Ұлтымыздың  ұлы күні

0
238

Тәуелсіздік мерекесі – мейрамдардың мейрамы, ең ұлы мереке. Осы мерекенің ұлылығын айқын түсіну үшін бір сәт өткенімізге шолу жасап қою абзал. Тауарихқа қарасақ – бір заманда әлемді аузына қаратқан көшпенділер империясының Ұлы Дала төсіндегі бір сынығы жаңаша ұйысып, өз этностық атауымен мемлекет құрған да, төрт ғасырға созылған дербестігінен соң елдігінен айрылған, сөйтіп ғасырға жуық отарлық езгіде қиналған.

Одан, отарлаушыларға қар­сы көтерілген нәтижесіз қи­лы бұлқыныстардан кейін, жаңа өркениетке сай, ұлт азаттығын көздеген қозғалыс­ты өрістетіп, орыс импе­рия­сындағы тәуелсіздік аң­са­ған халықтармен бірге мо­нарх қамытынан құтыл­ған да, «Алаш-Орда» Халық Кеңесін құрып, елдігін уақыт талабына сай жаңғыртқан. Бірақ таптық жалау желбіреткен дүлей күштің еліткіш-мәжбүрлегіш әрекеті басым түсіп, одан айрылып қалған, содан соң, қара халыққа жақын көрінген, ұлт­­тық құрылымдардың бар­ша­сының түбіне жеткен сол дүлей күштің қызыл туы астында қазақ та автономия алып, еркін ел болдық деп ма­саттанған;
Елдіктің бірқатар белгісін қазақ шынымен де қы­зыл туды желбірете жүріп жаң­ғырт­қан: ел басқару құ­ры­лы­мын түзген, жаппай сауаттануға бет бұрған, пат­шалық империя бөлшек­теген жер-суы мен халқын бір шаңырақ астына жинаған;
Бірақ Ұлттық апатты – кеңестік билік жасанды да сұрапыл нәубеттермен үш дүркін есеңгіретіп, халық ре­тінде жойылып кетуге тақалт­қан алапат ашаршы­лық­тарды бастан кешкен;
Зұлматтан құр сүлдері қал­ған халқымыз тап сол кеңестік биліктің жетекшілігі­мен қайта түлеп, рухани жаң­ғыра алған, нәтижесінде: мем­ле­кеттік қылмысын саясат­пен әрлеп жасыруға шебер большевизмнің қолымен ауыр нәубетке ұшыраса да, еңсе түсірмей көрсете алған өмірге құштарлығы лайықты бағасын алған, автономиялық республикасына кеңестік билік көсемі «тәуелсіз социалистік мемлекет» тәжін кигізген де, одақ құрушы республикалар қатарына қосқан;
Екінші дүниежүзілік соғыс­тың қан қасабына қазақ жал­пы санының төрттен бі­рін сол кезгі ортақ отанды қорғау мақсатында жіберген, оның төрттен үшін құрайтын боздақтар майдан далаларында қалған;

