Кіргізер еңбек ел көркін, Салада барлық – оң серпін

0
105

Таяуда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Орталық коммуникациялар орталығы алаңында Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен салалық бағдарламалардың орын­далуына арналған брифинг өтті. Жиында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы міндеттерге екпін түсіре отырып баяндама жасады, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі
Спикер өз баяндамасында Президент Жолдауының, 5 әлеуметтік бастамасының, об­лысқа келген сапарында бер­ген тапсырмаларының, сол сияқты «Нұрлы жол», «Нұр­лы жер», «Бизнестің жол кар­тасы», «Нәтижелі жұ­мыс­пен қамту және жаппай кәсіп­кер­лікті дамыту», «Рухани жаң­ғыру» бағдарламаларының орын­далу барысы жайында айтты. Облыс әкімі баяндама­сын өңірдің 10 айдағы әлеу­меттік-экономикалық даму көр­сеткіштеріне сүйене отырып жет­кізді.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА
Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын іске асыру аясында жалпы сомасы 9,4 млрд теңгеден астам қаржыға 321 жоба іске асырылды. Бұл ретте «Туған жер» жобасы шең­берінде бизнес өкілдері әлеуметтік нысандардың құры­лысы мен ауқымды жобаларға белсене қатысып, бүгінгі күнге 2,5 млрд теңгеге 157 жобаны жүзеге асырды.
Елбасының 2019 жылды «Жас­тар жылы» деп жария­лауына байланысты жаңа жыл 2 мың жетісулық жастың қатысуымен ауқымды шарамен ашылатыны белгілі болды. «Жастар жолы» жобасы шеңберінде жастардың демалуы және спортпен айналысуы үшін облыста 18 орталық құрылған. Талдықорған қала­сында Жастарға қызмет көр­сету орталығы жұмыс істейді. Осындай орталықтарды ашу барлық аудандар мен қала­лар­да қарастырылуда.
– Президенттің «Ұлы Дала­ның жеті қыры» мақаласы шеңберінде ашық аспан астында «Жетісудың жеті кереметі» атты археологиялық парктерді музейлендіру жоспарланып отыр. Сол сияқты «Жетісудың жеті өнері» ұлттық ат спорты ойындарынан жарыс, «Сиверс алмасының гүлдеуі» фестивалін өткізу межеленген, – деп атап өтті А. Баталов.
Сол сияқты облыста шетелдік архивтердің көне дәуірден бүгінге дейінгі материалдарымен жұмыс істеу мақсатында «Жетісу туралы араб, түрік және парсылық дереккөздер» экспедициясын ұйымдастыру облыс жоспарында бар. Бұл экспедиция Р. Сүлейменов атындағы шығыстану институтымен және әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп жүзеге асырылады. Әлеуметтік желілерде «Өлке­тану» тақырыбында вайн-ақпарат/квесттер мен чел­лендж­дер сериясы бе­рілетін болады.
Экономиканың нақты секторын дамытудың оң динамикасы жергілікті бюджеттің кірісін соңғы үш жылда 1,5 есе­ге көбейтіп, 194 млрд тең­геге жеткізуге мүмкіндік бер­ді. Жыл басынан бері облыс­та 29 мың жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға төмендеді. Мемле­кет басшысының Жолдауын жү­зеге асыру аясында об­лыс­тағы барлық кәсіпорын­дар­мен жалақысы төмен жұ­мыс­шылардың айлығын кө­теру туралы жұмыстар жүргі­зіл­ген.

