Кісілік пен кішілік

0
219

Қадірменді  замандас,  білімді  де  білікті   азамат  атану адам бойында сирек кездесетін қасиеттер. Олар  еліне сіңген ерекше еңбегімен бағаланбақ. Жайшылықтағы сыпайылық, мәдениеттілік, кішіпейіл  бауырмалдығы басым азаматтың қызметте темірдей тәртіпті талап етуін, жауапкершілігі зор басшылығын көріп сегіз қырлы, бір сырлы деп қорытындылауға келісесің. Сыйласу сырласуға ұласып, бұл ойыңның дұрыстығы дәлелденеді.
Көп арасынан ерекше көрі­нетін сол азаматтардың бірі – аудандық, облыстық, ішкі істер бөлімінен дараланған полиция ге­нерал-майоры Асыл-Кеней Са­ғын­жан Байболов.
Жетпіс жастық ғұмырын енді тізгіндеген Сағынжан Еңбек­ші­қазақ ауданындағы «Көктөбе» кеңшарына қарасты кешегі Совет ауылында 1947 жылдың көк­темінде кіндік қаны тамған. Осы ауданның «Жаңашар» орта мектебін бітірісімен әскерлік міндетін өтеуге аттанады. Ол Алматыдағы арнаулы милиция мектебінің заң факультетіне 1969 жылы оқуға түседі. Жас офи­цер өз білімін толықтыру үшін 1997 жылы Ленинградтағы заң институтын, 1997 жылы КСРО ішкі істер министірлігі Ака­демиясын аяқтайды.
Оқығаны, көңілге тоқы­ға­­ны көп Са­ғын­жан өмір бас­пал­дағы атанған еңбек жолын облы­сымыздағы Қарасай (бұрынғы Қаскелең) ауданында қатардағы қарапайым учас­келік инспектордан бастайды. Өжет те, өткір жас іскер қағылез қабілетімен ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, одан кейін басшысы болып жоғарылайды. Басшыға жұмыс ауыр, жауапкершілік зор. Алматының іргесіндегі көпұлтты ауданда сапырылысқан халық. Соған сай ірілі-ұсақты қыл­мыс та жетерлік. Бәріне сын көзбен қарау, заңды тергеу әрі орнықты анықтау нәтижесінде ауданда тәртіп түзеледі, қылмыс азая­ды. Облыс көлемінде ал­дың­ғы орынға көтерілген бас­шыны облысымызда жаңадан ұйымдасқан Күрті ауданының ішкі істер бөлімін басқару тап­­сы­рылады. Жаңа ауданға Нүсіпжан Нұрманбетов әкім болып тағайындалған екен. Бас­қару қабілеті толысқан аудан әкімімен қызмет істеу қиынға соқпады. Көп мәселе бірлесе, ақылдаса отырып оңды шешімін тапқаны рас. Жаңа ауданда жаңаша бастама жетерлік. Заң талабын қатал ұстау, мәселені әділ шешу Сағынжанда ежелден қалыптасқан қасиет. Еңбегі жанданып мұнда да абыройға бөленеді. Алматыға іргелес Қарасай мен Күрті ауданында 1971-1984 жыл ара­лы­ғында өткен он үш жыл айтуға оңай болғанымен, қызы­ғынан да қиындығы басым келді. Есесіне шыңдалды. Жинақ­талған озық тәжірибе абырой мен атаққа да бөлегені рас. Рес­публика басшылары енді оны облысқа көтеруді назарға алады.
Асыл-Кеней Сағынжан Бай­боловтың 1993 жылдан Алматы, Талдықорған, Жамбыл облыс­тарының ішкі істер департамен­тін басқарған күрделі кезең – өзін­ше бір таусылмас тарихи әнгіме. Оңтүстік Қазақстан өңі­ріндегі бұл облыстар – респуб­лика көлеміндегі ең ірі аймақ. Облыстық ішкі істер департаментін іскерлікпен басқарған полиция генерал-майоры мұнда да атақ-дәрежесін, күрделі мін­детін абыроймен атқарып, сенім­нен шыға білді.
Сағынжанды 2000 жылы Қазақстан Республикасы Прези­ден­тінің ұсынысымен ҚР ішкі істер министрлігінің жедел-шара кадрларын дайындайтын оқу орнына бастық етіп жіберіледі. Бір жылдан кейін ТМД елдеріне қатысушы мемлекеттер шешімі бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының террорға қарсы орталық басқармасының бірінші орынбасары болып, оны да абы­роймен атқарады. Осындай көп жылғы еңбегі бағаланып, 2003 жылы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне теңес­тіріл­ген қызметте жүріп құр­метті еңбек демалысына шығып, зейнеткер атанған.
Генерал дәрежесіне жеткен М.Үрімханов, С.Күдебаев, А.Оспанов, Г.Өтебаев, полковник А.Қарабеков, У.Өмірбек, Ж.Дүйсенбаев, А.Мұқажанов осы Сағынжанның тәлім-тәр­бие­сінен қанаттанған өзара тәжі­рибе алмасқан әріптес шәкірт­­­тері. Ерекше еске алар тұл­ға – Май­кеев Бағдат Абды­қадырұлы. Бұлар бір ауданда туған, бір көшеде көрші болып, өскен генерал. Майор С.Дәулетияров, А.Алтынбеков, Т.Бөкенбаев, М.Уайсов та ішкі істер бөлімінен еңбек зейнетіне шыққан ардагерлер. Аудандағы Ильяс Жакеев, Абыхан Жексенбаев, Балқия Мырзаханова сынды жерлестері, Қалимолда Байболовтай жора-жолдастары да жетерлік.
Полиция генерал-ма­йо­ры Асыл-Ке­ней Сағын­­жан Бай­боловтың 60 жыл­дық тор­қалы тойын республикамыздағы өзі қызмет істеген облыстар мен аудандар асқақтата атап өткен-ді. Ішкі істер басқармасының ардагері еңбек зейнетіне шықса да қоғамдық жұмысынан әлі де қол үзген емес. Ол бүгінде Алматы облыстық ішкі істер департаменті ардагерлерінің төрағасы. Жұбайы Сабира екеуі Асылжан мен Ерасыл секілді ұл өсіріп, Ләйля атты қыз тәрбиелеген ардагер ата-ана.
Мансабы, атақ-дәрежесі жо­ға­ры болғанымен, адамгершілігі, кішілігі мен кісілігі басым азамат өзінің жолын қуған талай полковник, майор секілді ізбасарларды тәрбиелеп, оларға ардагер ұстаз атануда.

Нұрсадық САРҒОЖАЕВ,
Еңбекшіқазақ,
Талғар аудандарының
Құрметті азаматы

Алматы облысы

Жауап қалдыру