Мектеп жасына дейінгі балалардың мəдени құзыреттілігін тіл дамыту арқылы қалыптастырудың ерекшеліктері

0
191

Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2016-2019 арналған мемлекеттік бағдарламасында мектепке дейінгі тəрбие мен оқытудың мақсаты: балаларды мектепке дейінгі сапалы тəрбиемен жəне оқытумен толық қамтуды, оларды мектепке даярлау үшін мектепке дейінгі тəрбиелеудің жəне оқытудың əртүрлі бағдарламаларына тең қол жеткізуді қамтамасыз ету, – деп көрсетілген. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін: 1. Мектепке дейінгі ұйымдардың желісін ұлғайту, 2. Мектепке дейінгі тəрбие мен оқытудың мазмұнын жаңарту, 3. Мектепке дейінгі тəрбие мен оқыту ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз ету, сынды міндеттер нақтылаған. Əрине, бұл бүгінгі қоғам сұранысынан туындап отырған жаңаша ұйымдастыруды қажет ететін міндеттер.

Қазақстан республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тəрбие тұжырымдамасы мемлекеттік тілді жəне басқа тілдерді үйрену арқылы балалар мен жастардың əлем жəне ұлттық мəдениетті игерулеріне, өз халқы мен басқа Қазақстан халықтарының дəстүрлері мен мəдениетін зерттеуіне жəне қабылдауына жағдай жасауды көздейді.

Мəдениет пен тілдің бірлігі адам болмысындағы, оның танымдық қабілетінің дамуындағы сөздің маңызын белгілеуге негіз бола алады. Мəселен, өткен ғасырдың 50-жылдарында көтеріле бастаған тілдік біліктердің сыртқы тұлғасынан бөлек, көзге көрінбейтін дерексіз ішкі модельдік құрылымдарын зерттеудің əдістемелік жағынан ілгерілеуіне генеративті бағыттағы көзқарастар əсер етті. Тіл біліміндегі іргелі өзгерістердің бірі – генеративті лингвистиканың негізін салушылардың көшбасшысы Н.Хомский ұсынған «түпкі құрылым» ұғымы лингвистикалық сементиканың қарқынды дамуына, лингвистикалық прагматиканың, мəтін теориясының, тіл бірліктерін дискурстық негізде қарастыру заңдылықтарының қалыптасуына ықпалы зор. Аталған теориялардың барлығында тілдік деректі түсіндіру идеясы бірінші кезекте тұрды. Генеративті теория адамның тілдік қабілетінің тереңде жатқан заңдылықтарын ашуға бағытталды. Тілдік прагматика үшін тілдік емес табиғи фактілер əлеуметтік қатынастағы (сөйлеудегі) адам іс-əрекетінің қағидалары (қабылдау мен түсіндірудің мақсат-мүддесі, қимыл-əрекет белгілері, шарттары, т.б.) болса, когнитивті парадигмада тілдік модель ретінде адам санасындағы процестер мен когнитивті құрылым негізге алынды. Яғни тіл мен мəдениеттің өзара ықпалдастағы, əсері негізінде тілдік таңбаның мазмұн межесінде мəдени сементика қалыптасады. Олай болса, тілді меңгеру үрдісінде де денотат пен сигнификат үнемі тең, қатар қаралуға тиіс. Өйткені денотат – нəрсе туралы ұғым. Мысалы, нан – ас; жылқы – мал; сигнификат – нəрсе туралы атаудың (сөздің) ұлттық ұғымға сай келетін мəдени семантикасы. Мысалы, нан – қасиетті тағам, жылқы – пырақ. Тілді оқыту тек сөздік қорды байытумен шектелмейді. Ол баланың жалпы құзыреттіліктері мен дүниетанымын ұлттық мəдениет негізінде дамытуды мақсат етеді. Осыдан келіп, тіл үйретуде, көркем мəтінге талдау жасауда, фонетикалық, морфологиялық мағыналармен бірге ондағы мəдени құзыреттіліктерді де ескеру қажеттігі туындайды.

Тілдік қарым-қатынас барысында тəрбиеші-педагогтың əлеуметтік қызметі де қолданысқа түседі. Яғни мəдени мұраға, ұрпақтардың қоғамдық тəжірибесіне ортақтасу, бала бойында құзыреттіліктерді қалыптастыру. Осының барысында педагог балаға өзін-өзі танытуға, тілдік қарым-қатынасты құндылықтармен толықтыруға жəне серіктесіне деген эмоционалды-тұлғалық қатынастарын жəне қарым-қатынас нысандарын меңгеруге, мəдени құзыреттіліктерінің қалыптасуына көмектеседі. Бұл үрдісте тəрбиеші келесі ұстанымдарды қолдануы тиіс: тəрбиеленуші тұлғасының қалыптасуы мен дамуына ықпал ету; өзінің балаға деген үміті мен талаптарын оның жеке тұлғалық дамуының мүмкіндіктерімен үйлестіру; тілдік қарым-қатынасқа түсу тəсілдерін қолдану; түсіністік, тану жəне басқаны қабылдау;