– Бүгінгі күні 43503 кәсі­порын­дағы 79,4 мың жұмысшы төмен жалақы алады. Қазіргі кезде 14 мың жұмыс беруші 32 мың жұмыскерінің жа­лақы­сын көтеруге дайын. Бюджеттік ұйымдардың 41 мың қызмет­керінің жалақысы орта есеппен 35 пайызға өседі. Сол сияқты 2019 жылдың 1 қаңтарынан 133,5 мың адам Президенттің салықтық жүктемені төмендету жөніндегі бастамасынан кейін жоғары жалақы алатын болады, – деді А. Баталов.
Жыл басынан бері облыс­тағы орташа айлық жалақы 5 па­йызға өсіп, 114 мың теңгені құрап отыр. Халықтың нақты ақ­шалай кірісі 0,8 пайызға өс­кен.
Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтерінде тарифтерді тө­мендету мақсатында моно­­по­листермен жұмыс жүр­гі­зілді. Мәселен, «Қапшағай­жылу» тарифті 77%-ға, «Тал­дықор­ған­жылусервис» – 16,3%-ға, «Же­тісу Энерготрейд» – 2,4%-ға тө­мендетті.

– Көмір бағасын төмендету үшін көмір қоймаларымен тікелей келісімшартқа отыратын бірыңғай операторды белгілеу мәселесі қарастырылуда. Мұн­дай шараларды жүзеге асыру арқылы көмірдің баға­сын арзандатуға мүмкіндік туады, – деді А. Баталов.
Елбасы Жолдауының аясында елімізде кемінде 100 дене шынықтыру-сауықтыру к­ешенін салу туралы тапсырма берілгені белгілі. Соған сәйкес облыста 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды, биылғы жылы 7-еуі салына бастады, олардың үшеуі – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде, ал 5-еуінің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.
– Осы ретте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік те­тіктерінің көмегімен білім және денсаулық салаларының бір­қатар мәсе­лелерін шешіп ке­ле жатқаны­мызды айтқым ке­леді. Ертең рес­публикада тұңғыш рет қатерлі ісік ауруларын ерте кезеңнен анықтау орталығы ашылады, келесі жылы Позит­рондық эмис­сия­лық томография орта­лығын жаңғырту мен іске қосу жобасы жүзеге асырылады, – деді А. Баталов.
Сонымен қатар бүгінгі күні полиция қызметкерлері автокө­ліктермен, бейнетіркегішпен, бей­нежетондармен, план­шет­термен, компьютерлермен жаб­дық­талған. Учаскелік поли­ция инспекторлары үшін тұр­ғын үймен біріктірілген 147 учаскелік пункт салынды, жыл со­ңына дейін 20-сы пайда­ла­нуға беріледі, ал 2019-2020 жыл­дары тағы 55-сі салына­ды. Қоғамдық орындарда 968 бей­небақылау камерасы орна­тылса, соның 871-і – Тал­дық­ор­ғанда.

Алматы облысында денсау­лық сақтау саласындағы ал­ғашқы медико-санитарлық кө­мек­тің, әсересе ауылдық жер­лерде қолжетімділігін арт­ты­руға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл мәселе өңір үшін өте өзекті саналады, себебі облыстағы халықтың 80 пайызы ауылдық жерлерде тұрады.
Облыста 5,5 млрд теңгеге 18 нысанның құрылысы жүріп, 5 нысанға күрделі жөндеу жасалып жатыр. Медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу аяқталып, 1 млн 450 мың электрондық денсаулық төл­құжаты тіркеліп, халықты қамту деңгейі 83%-ды құра­ды. Биылғы жылдан бастап «Кө­мек 103» жүйесі іске қо­сылды, бұл жедел жәр­дем­нің ауылдық жерлерге жету уақытын 15 минутқа, қалаларда 7 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Облыста балаларды мектепке дейінгі білім мекемелерімен 100% қамту міндеті сәтті жүзеге асырылуда. Биылғы жылы қамту көрсеткіші 98%-ға жеткізіледі. Жалпы облыстағы 616 балабақшаның 433-і немесе 70,3%-ы жекенменшік.
Брифингіде айтылғандай, ба­лалардың өмір қауіпсіздігін ескере отырып, бүгінгі күні 1092 білім мекемесінде немесе 72%-де бейнебақылау камералары орнатылған, ал 2019 жылы қамту 100% жеткізіледі.