Кеңестік билік республика аумағын 30-шы жылдардан қаптатқан концентрациялық лагерьлерге, өзге өңірлерден зорлап көшірілген халық­тардың жаңа мекеніне ай­нал­дырған, одан, 50-ші жыл­дары тәтті ұрандармен қазақ жер-суын жаңаша отарлау науқанын үдемелете жүр­гіз­­ген, сондай большевиктік әре­кеттер салдарынан қазақ өз жерінде ұлттық азшылық дең­гейіне дейін құлдырап кеткен;
Әлденеше ондаған жыл­дарға созылған билігі тұсын­да жаңа тұрпатты отарлаушылар ел-жұрт санасын билеуде көп табысқа жеткен: 20-шы жылдар ортасында ел басқаруға орталықтан келген эмиссар армандаған санаға «нивелировка» жасау сынды мұратты 50-60-70-ші жылдары совет одағы ауқымында «жаңа адам тәрбиелеу», одақ құрамындағы өзге ұлт­тар үшін «орыс тілін екінші ана тіліне айналдыру» жоспарларына ұластырып, қапысыз жүзеге асырған – кешегі бұратана, бүгінгі өзге ұлттармен «құқ­тары тең» қазақтың бар ақыл-ойының, арман-мүд­десінің орындалу кілтін орта­лық­қа байлаған, тиісінше қазақ елінде сол кіндік биліктің айт­қанынан шықпайтын, өз бетінше ой түйіп, халқы үшін пай­далы бірдеңе істеуге не өресі жетпейтін, не батылы бар­майтын, түрі ғана ұлт­тық, ал ішкі мазмұны жал­пыим­периялық сипатқа сы­қы­ған орыс тілді саяси элита қалыптастырып алған;
Сол элитаның биліктег­і пар­тияның биік құрамын құ­раған «аса беделді де құр­метті» бөлігі тағдыршешті сынға төтеп бере алмаған, мәс­кеулік орталық өзі пұрсат еткен демократиялық жа­ңару бағыттарын белінен ба­сып, Қазақ республикасын бас­қаруға қазақ үшін көл­де­нең көк аттыны жібергенде, оны заңды түрде кері қағудың орнына, бас шұлғи қабыл алған, сонда олардың бұл қы­лығына – төбелеріне қойған таңдаулыларының құлақкесті құлдық шешіміне халық үнсіз мойынсұнғанмен, оның жас ұрпағы намыстанған: өскелең өрендер дүр сілкініп, көкірекке ұялаған сұрақтарына жауап алу үшін астананың басты алаңына шыққан, бірақ совет билігі олардың бейбіт шеруін өкіметке қауіп төн­діргендей көріп, одақтас республика жастарының конс­титуциялық құқтарын аяқ­қа таптап жатқандарына ой жү­гіртпестен, тез ауыз­дық­тай қою үшін, құдды отар құл­дарын жуасытқандай тәсілмен дөрекі де тұрпайы күш қолданғанда, өрімдей қыз-жігіттер ашынып, саяси наразылығын қайтпас ереуілге, азаттық көтерілісіне ұластырған;
ХХ ғасырдағы әскери күш­пен басып-жаншылған ұлт-азаттық кө­теріліс­тер­дің соң­ғысы бол­ған осы та­рихи оқи­ға ке­зіндегі жуасыту және жаза­лау операцияларынан соң, қолға тірі түсірілген сая­си қарсылық көрсетушілер мен оларға іш бұрушыларды «37 жыл» рухында сөккен, сазайын тарт­қызған реп­рессиялық ша­ра­­лардан бес жыл өт­кенде хал­қымыз ға­­сырлар бойы аңсаған мемлекеттік тәуел­сіздікке қол жеткізді.
Қазақтың осындай тайғақ кешкен тар жолдан күллі кедергіні бұзып-жарып аман өтуі арқылы жеңіп алған Тәуелсіздігінің мерейлі күні ел-жұртты ерекше шаттыққа бө­лейтін бүкіл­халықтық ұлы ме­реке. Биыл бұл күнді жиыр­ма жетінші мәрте атап өтеді екенбіз. Осы күн қар­са­ңында, әдетте, биік мін­берлерден тәуелсіз дамы­ған еліміздің жетістіктері ай­ты­лады, алынуға тиіс жа­ңа бе­лес­тер, сол орайда атқа­рыл­мақ міндеттер сөз бола­ды. Ретімен дәріптеле бер­мек жетістіктер мен толас­сыз ай­тылмақ мерекелік ле­біз­дер­ге қосылатынымды біл­ді­ре отырып, мен, дегенмен, осы күндері ұмыт қал­дырыл­мауға тиіс кейбір жайттер жа­йын да ескерте кетсем деймін.