Тілдік қарым-қатынасқа түсу барысында мектеп жасына дейінгі балаға толыққанды, саналы, мəдени құзыреттілігі қалыптасқан серіктес ретінде қарау, тəрбиеші мен тəрбиеленуші арасында сенім мен қарым-қатынас атмосферасын қалыптастырады. Мəдени құзыреттілік негіздерінде тəрбие беру нəтижесінде баланың «еркіндік деңгейін» ұлғайтуына байланысты – яғни оның қабілетін, құқығын, болашағын көре аламыз. Балалардың бет-əлпетінде ерекше назарға оның көзқарасы ілігеді. Яғни, көзбен кез келген сезімі мен қарым-қатынасын білдіруге болады. Сондай-ақ тəрбиешінің көзқарасына бала ым-ишарамен жауап береді.

Мектеп жасына дейінгі балалардың тілдік қарым-қатынасқа түсуінің өзіндік ерекшеліктері сөйлемді меңгеру мен эмоциялық күйін білдіретін əрекет пен ым-ишараны меңгеруден, көмек сұрауына жəне қажеттіліктерін қанағаттандыруға байланысты. Ымишараларға мақсатты вокализация ықпал етеді. Олар тілдік қарым-қатынастың алдын алады. Осының барысында бала ересектерге қарағанда құрдастарын жеңіл түсінеді. Ол баланың мəдени құзыреттілігінің ерекшелігі болып табылады.

Тілдің дамуына байланысты балалардың қарым-қатынасы барынша нəтижелі бола түседі. Əңгімелесе білу қабілеті көптеген əлеуметтік қабілеттерге негізделеді: кезекпен сөйлей білу, əңгімелесушінің тəжірибесін, қабілетін, қызығушылықтары мен сұраныстарын ескеру, оның сөзін бөлмеу, назар аудара білу жəне əңгімені вербальді емес құралдармен жалғастыруға дайын болуы. Екі жасар балалар бір-бірімен жəне ересектермен тікелей сөйлесе алады. Олар ұдайы қоршаған ортаның белгілі құбылыстарын қысқа сөйлеммен жеткізеді. Үлкендермен сөйлесу барысында екі жасар балалар көбіне үлкендердің айтқан сөзін қайталаумен болады.

Мектепке дейінгі кезеңде балалар ересек адамдармен кезекпен сөйлеседі. Бірақ олардың əңгімесі əдеттегідей қысқа болады. Шамамен балалардың үш жасында басқа «бала не істеді» немесе «не айтты» деген сұрақтар туындайды. Бұлар естігенін анықтауға деген ұмтылысынан туындайды. Балалар ұдайы ым-ишарасымен басқалар туралы кездейсоқ сұрақтарды бере алады. Олар оны əңгімелесу үшін қолдану жəне оның айтайын деп жатқан нəрсесіне дайындауы үшін жүзеге асырады. Балалар ойын мен əңгімелесу барысында сұрақтар ғана қоймай, сонымен қатар бір-біріне өтініш айта да біледі. Балалар төрт жасында əңгімелесушінің сұраныстарына сəйкес əңгімені қолдауға бейімделеді жəне оны реттеу қабілеті арта түседі. Төрт жасар балалар екі жасар балалармен əңгімелесу барысында барынша қысқа жəне қарапайым сөйлемдерді қолданады. Төрт жастан үлкен балалар көбіне өзінің өтінішін жанама түрде жеткізеді. Мектеп жасына дейінгі балалардың қарым-қатынас мəдениетінің дамуы олардың сөйлеу қабілетінің дамуына тікелей байланысты жəне сөйлесудің осы айғағын тəрбие беру үрдісінде ескермеуге болмайды. Коммуникация үрдісі қабылдау барысында бағыттаушы жəне ұйымдастырушы рөл атқаратын сөйлемдік қарым-қатынас мотивтеріне қарай құрылады, олар сонымен қатар белгілі қарым-қатынас əдістерін, қабілеттер мен дағдыларды меңгеру мен өңдеуге тікелей қатысты. Қарым-қатынастың аспаптық компоненті ақпарат берудің мазмұны мен нысанын анықтайды. Ол вербальді емес жəне сөйлесу құралдарымен мəдени құзыреттілігінің мақсаттарына жету үшін қолданылады. Біз баланың мəдени құзыреттілігін қалыптастыруда қабылдау қабілетінің қиындығы, олардың көз алдында тұрғанды сезіп көретіндігіне жəне басқаның сыртқы жүріс-тұрысына байланысты деген тұжырымға келдік. Ал осы жүріс-тұрыстың астарында басқа адамның тілектері мен көңіл-күйі жатқандығын олар түсіне алмайды. Ол үшін оларға ересектер көмек көрсетуі тиіс. Балалардың адам туралы түсінігін дамыту керек, оларды қабылдау ситуациясының шегінен шығуға, басқа баланың ішкі ерекшеліктерімен таныстыруға ұмтылу керек. Мұның барлығын арнайы жасалған жағдайда жүзеге асыруға болады. Яғни баланың құзыреттілігін дамытуына қарай.