Президенттің бастамалары шеңберінде облыстағы 8 кол­ледждің жатақханасының құрылысы үшін жер учаскесі белгіленіп, жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.
Сондай-ақ үшауысымды мектептерді болдырмау мә­се­ле­сін шешуге ерекше маңыз беріп отыр. Мәсе­лен, 2017 жыл­дың басында өңірде 49 үш ауысымды мектеп болса, «Нұрлы Жол» бағ­дар­ла­ма­сының нәтиже­сінде 33 мектеп салынған.
Амандық Баталовтың айтуынша, туу көрсеткішінің өсуі, яғни бір жылда туған балалар санының 50 мыңға жетуі және ішкі көші-қон есебінен оқушылар саны жыл сайын 20 мыңға өсіп отыр. Сондықтан өткен жылы үш ауысымды мектептер қатары тағы 13 мектеппен, ал биылғы жылы – 11 мектеппен толығып, қазір 34-ті құрап отыр. Оның 8-і салынып жатыр, оларды 2019 жылы іске қосу жоспарланған, қалғандары Мемлекет бас­шысының Жолдауында ай­тыл­ған қосымша бөлінген 50 млрд теңгеге кезең-кезеңімен салынатын болады.

Газдандыру бойынша Тал­дық­орған қаласында қа­лаішілік жү­йелерді жүргізудің құрылысы жалғасуда, Текелі қаласына дейінгі газ құбыры іске қосылды, Бақанас, Үш­төбе, Сарыөзекте жеткізгіш газ құбырлары бар 3 АГБС-тың құрылысы басталды. Жалпы облыста газдандыру жұмысы 14 ауданда жүріп жатыр. Таратушы газ жүйесінің құрылысы жеке инвестиция есебінен жүргізілуде.
Биылғы жылы бюджеттен 9,6 млрд теңге бөлініп, 36 млрд теңге жеке инвестиция тартылды, яғни бюджет қаржысының 1 теңгесіне жеке қаражаттың 3 теңгесі сәйкес келеді. Жыл соңына дейін газ­дандырылған елді мекен­дердің саны 142-ге жетеді, газдандыру деңгейі 30%-дан асады деп жоспарланып отыр.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде облыс аумағында әлемдік стандарттар талаптарына сай «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» (304 км), «Алма­ты – Талдықорған» (260 км) жол­дары салынды. Жергілікті маңыздағы жолдардың құры­лысы мен жөндеуіне жыл сайын 30 млрд теңгеге дейін қаржы бөлінеді.
Брифингіде белгілі бол­ған­дай, «Нұрлы жер» бағдар­ла­масы бойынша биылғы жы­лы Алматы облысында жалпы алаңы 34,3 мың шаршы метр болатын 72 тұрғын үй пайда­лануға беріледі. Облыста барлығы 706 мың шаршы метр тұрғын үй беріледі. «7-20-25» жаңа ипотекалық бағ­дар­ла­масын жүзеге асыру бойынша 26 массив белгіленді, онда жалпы алаңы 4,1 млн шаршы метр болатын 2606 тұрғын үй салу жоспарланған. Бастапқы жарнасын төмен­де­ту үшін жыл сайын меди­цина қызметкерлерінің, мұғалім­дер­дің, полиция қыз­мет­керлерінің тұрғын үй сер­тифи­каттарына 1 млрд тең­геден бөлу жоспарланып отыр.

– Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдар­лама­ларын жүзеге асырудың 2025 жылға дейін созылуы орталық­тандырылған су жүйесімен 100% қамтуға, жолдардың са­па­сын 77%-дан 90%-ға жақ­сар­туға, 1 адамның тұрғын үй­мен қамтылуын 26 шаршы метр­ге дейін жеткізуге мүм­кін­дік береді, – деп атап өтті А.Баталов.
Алматы облысының туризмді дамытудағы әлеуеті өте үлкен. Жыл қорытындысы бо­йынша туристер саны 2 млн адамға жетеді деп жоспарланып отыр, соның ішінде 1 млн – Алакөлде демалушылар. Бұған Алакөлге апаратын көлік қатынасының қолжетімділігі, шетелдік нысандардан бір мыс­қал кем емес демалыс орын­дарының көптеп салынуы ық­пал етті.
А. Баталовтың айтуынш­а, Мемлекет басшысының ма­мыр айында облысқа кел­ген жұмыс сапарының қоры­тындысында жағалауды одан әрі дамы­тудың жоспары жа­сал­ған. Ұшу-қону алаңын жаң­ғырту, жағалауды бекіту жұ­мыстары, сол сияқты сумен қам­ту және кәріз жүйелерінің құ­рылыстары жоспарланып отыр.
– Көлік қатынасын реттеу туристерді тартудың негізгі көзі екенін Алакөл көлінің үлгісінде көруге болады. Бұл орайда Көлсайға, Шарын шатқалына апа­ратын жолдар жасалды, Бал­қаш көліне дейінгі 140 ша­қы­рымдық жолды жаңғырту бо­йынша ірі жоба қолға алын­ға­нын айта кету керек, – деді А. Баталов.

