Ұлт өнері ұлықталды

0
103

Дәуірлерден сүрінбей өткен озық дәстүрлерді жаңғырту мен дәріптеу мақсатында «Мен қазақпын» мегажобасы қолға алынды. Өнердің мән-мағынасына басымдық бере отырып, халықтың ұлттық рухани тамырдан нәр алуына басымдық берілген жобаның мақсаты – еліміздің түкпір -түкпіріндегі дәстүрлі әнші, термеші, күйшілердің басын бір арнада тоғыстырып, әр аймақта қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеу. Төл өнеріміз – күй, жыр-термені дамытып, заманға сай жаңашаландырып, өскелең ұрпаққа насихаттау.
Ілияс  Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен мегажобасына 18 бен 40 жас аралығындағы 56 үміткер қатысты. Жобада ән-күймен қатар өңірдің тарихи-мәдени ескерткіштері, мұражайлары, ел ішіндегі шежірелі абыздар, қарттар, өнерпаздар, қо­лөнер шеберлері жайлы түсірілім жасалды.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаровтың айтуынша, респуб­ликалық мегажобаға дара дауыстылар іріктеліп алынған екен.
– «Тас түбіне су бармайды», – демекші, ел-ішінде жатқан өнерпаздарды іздестіру – мәдениетті басқарып отырған азамат­тардың міндеті. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация ми­нис­трлігінің қолдауымен «Қазақстан» Республикалық Телерадикорпорациясы» акционерлік қоғамы қолға алған жобаның төл өнерімізді насихаттауда атқаратын рөлі зор. Қатысушыларға қойылатын басты талап, бір-бірінің шығармасын қайталамау және сирек орындалып жүрген ұлттық шығармалардың болуы. Бүгінгі біздің өнерпаздарымыздың көбі республикалық байқаулардың жеңімпаздары. Барлығы ауылдан нәр алған өнерпаздар, – деді ол.
Қазылардың шешімі бойынша облыстан үздік деп танылған өнерпаз келесі айна­лымға жолдама алады. Демек, әр өңірден шыққан 1 дәстүрлі әнші, 1 термеші, 1 күйші халықаралық телевизиялық мега жобаға қатысады.
Бірнеше сағатқа созылған телевизиялық жобаға қатынасқан облыс өнерпаздарының кіл мықтыларының ішінде дәстүрлі ән бойынша Сүйінбай атындағы филар­монияның әншісі – Бейбіт Мұсаев, күй жарысынан Қанабек Байсейітов атын­дағы саз колледжінің ұстазы – Жанар Олжа­бай­қызы және термешілер арасынан Қа­расай ауданының өнерпазы Мұқатай Бай­мұ­ха­метов үздік атанды. Аталмыш дом­быра­шы­лар қазан-қараша айларында Астана қаласында өтетін финалдық байқауға қа­тысады. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз!

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ

Жауап қалдыру