Құлтемірге құл боп жүрмейік!

0
54

Қазіргі таңда жоғары білім алу қолжетімді. Алай­да сұранысқа ие ма­ман­дық иесі болу аса күр­делі мәселе болып тұр. Өз басым қазақ жас­та­­рының жаппай ЖОО-да оқуын құп көр­меймін. Керісінше қалам­сап, ине жасаудан бас­талатын тұрмыстық бұйым­­дар­дан тартып ғылыми сыйым­дылығы жо­­ғары техни­ка­ларды жа­­сайтын, «Made in Kazakhstan» авторы бо­латын жас­тар керек. Онсыз «Бә­се­кеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру» деген ұра­ны­мыз бос арман болмақ.
Бүкіләлемдік экономикалық фо­рум Дүниежүзлік банк және Же­невадағы халықаралық менедж­мент және даму институтымен бірлікте әр жылы әлем елдері­нің бәсекеге қабілеттілігін баға­лай­ды. Сол арқылы елдер өз­дері­нің артық-кем тұстарына тал­дау жасайды. Оның өлшем көрсет­кіштерінің қатарында ең­бек ресурстарның саны мен олар­дың мамандануы маңызды орын­да. Сондықтан отыздықтың қатарына кіруді мақсат етіп отыр­ған Қазақстанның білім беру, ма­мандық таңдау ұстанымы осы көр­сеткіштердің талабына сай нысанда болғаны дұрыс. Оның үстіне төртінші өнеркәсіптік төң­керіс қарсаңындамыз. Бұл төң­керіс – киберфизикалық жүйенің өн­ді­ріске, күнделікті тұр­мысқа және жұ­мысқа енуімен ерекшеленетін, адам баласының өмір сүру тәр­тібін, өндірісі мен тұрмысын, сау­дасы мен нарығын, тіпті, үкіметі мен саяси жүйесін, қала берді жеке адамның тұлғалық қасиетін өз­гертетін ірі төңкеріс. Төртінші жаһандық өнеркәсіптік революция немесе жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балалары­мызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертеді. Ол ел эко­номи­касының дамуына әсер етіп қоймастан, жаппай жұмыссыз­дық­қа соқтырады. Жастарға шына­йы ойланып, дұрыс мамандық таң­дап, адал еңбек етіп, өзінің кәсіби әлемін жасаудың кезі келді.
Бүкіл дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы әрі президенті Клаус Швабтың «The Fourth Industrial Revolution» (Төртін­ші өнеркәсіптік төңкеріс) атты кіта­бында: «Төртінші өнеркәсіп ре­волюциясы бойынша, коммуника­­цияның цифрлық байланыс арна­лармен және бағдарламалық тех­но­логиямен қамтамасыз етілуі, қоғамды түбегейлі өзгертеді десек артық кетпейміз. Бұл өзге­ріс­тер­дің әсер ету ауқымы, трансфор­ма­циялануы және жылдамдығы, адам­­зат тарихында болып өткен өнеркәсіптік революцияға қараған­да мүлдем басқаша тұрпатта жүріп жа­тыр» деп атап көрсетті. Осы кітапта Дүниежүзілік экономикалық форумның халықаралық сараптау кеңесінің, жоғары лауазымды бизнес өкілдерінің 800 жетекшісіне зерттеу жүргізіліп, сол бизнес өкілдерінің көзқарастары бойынша түбегейлі өзгерген жаңа технологияның қай кезден бастап, жалпы қоғамдық сипат алатындығын және оның әсерінің қалай болатындығы тура­лы сараптаманы ұсынған. Тө­мен­де өзгеріс кезеңнің 23 өзгерісі ұсы­нылған.
– Имплантацияланатын техноло­гия
– Біздің өміріміздегі цифрлану
– «Цифрландыру» жаңа интер­фейс ретінде
– Алып жүретін интернет
– Үлестірілген есептер
– Суперкомпьютер сіздің қалта­ңызда
– Барлығы үшін сақтау қоймасы