ШОБ
Шағын және орта бизнесте Алматы облысының әрбір төртінші тұрғыны жұмыс істейді. Олар жалпы өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін шығарады, ал салық түсімінің көлемі 1,5 есеге, яғни 57-ден 88 млрд теңгеге дейін өскен.
– Биылғы жылы біз қуат­тылығы әртүрлі 100 жаңа нысан ашуды міндетімізге алғанбыз. Бүгінгі күнге соның 88-і іске қосылып, онда 1742 жаңа жұмыс орны ашылды. Мемлекет кәсіпкерлерге бизнесін табысты жүргізуге зор қолдау көрсетіп отыр. «Биз­нестің Жол картасы» шең­берінде 4,4 млрд тең­ге бөлініп, 209 субъектіге қол­дау көрсетілді, сондықтан бағдарламаның 2025 жылға дейін созылғаны біздің кәсіп­керлерді қуантып отыр, – деді А. Баталов.
Сонымен қатар «Нәтижелі жұмыс­пен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдар­лама­сы аясында облыста 1149 адам жалпы құны 5,5 млрд теңге болатын микрокре­дит алған. Соның ішінде стартап-жобаларды қолдауға – 840 адам, 3,8 млрд. теңге, қа­нат­қақты кооперациялық жобалар­ды жүзеге асыруға – 43 адам, 395,1 млн. теңге, бизнесті кеңей­туге – 266 адам, 1,2 млрд. теңге.
Алматы облысында агро­өнер­кәсіп кешені өнім­дерін экспорттау сояның, күнба­ғыс­тың, уыттың, крахмал өнім­дерінің, балық пен балық өнім­дері экспортының өсуі есебінен 37%-ға (57 млн АҚШ долл.) ұлғайды.
Амандық Баталов өз сө­зін­­де «Лепсі өнімдері» брен­дімен Қытайға бал экспорттау жолға қойылғанын, «Green Land Alatau» ЖШС-ның жы­лы­жайлық көкөніс­тері Ресей нарығына шығары­латы­нын атап өтті.
– Ауыл шаруашылығы үшін ең маңыздысы – өндірген өнімді өткізу, сондықтан біз қуаты күніне 1000 жүк авто­кө­лігін құрайтын, инвестиция­лар көлемі 32,3 млрд теңге болатын сауда-логистикалық хабтың құрылысы бойынша «Ранжис» француз компаниясымен кездесу өткіздік. Олар біздің тауар өндірушілерден тауарды тікелей сатып алып, қайта өңдейтін болады, жоба 2019 жылдан іске асырыла бастайды. Жалпы агроөнеркәсіп кешені бағдарламасын іске асы­ру Елбасының еңбек өнім­ділігін және ауыл шаруашы­лығы өңделген өнімі экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе ұлғайту туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді, – деді А. Баталов.
Алматы облысының мал шаруашылығында мал басы мен оның өнімі орташа 3,7%-ға өсті. 92 бордақылау алаңы жұмыс істеп, сиыр етін өндіру 7%-ға артты, 1 мың тонна ет экспортталды.
Өңірде жалпы қуаты 91 мың тонна 5 ет комбинатының құ­ры­лысы жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 8 мың тонна­лық «Им­перия Фуд», әрқайсысы 16 мың тонналық «ЛунюаньЖе­тісу» және «Қа­йыңды», 21 мың тонналық «Inalca» және 30 мың тонналық қуаттағы «Бау­манды» атап өтуге болады.
Сүтті мал шаруашылығын дамыту үшін биылғы жылы 7 отбасылық сүт-тауар фермасы құрылды, барлығы 68 сүт-тауар фермасы болса, олар облыс бойынша сүттің 20%-ын өндіріп отыр.
2021 жылға қарай отбасы­лық сүт-тауар фермаларын құру есебінен сүт зауыттары са­палы сүтпен толықтай қам­та­масыз етілетін болады.
Алматы облысында жаңа бағыт – өнеркәсіптік картоп шаруашылығын дамыту қолға алынды. А. Бата­лов­тың мәліметінше, Кеген және Ра­йымбек аудандарын­да кар­топтың элиталық сұрып­тары 100 гектарға егілді, 2 сервистік дайындау орталығы құрылып, оларға 21 бірлік техника сатып алынды.
2020 жылға қарай картоптың егіс алқабы 4,5 мың гектарды құрайтын болады, жоғары сұрыпты картоптың 135 мың тонна тұқымдық материалы алынып, барлық қалған алқаптарға себіледі.

