Кіреберіс жолдарға жөндеу қажет

0
79

Таяуда Сенат отырысында депутат Ерболат Мұқаев Үкімет атына де­путаттық сауал жолдап, Батыс Қазақ­стан облысы Казталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарындағы күре жолдарға шығатын кіреберіс жол­дарды жөндеуді республикалық бюд­­жет есебінен қаржыландыру ту­ра­лы мәселе көтерген еді. Төменде депу­тат­тық сауал мәтіні жарияланып отыр.
Біздің осы депутаттық сауа­лымызға негіз болған мәселе өңірде болып, тұрғындармен болған кездесулерде үнемі айтылып, жазылып жүрген облыс аумағындағы жол мә­селесі. Облыстық және аудан­­дық маңызы бар жол­дар­дың жақсы және қанағат­­танарлық жағдайы 28,7% құрайды. Бұл республика бойынша ең төменгі көрсет­кіш. Бүгінгі күні Батыс Қа­зақ­стан облысының 12 ауда­нының 3 ауданы облыс орталығымен асфальтбетонды қатты жолмен мүлдем қам­тылмаған. Олар Казталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандары.
2018 жылдың мамыр айында Елбасы жұмыс сапарымен БҚО барған сапарында Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының орталықтарын облыс орта­лығымен байланыс­тыру үшін ұзындығы 245 км құрайтын «Казталов – Жәнібек – РФ шекарасы» және «Өнеге–Бисен–Сайқын» автожолдарын асфальтбетонды жол­­мен 2019-2020 жылдар ара­лы­ғын­да қамту қажеттілігі туралы қатаң тапсырма берген болатын. Осыған байланысты жобаны іске асыру үшін 2019 жылға 3,7 млрд теңге мөлшерінде қаражат қарастырылды. Баршаға белгілі Елбасы Үкіметтің кеңей­тілген отырысында көптеген жолдардың іске қосылғанын айта келе, халық өз ауылына дейінгі жолдың жасалғанын көрмейінше ол республика көлеміндегі жасалған жолдарды сезінбейтінін баса айтқан болатын.
Осыған байланысты атал­ған үш ауданға баратын негізгі жолдардың бойында орналасқан елді мекендердің кіреберіс жолдарында қатты асфальтбетонды жабындымен төсеп күрделі жөндеу жүргізіп кетсе «нұр үстіне нұр» болар еді.
Күре жолдың бойыда атал­ған үш ауданның 20 шақ­ты елді мекені орна­ласқан. Олардың жолдан ара-қашық­тықтары 4-тен 20 км-ға дейінгі аралықты құрайды.
Осы көтерілген мәселенің кезек күттірмейтін өзектілігіне байланысты, жоғарыда көр­сетілген мәліметтерді негізге ала отырып, күре жол­дарға шығатын кіреберіс жол­дарды жөндеуді респуб­ликалық бюджет есебінен қаржыландырылуына Үкімет тарапынан ықпал жасалуын сұраймыз.

Құрметпен,
Е. МҰҚАЕВ
Н. ТӨРЕҒАЛИЕВ
Ғ. ДҮЙСЕМБАЕВ

Жауап қалдыру