Киім үлгісі талаптарына түсіністікпен қарауға шақырамыз

0
28

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат бойынша, балиғат жасына толған мұ­сыл­ман қызға орамал тағу міндет деген ұйға­рым жасады.
ҚМДБ жамағат тарапынан киім мәселесіне қатысты жолданған сұрақтарға жауап бере отырып, шариғат бойынша, балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу міндет екенін мәлімдейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерді киім кию үлгісінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, жинақы киінуге кеңес береді. Ал паранжа (ниқаб) киюдің салтымызда болмаған, басқа елдің үлгісі екенін де ерекше атап өткен жөн.
Ислам діні балиғат жасына толмаған, санасы толық қалыптасып үлгермеген, орамал тағудың түпкі мәні мен маңызын, үкімін түсінбейтін кішкентай қыз баласына орамал тағуды міндеттемейді. Әрбір мұсылман қыз бала орамалдың қадір-қасиетін терең түсініп, жауапкершілігін саналы түрде сезініп, Алланың әмірін өз еркімен орындауы – басты мақсат. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршінді жаулық жабуға мәжбүрлеуден бұрын оған ең әуелі білім мен тәрбие берген абзал. Бұл – ата-ананың басты міндеті.
Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болғай): «Білім алу әрбір мұсылман ер кісіге де, әйелге де парыз»,– деп білім ізденудің әйелдерге де тиісті екенін айтқан.
Сондықтан да, дінімізде мұсылман ер кісі мен әйелге білім алу – міндет. Ал мектеп жасындағы балаға имандылыққа баулып, білім үйрету – әрбір адамның азаматтық әрі мұсылмандық борышы. Діни һәм зайырлы білім алу – жарқын болашақтың кілті.
Біз мұсылман жамағаты мен ата-аналарды оқу орындарының мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты қойылатын талаптарына түсіністікпен және сабырлықпен қарауға шақырамыз. Бұл мәселені ушықтыру дұрыс емес. Өйткені елімізде орамалға түбегейлі тыйым салынбағанын түсінуіміз керек. Тек орта мектептерде киім үлгісін бірізділікке түсіру мақсатында шешім қабылданған.
Еліміздің заңнамалары бізге балаларымыздың орта білім алуын қамтамасыз етуімізді міндеттейді. Білімсіздік бүлікке бастайтынын ұмытпайық. Сондықтан қыз баланың толыққанды зайырлы білім алуын ата-аналары еліміздің заңнамасы талаптары шеңберінде қамтамасыз еткендері жөн.

muftyat.kz

Бөлісу
Алдыңғы бетКарнеги айтқан кеңестер
Келесі мақала

Жауап қалдыру