Картоптың жалпы жиынын 722 мың тоннадан 800 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған, бұл алдағы уақытта іске қосылатын «Фармфритц» картоп өңдеу зауытын шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Талдықорған өңірі негізінен қант қызылшасын өсіруге мамандандырылған. Бұл ай­мақта Социалистік Еңбек Ерлері Нұрмолда Алдабергенов, Зылиқа Тамшыбаева сияқ­ты «дала академиктерінің» ісін жалғастыру және Елба­сының тікелей тапсырмасын орындау үшін нақты шаралар қабылданды. Облыс бас­шысының айтуынша, Ал­маты облысында биыл қант қызылшасы 11 мың 200 гек­тарға себіліп, 440 мың тонна тәтті түбір жиналды немесе жалпы өнімі 32 па­йыз­ға өсті. Жекелеген ша­руа­­шы­лықтар гектар өнімділігін 700-800 центнерге жеткізді, облыс бойынша орташа көрсеткіш 400 центнерден асты.
Көксу және Ақсу қант зауыттары 42 мың тонна қант шығаруды жоспарлап отыр, ал облыстың қажеттілігі 30 мың тонна. Келешекте тағы екі – Қарабұлақ, Алакөл қант зауыттарын іске қосу жоспарланып, инвесторлармен келіс­сөздер жүргізілуде.
Амандық Баталов жүгерінің биылғы өнімі де шаруалар үшін табысты болғанын атап өтті.
– Жүгері шаруашылығында озық технологияны енгізудің арқасында 532 мың тонна көлемінде соңғы 27 жылдағы рекордтық өнім алынды, – деді облыс әкімі.
Мысалы, Панфилов ауда­нының фермерлері тамшы­латып суғаруды пайдалана отырып, бір гектардан 120 центнерге дейін өнім алады, бұл облыстағы орташа көрсеткіштен 2 есе артық. Ал өңдеу ісіне келсек, Жаркент крах­мал-сірне зауытының қуаты жаңғыртудан кейін 10 мың тоннадан 135 мың тон­наға ұлғайды, жүгеріні қал­дық­сыз өңдеу циклі қамта­ма­сыз етілді, өнімнің 27 түрін шығару жолға қойылды.
Агроөнеркәсіп кешені облыс экономикасының драйвері болып отыр. Бүгінгі күні облыс республикада ауыл шаруашылығы жалпы өнімі көлемінің 17%-ін беріп отыр, Брифингіде белгілі болғандай, агроөнеркәсіп кешенінің әле­уе­тін толыққанды пайдалану үшін өңірлік бағдарлама әзірленіп, онда 9 басым бағыт айқындалған. Олар: етті-сүт­ті мал шаруашылығы, қой ша­руашылығы, қызылша-қантты, май, бағбаншылық, картоп шаруашылығы, жылыжай және су шаруашылығы.
Егістікті әртараптандыру шең­берінде қант қызылша­сының алқабы 2000 гектарға, жүгері 1453 гектарға, жем-шөп дақылдары 1215 гектар­ға, көкөніс 707 гектарға ұлғай­тыл­ды.
Биылғы жылы қарқынды бақтардың көлемі 2,4 мың га аумаққа жетіп, алғашқы өнімі жиналды, ал бақтардың жалпы алаңы – 24,2 мың га. Жалпы жеміс өнімі 126 мың тоннаны құраса, соның 65 мың тоннасы – алма.

