Әлеуметтің әлеуеті артады

0
28

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талқылау мақсатында Алматы облысы Талғар аудандық әкімдігінде жиын өтті.
Шараға аудандық мекеме, кәсіпорын, комитет, бас­қарма басшылары, аудан­дық мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, білім беру, денсаулық сақтау са­ла­сының қызметкерлері, ауыл­ша­руашылығы құрылым­дарының, қоғам­дық бір­лес­тіктердің жетек­ші­лері, ау­дандық ақпарат­тық-тү­сін­діру тобының мүше­лері қатысып, Елбасы Жолдауының маңыз­дылы­ғына тоқталды. Аудан әкімі Рыскелді Сәтбаев өз сөзінде:
– Елбасы кезекті Жолдауында қазақстандықтардың әр жеткен жетістіктерін қуана айтып, әлі де атқарылатын жұмыстардың бар екеніне тоқталған болатын. Жолдау еліміздің беріктігін одан әрі нығайтуға, келешек ұрпаққа қуатты мемлекет қалдыруға мүмкіндігіміздің бар екендігін тағы бір дәлелдеп берді, – дей келе Жолдауды тұрғындар арасында наси­хаттау ісіне үлкен көңіл бө­лініп, атқарылатын жұмыстар кестесі бекітілгендігін айтты.
Елбасы Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны бір жарым есеге көтеруді тапсырды. Жалақы көлемі 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өседі. Яғни, бұл ауданның 200 мыңға жуық халқына тікелей қатысты. Соның ішінде 8840 бюджеттік ұйым қызметкерінің еңбекақысы жоғарылайды. Жиында эко­номика және бюджеттік жоспарлау бөліміне қажетті қаржыны анықтап, оны 2019 жылға арналған бюджетте қарастыру тапсырылды. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдар­ла­ма­сын жыл сайын 30 млрд теңгеге қосымша қаржы­лан­дыра отырып, 2025 жыл­ға дейін ұзарту міндеті де жүк­телді.
Ауданда 2889 адам тұрғын үй, 26420 адам жер учаскесін алу кезегінде тұр. Ағымдағы жылы «7-20-25» бағ­дарламасы бойынша құ­рылыс бөлімі тарапынан 60 пәтерлі несиелік тұрғын үй Талғар қаласында қолданысқа берілмек. Сонымен бірге, тағы да осындай 60 пәтерлі үш үйдің және 50 пәтерлі үйдің жобалық-сметалық құжаты дайын. Аталған тұрғын үйлердің құрылысы 2019-2020 жыл­дарға жоспарланған. Бағдар­лама аясында 7,9 гектар жер теліміне тұрғын үй салуға инвесторлармен жұмыс жүр­гізілуде.
«Нұрлы жер» бағдар­ла­масы шеңберінде жалдама­лы және несиелік тұрғын үйлердің іске қосылуын ұлғайту көзделген. Бүгінгі күні осы бағдарлама аясын­да Белбұлақ ауылында 4 жеке жер үй салынып, «Тұр­ғын үй құрылыс жинақ бан­кінің» «7-20-25» талабы бойын­ша болашақта осы кот­тедж қа­лашығында 70 үй са­лын­бақ.
Жақында облыс әкімі Амандық Баталов пен «Бас­пана» ипотекалық ұйымы» АҚ-ның басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков бірлескен меморандумға қол қойып, келісім арқасында «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы жарнаның жартысы субсидияланатындығы айтылды. Халықты баспанамен қамтуға бағытталған мұндай іске облыстан 2 млрд теңге бөлінген. Бұл аудандағы бюджеттік салада жұмыс істейтін азаматтарға, соның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлерге жасалған үлкен қолдау екендігін Рыскелді Ахметқалиұлы айрықша атап өтті.
Мінберге көтерілген «Қа­заг­ростандарт» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, аудандық мәсли­хаттың депутаты Сұлтан Нұр­дәулетов, Дәулет ауы­лындағы №11 орта мек­тептің дирек­торы Ай­дар Қоңыратов, орталық аурухананың қан құю бөлі­мінің меңгерушісі Анна Бушанская, Талғар қала­сын­дағы «Алмалы» жа­сөспірімдер спорт мекте­бінің директоры Дәурен Үш­кем­піров, Д. Қонаев атындағы заң колледжінің ұстазы Мұрат Қуаныш Елбасы Жолдауы әлеуметтің әлеуетін арттыруға арналған­дығын айтып, қолдайтын­дықтарын білдірді.

Ұлбосын ИСАБЕК.
Талғар ауданы

Жауап қалдыру