– Заттар интернеті және заттарға арналған интернет
– Интернетке қосылған үй
– «Ақылды» қалалар
– Шешім қабылдау үшін «көлемді мәліметтер»
– Жүргізушісіз автокөлік
– Жасанды интеллект және шешім қабылдау
– Жасанды интеллект және ақ жағалылар жұмыс орны
– Робототехника және қызмет көрсету
– Bitcoin және блоктар транзакция­лар тізбесі
– Бірлесе тұтыну экономикасы
– Үкімет және блоктар тізбесі
– 3d форматында басып шығару және 3d өндірісі
– 3d форматында басып шығару және денсаулық сақтау
– 3d форматында басып шығару және тұтыну тауарлары
– Жобаланған мақұлықтар (жара­тылыстар)
– Нейротехнология
Көріп отырғандарыңыздай, осы 23 түрлі өзгеріс біздің қоғамды және қоғамдық қарым-қатынасты түбегейлі өзгерту қарсаңында тұр. Қазіргі кезде зерттеушілер мен өнертапқыштар – адам интеллектісі деңгейіндегі жасанды интеллектіні ойлап табуға талпынуда. Жасанды интеллект (Artificial intelligence) «ақылды» технологиялар заманын тудырды және ол тоқтаусыз әрі қарай дамып барады.
Төртінші өнеркәсіптік төңкерістің аясындағы өзгерістер орын алғанда бірқатар мамандықтардың орнын техникалар иелеп, адамдарды жұмыссыз қалдырады. Ең алдымен робототехникалардың иеленетін саласы – көлік және жүктасымал саласы болмақ. Оған жүргізушісіз көліктердің пайда болуы жеткілікті себеп. Одан соң өндіріс орындары, монтаж және ремонт, құрылыс, кен өндіріу мен байыту салалары біртіндеп адамдардың қолынан сусып шыға бермек. Бірақ, білім, өнер, шығармашылық, ғылым мен басқару салалары адамдардың еншісінде қалады. Оған жасанды интелектінің мүмкіндігі жетпейді.
Біз жоғарыда айтқан жасанды интелектінің «қолына өтетін» салаларда мүлде адам жұмыс істемейді деуден аулақпыз. Онда да адамдар жұмыс жасайды, мысалы, басқарушы, техникалық шеберлер, заңгерлер, кәсіпкерлер болып.
Міне, осындай күн туар сәт алыс емес. Бәсекелестік бұрын және қазір адамдар арасында болса, таяу болашақта адамдар мен «жасанды адамдар» арасында болғалы тұр. Ал ондай жасандылардың жүрегінде Құдайдың бізге берген ең ұлы сыйы – махаббат пен ізгілік болмағандықтан олармен бәсеке аяусыз түрде болатындығы даусыз.
Бірақ Сіз саспаңыз, қорықпаңыз, тек соларды жасау мен басқарудың білімі мен ғылымын игеріңіз, шығармашылыққа жақын болыңыз, жеке кәсібіңізді ашыңыз. Ал ата-аналар халқымыздың «Әке балаға сыншы» деген даналығын басшылыққа алып, балаңыздың дара қасиетін, әуестігін бағалаңыз. Оның қандай мамандық оқуына немқұрайлы қарамаңыз. Оның біліміне «инвестиция» салудан қашпаңыз. Ол инвестиция мейлі қаржы, мейлі ақыл-кеңес, жылы жүрек, ізгі көмек болсын, бәрі де дағдарып жүрген ұл-қызыңыз үшін аса маңызды екенін ескеріңіз. Қанша жұмыс басты болсаңыз да, қалтафон мен ессіз фильмдерге бөлген алтын уақытыңызды ұрпағыңызға арнаңыз. Балаларыңыздың біліміне жұмсалған қаржының қартайғанда бейресми зейнетақы болып өзіңізге қайтарын ұмытпаңыз.

Қастер САРҚЫТҚАН,
Абай атындағы ҚазҰПУ Елтану және туризм кафедрасының доценті, география ғылымдарының кандидаты

Жауап қалдыру