ИНВЕСТИЦИЯ
Алматы облысының экономикасына Қытай, Орталық Азия мен Еуроодақ елдері арасындағы тауарлық лек қиы­лысындағы ірі көліктік-логис­тикалық хаб ретінде «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА зор серпін береді.
– Арнайы экономикалық аймақ аумағында құны 470 млрд теңге болатын, 4 мыңға жуық жұмыс орнын ашатын 12 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр. Биылғы жылы инвестиция көлемі 570 млрд теңгеге жетеді деп межеленген, оның 80%-ы, яғни 460 млрд теңгесі – бюджеттен тыс қаржы.
Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру экономика өсімінің пәрменді құралы болып отыр. Сондықтан бүгінгі күні облыста құны 5,7 трлн теңгелік, 32 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын 306 инвестжоба бар. Олардың қатарында – 9 жоба трансұлттық компаниялардың, 44-і – шетелдіктердің қатысуы­мен жүзеге асырылады.
Облыс әкімінің сөзіне сүйен­сек, тамыз айында Қазақ­стан­да тұңғыш рет Алматы облысында «WILO» неміс компаниясының сорғы құрал­дарын өндіру кешені ашылды. Индустрияландыру күнінде Қапшағай қаласында жеке ло­гистикалық және қоймалық инфрақұрылымы бар, «Ролл­тон» брендімен өнім шыға­ра­тын «Маревен Фуд» зауыты іске қосылды. Оның жылдық көлемі – 21 млрд теңге. Зауыт өз өнімінің шамамен 80%-ын Орта Азия елдеріне эскпортқа шығаратын болады. Майлау материалдарын шы­ға­ратын ресейлік «Лукойл» ком­па­ниясының зауытын іске қосу жұмыстары басталды. Зауыт толығымен «ақылды» қойма мен өндірістік желінің автомат­тан­дырылған жүйесімен қамта­ма­сыз етілген.
– Бұл кәсіпорындар қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толықтай қамтамасыз етілген 6 индустриалды аймақта орналастырылатын болады. Мұнда 341 млрд тенгелік, 4,6 мың адамды жұмыспен қамтитын 49 жоба жүзеге асырылады, – деді А. Баталов.

ӨНДІРІСТІК САЛА
Биылғы жылы 40 кәсіпорын өндірісті жаңғыртып, соның нә­тижесінде тауар айналы­мының экспорты 23,5% немесе 274,2 млн АҚШ долларына өсті.
– Өңірде экспортпен айналысатын кәсіпорындар саны – 21, олардың саны әлі де артады. «Мәселен, еліміздегі өңдеуші кәсіпорындардың импортталатын үздік 10-дығына кіретін тауарлардың 7 түрін біздің кәсіпорындар шығара алады, – деді А. Баталов.
Облыс басшысы Жолдау­да айтылған өңдеуші өнер­кәсіп пен шикізаттық емес экспортты қолдауға қарас­тырылатын 1 трлн теңге кө­леміндегі қосымша қаржы кәсіпорындардың экспортты ұлғайтып, импорталмасумен айналысуларына мүмкіндік беретінін де атап өтті.
Биылғы жылы Алматы об­лы­сының дамуы барлық са­лаларда оң серпін көрсетіп отыр. Жалпы өңірлік өнім өсімі 3,5% шамасында болады деп күтілуде. Амандық Ба­таловтың айтуынша, өнер­кәсіптегі өндіріс көлемі 870 млрд теңгеге жетеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 75 млрд теңгеге артық. Бұл ретте өңдеуші өнеркәсіптің тең жартысына жуығы – азық-түлік пен сусындар өндірісі. Мә­селен, «Фудмас­тер», «Адал», «Ра­йымбек Агро», «Да­нон», «JLC Сүт» ком­па­ния­лары­ның сүт өнім­дері рес­пуб­ликамыздың бар­лық өңір­лерінде жоғары сұраныс­қа ие. Облыстағы 6 ірі өндіруші жылына 1 млрд литр шамасында табиғи шырын мен алкогольсіз сусындар шығарады, бұл Алматы қаласының қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, жалпы республика бойынша саудаланады. Фармацевтикалық зауыттар бұрын шетелден тасымалданатын дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың көптеген түрлерін өздерінде шығаруды қолға алған.
Баяндамадан кейін Амандық Баталов журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Брифингіде өзекті мәселелерді қозғаған барлығы 10 сауал қойылды. Мәселен, БАҚ өкілдерін Алматы облысы қант қызылшасы өндірісін бұдан әрі қалай дамытатыны, алқап көлемін өсіру жоспары қызықтырды.

