Кемеңгер ғалымға құрмет

0
43

Таяуда Алматыда, ҰҒА ғимаратында кемеңгер ғалым, ҚҒА Тұңғыш президенті, еліміздегі ғылымды ұйымдастырушы, Мемлекет және қо­­ғам қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына орайластырылған рес­публикалық ғылыми-тәжірибелік конферен­ция өтті.
Іс-шараны Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институты, академик Қ.И.Сәтбаевтың ме­мо­риалдық музейі ұйым­дастырды. Қ.И.Сәт­баевтың ҰҒА бюстіне гүл шоқтарын қоюдан басталған конференция «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жалғасты.
Конференцияда ҰҒА президенті М.Жүріновтың, ЮНЕСКО-ның ҚР және Орталық Азия бойынша Ал­матыдағы кластерлік бюро­сының директоры Криста Пиккаттың, Ресей Феде­ра­циясының және Тәжік Республикасының Алма­ты­дағы Бас консулдары, «Каспиан Оффшор Констракшн» ЖШС Бас директоры Т.З.Шарапиевтің құттықтау сөздерімен ашылды. Жетекші ғалым геологтардың баяндамалары тыңдалды.
Іс-шара мақсаты Қазақ­стан Республикасы Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың иегері, академик, мемлекет қайраткері, ұлы ғалым Қ.И Сәтбаевтың өмірі мен ғылыми қызметі, еңбек жолы жөнінде ақпараттандыру, оның еңбектері арқылы қоғамдық ортаның білімінің арттыру, жастарға тәлім-тәрбие беру көзделген.
Конференция аясында Қ.И.Сәтбаевтың мемо­риал­­дық музейі және «Ғы­лым ордасы» РМК ғылыми кітапханасының қоры­нан алынған көрмелер ұйым­дас­тырылды.
Жалпы, Қаныш тағылымы бүгінде оның ғылыми бастамалары мен мұраларының жанжақты насихатталуымен құнды. Ғалымның өмірі мен еңбек жолын өнеге ету арқылы өскелең ұрпаққа патриоттық және адамгершілік тәрбие беру мәселелері жыл сайын жаңа буынның жадында жаңғырып келеді.
Конференцияға қатысушы белгілі ғалымдар, жоғарғы оқу орындарының ұстаздары академик Қ.И. Сәтбаевтің ғылыми мұрасын, оның Қазақстандағы ғылымның қалыптасуына және дамуына қосқан үлесіне қатысты мәселелерді кең көлемде талқылады. Сондай-ақ, іс-шара өскелең ұрпақтың ғылымға, білімге деген қызығушылығын арттыра түсуіне ықпал етпек.

Бақытжамал Айтмұхамбетова,
Сәбит Шілдебай

Жауап қалдыру