті жазушысы Баукең, Баубек Бұлқышев бір сөзінде: «Адам – өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап бояуға, оған ажар, түр беруге, оны әшекейлеп, өр­нектеуге еңбек етеді», – деген екен. Сіз – ізгілікті ту етіп, із қалдырып келе жатқан тұлғаның бірісіз. Алла Тағала жасыңызға жас қосып, ғибратты ғұмыр кешуді нәсіп етсін. Баршаңызға қасиетті рамазан айы құтты болсын! Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!

Игі ниетпен,
Төраға, Бас мүфти
Серікбай қажы Ораз

 

Құрметті Марат Бәйділдәұлы!

Сізді 70 жасқа толған мерейлі тойыңызбен құттық­таймын!
Өзіңізді ұлттық журналистикаға бүкіл саналы ғұмы­рын арнаған публицист-жазушы, қоғам қай­раткері ретінде құрметтейміз.
Қай кезде де туған елге, өскен жерге қаламмен қыз­­мет етудің, ақыл-оймен, парасат-пайыммен еңбек сіңірудің айшықты үлгісін көрсетіп келесіз.
Отандық баспасөз, телеиндустрия салаларындағы із-қолтаңбаңыз әлі күнге сайрап жатыр. Журна­лис­­тикадағы алғашқы қадамыңызды жасатып, сөз өнерінің сүрлеу-аңғарына салып шыңдаған, қала­мы­ңыздың қарымын, жазуыңыздың машығын қалып­тастырған ғасырлық тарихы бар Алматы облыстық «Жетісу» газеті болғаны да көп жайды аңғартады. «Жетісудан» кейін «Білім және еңбек», «Халық Кеңесі», «Заң газеті», «Қазақстан-ZAMAN», «Мөлдір бұлақ» сияқты басылымдарда жалғасқан журналистік жолыңыз жеміссіз болған жоқ. Бүгінгі күні де Өзіңіз басшылық ететін «Prezident & Halyq» газеті ел жаңалықтарының, соның ішінде Алматы облысының да тыныс-тір­ші­лігінің насихатшысы болып отыр.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазақ журналис­ти­ка­сының көшін алға бастыруға, сөзін салмақты, ұста­нымын нық, бағытын айқын етуге еңбек сіңірген, журналистика мен жазушылықты құстың қос қанатындай қатар алып келе жатқан бір шоғыр қаламгерлердің сапында сіздің де есіміңізді құрметпен атаймыз. Өмір­мен өзектес тіл білімі саласының заман ағымына сай дамуына, атап айтқанда терминология, төл сөз­жасам ісіне елеулі үлес қосқан, қашанда қоғамдағы мәсе­лелерге бей-жай қарамай, өзінің азаматтық үнін естіртіп, көсемсөз арқылы жанашырлықпен ой қосып отыратын абзал ағалардың қатарындасыз.
Өнегеге толы Өмір-сапарыңыз жалғасты, жетпіс жасыңыз құтты болсын!
Сізге осы мерейлі күнде шығармашылық табыс, шал­қар шабыт, қажымас қайрат, берекелі ғұмыр, отбасыңызға есендік тілеймін!

Игі тілекпен,
Алматы облысының әкімі
Амандық Баталов
Талдықорған қаласы 2019 жыл

Белгілі жазушы, публицист,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
академик, профессор,
Марат Тоқашбаев – 70 жаста

Құрметті Марат Бәйділдәұлы!