Облыс әкімі атап өткендей, қант қызылшасы – өңірдегі басымдық берілген дақылдың бірі. Оның алқабын келесі жылы 13,2 мың га, ал 2022 жылға қарай 16 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта инвесторлар көмегімен Алакөл, Қарабұлақ қант зауыттарын іске қосу ойда бар.
Журналистер Талғар қала­сындағы «Мелиоратор» және «Боз­торғай» шағын аудандары тұрғындарының өткен қыс­тан қысылып шыққан жағ­да­йын еске салып, сол бо­йын­ша атқарылған шаралар жайын сұрауды да назардан тыс қалдырған жоқ. Облыс әкімі бұл мәселенің шешімін тап­қанын айтты. Бүгінгі күні «Боз­торғай» және «Мелиоратор» шағын аудандарын­да 6 блоктық-модульдік қазан­дық орнатылған, бұл 23 көп қабатты тұрғын үйдің 538 пә­терін жылумен қамтамасыз етіп отыр.
– Бұдан әрі біз Талғарда ғана емес, басқа аудандардың орталықтарындағы дәл осын­дай күйдегі көпқабатты тұр­ғын үйлерді де жылуға қосу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. 2019 жылы 16 қазандықтың жобалық-сме­та­лық құжаттары дайындала­ды, соның 15-і – Талғар ау­да­­нында, 1-еуі – Қарасай ау­да­нында, оларға 120,3 млн теңге бөлінген. Жылумен 51 үй қам­тамасыз етіледі. Сонымен қа­тар тұрғын үйлердің аулаларын көркейту жұмыстары да қа­тар жүргізіледі, – деді А. Баталов.

Брифинг барысында ха­лық­ты сапалы ауызсумен қам­ту, ирригациялық жүйе­лер­ді жөн­­деу мәселелері де сөз бол­ды. Бұлар – әлеуметтік же­лілер арқылы жолданған са­уал­дар. Облыс әкімінің жауа­бына сүйенсек, өңірде ор­та­лық­тандырылған ауызсу жү­йе­сімен қамту көрсеткішісі 86%-ды құрап отыр. Бұл – республикадағы ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі, дегенмен сапалы ауызсумен қамту жұмыстары әлі де жалғаса береді, бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу көзделіп отыр. Ирри­га­циялық жүйелер мен суармалы жерлерді айналымға енгізу жұмыстары жайлы да облыс әкімі кеңінен баяндап берді.
Брифингке қатысушылар өңірдің спортты қолдау, өңірді газдандыру, көмір бағасын арзандату шаралары жайлы да сұрады.
Журналистер сұрақтарына жауап берген облыс әкімі Амандық Баталов шекаралық өңірлердің, соның ішінде Панфилов ауданының дамуы, медицина мамандарының жетіспеушілігі мәселесін шешу, жас мамандарды тарту, «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар жайлы да айтты.

Жауап қалдыру