Мұражай – халық мұрасы

0
143

Жер жәннаты – Жетісудың табиғаты қандай әсем болса, оның тарихы, мәдениеті мен өнері де өте бай. Жетісу – халқымыз басынан өткен небір зұлмат замандарды басынан өткерген киелі өңір. Ол – тарих куәсі. Сондықтан да, сол замандарда халқымыз қолданған заттар, қару-жарақтар, басқа да жәдігерлер бүгінгі күні көздің қарашығындай сақталуда. Бұл мақсатта облыста бірыңғай мұражай жүйесі қалыптасқан.
Терең тарихымыздың інжу-маржаны мен жақұттарын қаз қалпында сақтап, оны жастар арасында дәріптеу жұмыстары өте ықпалды жүргізілуде.
Атап айтқанда, республикада бойынша музейлер саны жағы­нан Алматы облысы бірінші орында келеді. Бүгінгі күні киелі өңірде 22 мұражай және 2 өнер туындыларының галереясы тұр­ғын­дарға қызмет көрсетеді.
Халқымыздың баға жет­пес құндылықтарын сақ­тауға бағытталған мәдени орын­дар­дың қалыпты жұмыс істеуіне  облыс әкімдігі зор қолдау көрсетуде. Мәселен, соңғы ал­ты жыл ішінде 16 мұражайға күрделі және ағымдағы жөндеу, сонымен бірге, ішкі безендіру жұмыстары жүргізіліп, музей қорлары жаңа экспонаттармен толықтырылды.
Облыстағы музейлердің ішін­де өзіндік ерекшелігімен дара­ланатын 1892-1895 жылдар аралығында бір шегесіз тұр­ғызылған «Жаркент мешіті» сәу­лет-көркемөнер, 1946 жылы жасалған Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды, 1985 жылы салынған қазақтың тұңғыш саяхатшы-ғалымы Шоқан Уә­ли­хановтың ескерткіші ерек­ше орын алады. Ал, 1995 жы­лы ашылған «Алтын адам» ескерткіші 1996 жылдан бастап, Есік қаласындағы археоло­гия­лық-өлкетану му­зейі бо­лып аталды.
– Әр музей – құнды жәді­герлерімен, қайталанбас тари­хымен халықтың назарын аудара алады. Облыс аума­ғындағы музейлер қорында әр заманғы 60 мың  239 жәдігер сақталуда. Оның 30 мың 81-і негізгі қорға, 30 мың 158-і көмекші қорға жатады. Осы жәдігерлерге есеп пен сақтау жұмыстарының дұрыс жүргізілуін ұйымдастыру мен қамтамасыз ету кез келген музейге қойылатын басты талап болып табылады, – дейді журналистермен өткен бас­қосуда Алматы облысының мә­дениет, архивтер және құжат­тама басқармасы басшы­сының орынбасары Әлия Жақып­бекова.
Ғ. Жазылбеков,
«Президент және Халық».
Алматы облысы

Жауап қалдыру