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хат­шылығы, барша қаламдас әріптестеріңіз Сізді 70 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтайды.
Сіз осынау шығармашылық өмір жолыңызда қазақ баспасөзінде өзіндік дара жол қалыптастырып, жур­налистика саласының жаңа белеске көтерілуіне айрықша үлес қостыңыз. Сіздің салмақты да сали­қалы парасат-пайымыңызбен айшықталған көз­қарасыңыз баспасөз беттерінде жарияланып, аза­маттық ұстанымыңыз ұлтжанды азамат еке­нің­ізді көрсетіп келеді.
Сіз жауапты қызметтерде абырой биігінен көрініп, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Түркияға, Ұлыбританияға, АҚШ-қа сапарлары туралы репортаж­дар жүргізіп, 1999 жылы Меккеден әлемдік трансляция бойынша қазақ тілінде алғашқылардың бірі болып тікелей эфирден репортаж бердіңіз.
Сіздің «Жұмадағы жүздесу», «Атамекен», «Түркі әлемі», «Истоки», «Сәлем, XXI ғасыр!», «Қадыр түні» сынды жобаларыңыз халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, лайықты бағаланды.
Құрметті Марат Бәйділдәұлы! Сіздің қаламгер ретінде «Жаңбырлы түн», «Қос көлеңке» сияқты көркем, «Дәуір дүрсілі», «Жеңіс қайғысы», «Тәуелсіздік – тынысым», «Сөз-семсер», «Ұлттық мемлекет –ұлы ұстаным» сияқты публицистикалық, «Адамгершіліктің қарапайым қағидалары», «Ерлі-зайыптылық ережесі», «Бақыттың кілті» сияқты танымдық кітаптарыңыз жарық көрді.
Сіздің араласуыңызбен атқарылған шаруалар, тындырылған істер ел-жұртыңыздың көз алдында.
Сіз осынау асқаралы белеске жоғары білік-пара­сат, қажыр-қайратыңыз бен зор адамгершілік қасие­тіңіз және азаматтық ұстанымыздың арқа­сында жеттіңіз.
Мерейлі жасыңыз құтты болсын! Сізге осынау ме­ре­келі күні шығармашылық кешіңізге сәттілік, шалқар шабыт, отбасыңызға амандық тілейміз!

Құрметпен,
Ұлықбек Есдәулет,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының Төрағасы

Құрметті Марат Бәйділдәұлы!

«Қазіргі заман және публицистика» атты 70-жылдық мерейтойыңызға арналған ғылыми-практикалық конференциясына Бас редакторлар клубының шынайы ілтипатын қабыл алыңыз!
Сізді айтулы мерейтойыңызбен құттықтай отырып, зор ризашылықпен елімізді көркейту жолында сіңіріп жатқан қажымас еңбегіңізге ыстық ықыласымызды білдіреміз. Дүйім ел Сізді танымал тұлға, құрметті азамат, журналист, қаламгер ретінде таниды. Өмір жолында еңбексүйгіштік, қоғамдық белсенділікпен ерекшеленіп, нағыз азаматтық қасиеттерге ие жан ретінде қызметтің ең қызықты да қиын салада атқарып отырған абырой-беделіңізді атап өткіміз келеді.
Медиакеңістіктегі талантты ұйымдастырушы­лар­дың бірі ретінде — «Халық кеңесі» газетін әйгілі етіп, «Заң газеті», «Қазақстан-ZAMAN», «Мөлдір бұлақ» басылымдарын, кейін «Қазақстан-1» телеарнасын басқарған жылдарыңыз Сіздің қоғамдық және жемісті еңбегіңіздің нағыз кемеліне келген кезең болды. Ұлтымыздың игілігі үшін оны абыроймен, жауап­кер­шілікпен атқардыңыз. Сіздің ерен еңбектеріңіздің еліміздің нығаюына өзіндік үлесі бар деп білеміз. Қазіргі таңда басшылық етіп отырған «Prezident & Halyq» газетіндегі қыруар қызметіңіз, біздің баға жетпес тарихи, рухани мұрамызды сақтауға бағыт­талған ұшан еңбегіңіз – көп жағдайда елдің мәдени және қоғамдық өміріне әсер етті.
Сіздің қажымас қайратыңыз бен күш-жігеріңіз, берік өмірлік ұстанымыңыз жас толқын журналистерге сүйікті Отанына адал қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылады. Осынау игілікті істе қанатыңыз талмасын, денсаулығыңыз мықты болсын! Алдағы уақытта да осылай мерейіңіз өсе берсін, тың шығар­машылық ізденістердің үдесінен шыға беріңіз!

Бас редакторлар
Клубының президенті
Ерлан Бекхожин

Жауап қалдыру