Көңілдегі түйіткіл түсінікті болу үшін, біздің ұрпақтың са­налы ғұмырының басы­м бөлігі советтік дәуірде өтке­нін еске салғым келеді, сол шақтағы аса ұлы мереке – ескі күнтізбемен 25 қазанда жа­сал­ғандықтан, 7 қараша сайын тойланатын «Ұлы Қа­зан социалистік революция­сы» мейрамы болатын. Бұл күннің әр адам санасына алтын әріптермен өшпестей болып түсірілгендігі сондай, әлемге танылған ірі жазу­шыларымыздың бірі: «Хал­қымның туған күні – Ұлы Октярь екенін балаларымның балаларына дейін айтып кетемін», – деп жер-жаһанға жар сала уәде берген. Алайда заман өзгерді, кешегі қызыл империя шынжырынан азат болған халықтар шын туған күндерін – елдік мәртебеге қол жеткізген күндерін – ең ұлық мереке ретінде тойлап жүр. Тек бізде отарлық дәуірдің темір құрсауынан құтылғанымызға қуанатын сезім баршаның жүрегін жаулай қоймаған сияқты көрінеді маған. Тіпті, еліміздің осы ең басты мейрамы қарсаңында студенттердің оқу үдерісін үзіп, жаппай каникулға жіберу әдетке айналғанын, жел­тоқсанның бастапқы күн­дерін­де тәуелсіздік күнін емес, одан жарты айдай кейін туатын жаңа жылды қар­сы алуға дайындықты бас­тап кететінін көргенде, «билік­тің мұнысы несі, мемлекет­тік мерекеге шынымен де өзі немқұрайды қарай ма, қа­лай» деген күдік көкірекке ұя­лай­тын.
Тәуелсіздік мерекесінің сексен алтының желтоқсанында жастар қарсылық шеруіне шыққан күнге тұспа-тұс келуі жоғарыда айтылған күдіктің жауабын ұстатқандай сы­қыл­данатын. Жиырмасыншы ғасырдың соңғы он­жыл­дығында орын алған тағ­дыр­шешті өзгерістерге, іс жүзінде империя ішіндегі жа­ңа тарихқа жол салған сая­си көтеріліске өз дәрежесіне сай баға берілмегендіктен, оның тәуелсіздік тұғырына қалан­ған маңызды кірпіш іспетті рөлі бағаланбады деп саналатындықтан, тап сол күнгі еске алуға жол беру – жастардың жаңа толқуына апаруы ықтимал деп, қолай­сыз қозғалыс туғызбау­дың амалын осылайша қарас­тырса керек. Оның үстіне, бұдан жеті жыл бұрын тура сол күнде (бұл жолы империя отарында емес, империя құрсауынан азат болған тәуелсіз елдің тап өзінде) орын алған тағы бір қасіретті оқиға – Жаңаөзен трагедиясы болды. Осы екі қайғылы оқиға құрбандарына тағзым етуді көп жан борышы санайды. Өкімет, ыңғайы, сондай шара кезінде жастардың, негізінен студенттер тарапынан ойластырылмаған жағымсыз әрекеттер бұрқ етуі мүмкін деп сескенетін сияқты. Сонымен, ұлы той күнінің екі бірдей оқиға құрбандарын еске алу күнімен тұстас келуі шын мәніндегі жалпыхалықтық мейрам ретінде көріне алмауына себеп болып отырғаны анық па деймін. Егер билік мүлдем басқа өкіметтің, тарих сахнасынан кеткен өкіметтің қылмысын қорғаштағандай болмай, Сексен алтының қаһарлы Желтоқсанын империя құрсауын бұзған саяси көтеріліс ретінде атап, сол көтерілістің рөлін асқақтата көтеріп, тәуелсіздігіміздің салтанатты мерекесін құр­бандарға тағзым етуден бастап жатса, әсер, сөз жоқ, басқаша болар еді. Бірақ, өкінішке қарай, ұдайы елемеу жағы басым түсіп келеді. Ол аздай, енді оған, жеті жылдан бері, өкіметтің орашолақтығынан адамдарды атуға жол берілген жаңа қылмыс қосылды. Оған опынып жатқан ешкім байқал­майды. Мұндайда көңіл қа­лай екіұдай болмасын. Осын­дай жағдай өзгермей тұр­ған­да, биылғы мерекенің де ке­йінгі жылдардағыдай сұ­рық­сыздау өтпесіне кім ке­піл…