Жеке тұлға қасиеттерінің негізінде мəдени құзыреттіліктердің сапалары қоршаған ортаға, адамгершілікке, əлеуметтік құбылыстарға дайындығына, басқа адамдарға сенім арта білуіне коммуникациялық-тілдік бағыт барысында анықталады. Мəдени құзыреттілік сапалары тұтынушылық салада тілдік қызметті дамыту үшін негізгі құрал ретінде қолданылады жəне олардың ересектермен, құрдастарымен қарым-қатынасқа түсу барысында танымдық үрдістері дамиды. Қарым-қатынас қабілеттері эмоционалдық жəне еріктік реттеуді дамыту саласында жеке тұлғаның қабілеттерін дамытудың негіздері болып табылады, сол арқылы əлеуметтік қабілеттерінің дамуын, дифферциациясын жəне тереңдетілуін анықтайды: моральдық, танымдық, эстетикалық, еріктік жігерін оятады.

Қарым-қатынастық бағдарлылық танымдық саланың дамуы барысында барлық ағзаның қоршаған ортаны тануына белсенді қатысады жəне көңіл-күй тəжірибесін, логикалық емес дискурстық ойлауды дамытуға ықпал етеді. Олар интуиция мен өзіндік танымына деген сенімін жəне танымдық ойы мен өзіндік тəжірибесін дамытады. Өзін-өзі тану саласының дамыту деңгейі коммуникациялық құзыреттіліктердің көлемі мен деңгейіне байланысты, яғни олар «Мен бейнесі», «Мен жəне басқалары», «Мен басқаларынан өзгеше» жүйесін қалыптастырудың негізі. Бағалау қатынастары мен өзін-өзі бағалауды дамыту, мойындай білуге баулу, қоршаған адамдардың күте білуі ерекшелігі ересектермен қарым-қатынас механизмі ретінде көрініс табады. Олар коммуникациялық тілдік қызметтің реттеушісі. Осының барлығы мектепке дейінгі балалардың коммуникациялық қабілеттерін қалыптастыруға деген сұраныстың қажет екендігін айтуға мүмкіндік береді. Алдында аталып өткендей, бала мəдени құзыреттіліктің əртүрлі нысандарын меңгере бастайды. Нақты өмірде мəдени құзыреттіліктің əртүрлі нысандары бар, олар жағдайға қарай қолданылады. Тілдік қарым-қатынасқа түсе білу қабілеті адамның нақты жағдайға қаншалықты сəйкес келетіндігіне байланысты, оның іскер, танымдық жəне тұлғалық қатынастарды қаншалықты деңгейде қолданатындығында.

Мектеп жасына дейінгі балалардың мəдени құзыреттілігін қалыптастырудың мынадай ерекшеліктері анықталды:

– Сөздерді орынды қолданып, дыбыстарды ажырата отырып мəнерлеп оқудың түрлі тəсілдерін пайдаланады;

– Антоним, синоним жəне көп мағыналы сөздерді түсініп, сөйлеу барысында қолдана алады;

– Түрлі сөз таптарын, эпитеттер мен теңеулерді қолданып, монолог жасай біледі;

– Оқиғаларды құрастырады, ауыспалы жəне астарлы мағыналы ойларды түсініп, оларды қолдана біледі;

– Кітапқа қызығушылық білдіреді, өлеңдерді мəнерлеп жатқа айта алады;

– Дауысты жəне дауыссыз дыбыстарды дұрыс айтады;

– Мəдени дағдыларды меңгерген;

– Түрлі оқиғаларды айтуды, ертегілер, ойынға өлең ұйқастары мен сөздер құрастыруға қызығушылық білдіреді;

– Суреттерге сүйеніп (шағын мазмұны) ертегі, əңгімелерді айта алады;

Көрнекі ұсынылған жағдайларға сүйенбей сөздіктерді қолданады, сөйлеу барысында етістіктерді жиі қолданады.

Психологиялық-педагогикалық əдебиеттерге жүргізілген сараптамалар адамның мəдениеті мен адамгершілігін дамыту мəселелерінің маңыздылығын, сонымен қатар қазіргі адамның мəдени тұлғасының ерекшеліктерін атап өтуге мүмкіндік берді. Мəселен, маңызды жəне қажетті жағдайдың біріне қарым-қатынас мəдениетінің құрылымдық қажетті шарты жатады жəне жеке тұлғаның мəдениеттегі ұстанымы мен тұлғалық қалыптасуына алып келетін ерекшеліктерін жобалай отырып ол əлеммен қарым-қатынасқа түсудің оңтайлы тəсілі болып табылады.

                                                                                                        Н.О.АТЕМКУЛОВА,

                                                                                                             Абай атындағы

                                                               Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

                                                                          педагогика ғылымының кандидаты

                                                                                 қауымдастырылған  профессор

                                                                                                           А.К.ЕЛГЕЗЕКОВА

                                                                                                     2-курс магистранты

 

Жауап қалдыру