Дегенмен тығырықтан шы­ғ­ар жол іздеу жөн. Дұ­ры­сы – тәуелсіздік мереке­сін сол тәуелсіздікті мақсат етіп тұ­жырымдаған Деклара­ция­ның қабылданған күніне ауыстыру. Еске түсірейік – 1990 жылғы 25 қазанда Жоғарғы Кеңес Қазақ КСР-інің Егемендік хақындағы декларациясын, ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда сол Жоғарғы Кеңес Қазақ КСР-інің Мемлекеттік тәуелсіздігі жайындағы заңды қабылдады. Яғни Декларация қабылданған күнді Тәуелсіздік мейрамы етуге әбден болады. Өткен заманға тағы бір көз жүгіртейік. Қазақ АКСР-ін құру жайындағы Декларацияға 1920 жылғы 26 тамызда қол қойылған, ал Қазақ АКСР-ін Қазақстан Советтерінің Құрылтайшы съезі сол жылғы 4-12 қазанда құрды. Қызығы, екі датаны да Советтік Қазақстан тойлаған емес, өйткені соған жол ашқан 7 қарашаны бүкіл Одақ болып тойлау жеткілікті көрінген болса керек. Бұл – қызыл империя кезінде осылай болды, енді, империялық тәуелділіктен құ­тылып, өз еркіміз өзімізге тигенде, тарихи жағдайларды есепке ала отырып дұрыс шешім қабылдауға әбден болады емес пе… Әрі, еске түсірейік, біздің су жаңа тарихымызда да мұндай мысал бар: әуелде Астана күнін билік органдары Ақмолаға барып орналасқан күнге орайластырып тойлап жүрдік те, кейін, елорданы сонда ауыстыру жөніндегі ше­шім шыққан күнге ауысты­рып алып едік қой… Жел­тоқсанның 16-17-18-ші күн­дерін Советтік империя ор­талығының озбырлығына саяси қарсылық танытып көтерілген және Жаңаөзенде айлар бойы әлеуметтік әділет­тілікті бейбіт түрде талап етіп тұрған азаматтарға күш қолдану салдарынан жа­зық­сыз қырылған құрбан­дарды еске алу шараларын өткізуге қалдырып, Тәуел­сіздік мейрамын 25 қазанда мерекелеуді заңдас­тыру қажет-ақ. Сон­да ғасырлар бойы аңсаған мемлекеттік тәуелсіздігімізді табиғаттың өзі туғызатын қолайлылық ахуалда мән-мағынасына терең де жан-жақты ой жүгірте отырып той­лауымызға әбден болар еді. Ондай әрекеттің былтырдан бері барша жұртқа зор сілкініс әкелген Президент Назарбаевтың болашаққа бағдар ретінде ұсынып, сананы жаңартуды көздеген бағдарламалық мақаласы мен сондағы рухани жаңғыру жолдарын үстемелей түскен тағы бір бағдарлама іспетті, тарихқа бойлаудың нақты жолдарын Ұлы даланың жеті қыры ретінде атап көрсет­кен биылғы мақаласы ауқы­мында атқарылмақ істерге үндес шығатынына күмән бол­маса керек.
Тәуелсіздік мерекесі қарса­ңында тілге осындай ойлар оралып тұр. «Өлі разы болмай – тірі байымайды» деген, бақуатты да бақытты өмір сүру үшін, шын мәніндегі мың жылдық, яғни мәңгілік мемлекет іргесін нығайта түсу үшін қоғамдық тыныс-тіршілігімізге осындай түзетулер мен толықтырулар жасап алудан тартынбайық. Тәуелсіз мемлекетіміздің жұлдызы жарқырап, абыройы арта түсуіне, халқымыздың дәулеті көтеріле беруіне, тыныс-тіршілігі заман талабына сәйкес жақ­сара түсуіне, өскелең ұр­пағымыздың отансүйгіштік рухта, ең озық демократияға лайық деңгейде тәрбиеленуіне саналы іс-әрекетімізбен өзіндік үлесімізді қосайық. Ұлы Даланың шын қожайыны атына сай болайық. Келе жатқан ұлы мереке – Тәуелсіздік мейрамы құтты болсын, тәуелсіз ел азаматтары!

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
Тарих ғылымдарының кандидаты

 

Жауап қалдыру