Ілгерілеудің ілкімді тетігі

0
60

Қазақстан Республикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жол­дауында: «Жаһандық рейтингке сәйкес, Қа­зақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіреді және бұл үрдісті өрістете беруге тиіспіз. Шағын және ор­та бизнес – біздегі Жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі» деп, атап көрсеткен болатын. Сонымен бірге, бұл мә­се­лелер Мемлекет басшысының әлеуметтік саланы жаңғыртуға бағытталған 5 бастамасы жөніндегі Үндеуінде де басым бағыт ретінде ұсынылды. Онда бұл шараның әсіресе, ауыл-аймақтар мен ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін аса маңызды әрі мақсатты бағдарламалық іс екендігі айтылды.
Елбасы Алматы облысында жұ­мыс сапарымен болғанда облыс кәсіпкерлерімен кездесіп, жергілікті бизнес пен билік арасындағы қарым-қатынасқа ерекше назар аударған болатын.
Халықтың әл-ауқатын жақсарту, әлеуетін арттыру жөніндегі жұмыс­тарды белсенді әрі нақты жүргізуде республикалық «Атамекен» кәсіп­керлік палатасы облыстық филиалы тарапынан нәтижелі жұмыстар атқа­­рылуда. Белгіленген шараларды іс жүзіне асыруға облыс әкімі Аман­дық Баталов үлкен қолдау көр­сетуде.

Облыстық филиалдың басты мақсаты – жергілікті кәсіпкерлердің құқығын қорғау, оларға қаржылай емес көмек көрсету, ауыл шаруа­шы­лығын ірілендіру, шоғырлан­дыру, ұсынылған жобаларды қаржы­­лан­дыруды қолдау. Сонымен бірге, аймақта адами капиталды дамы­тудағы негізгі бағыттарды айқындау, халықты нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі шараларды іс жүзіне асыру негізгі – жұмыстардың өзекті мәселесі ретінде саналады.
Бұл жөнінде «Атамекен» кә­сіп­керлік палатасы облыстық филиа­лының директоры Нариман Әбіл­шайықов:
– Жалпы, өткен жылы кәсіпкер­лердің құқығын қорғау бойынша облыстық Палатаға 233 өтініш келіп түсті. Қаралған шағымдардың 80 пайызына сәйкес оң шешім қабылданды. Іске асырылған шаралар негізінде кәсіпкерлерге тиесілі 900 млн теңге болатын мүліктік құқығы қорғалды. Сонымен бірге кәсіпкерлер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл кеңесінің 8 отырысы өткізіліп, оннан астам мәселе оң шешімін тапты, – деді.
Осы жерде облыстық филиалдың мұрындық болуымен «Сарыөзек мұнай өнімдері» компаниясына салынған 5 млн теңгенің айыппұлы заңсыз деп танылғанын айта кеткен жөн. Сондағы бар кемшілік құжаттарда қате басылған жазу үшін 93 әкімшілік құқық бұзушылық жасалынды деп айыпталған. Алайда бұл мәселе кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінде жан-жақты қаралып, оның қорытындысы бойынша негізсіз шығарылған қаулы өз күшін жойды. Бүгінгі таңда кәсіпкерлік саласында сәулет және жер қатынастары, мемлекеттік сатып алуға, салық салу сияқты мәселелер өзекті болып тұр. Ал, әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында қоғамдық мониторинг пен кәсіпкерлердің өті­ніштеріне тұрақты талдау жүргі­зілуде. Өткен жылы 40 әкімшілік кедергі анықталып, оның 13-і өз күшін жойылды.
Сондай-ақ облыста кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасын іс жүзіне асыру мақсатында бірқатар шаралар атқарылуда. Яғни кез келген кәсіпкер инвестициялық жағынан тартымды жобалар жасап, өзге де тиімді жобалармен танысу арқылы аймақтағы бизнес-ахуалды сараптай алады. Осы бағытта өткен мерзім ішінде даму картасына сәйкес 23 жоба іріктеліп таңдалған. Оның екеуі филиал қолдауымен қаржыландырылды. Ал екеуіне облыстық филиал ықпа­лымен қаражат бөлінді. Бұл ретте Ескелді ауданындағы «Әли-Бастау Арна» асфальт-бетон зауыты мен Еңбекшіқазақ ауданындағы «Нұрлы Құс» құс фабрикасын айтуға болады. Осы екі нысанға 450 миллион теңге қаражат салынды.
Аймақтарға инвестициялар тар­ту мақсатында жергілікті атқару­­шы органдармен бірлесе отырып, «Талдықорған Инвест» халықара­лық форумы өткізілді. Басқосудың қорытындысы бойынша 5 кәсіпорын­ның қатысуымен 10,5 млрд теңгеге аралық келісімдер жасалды. Сонымен бірге, шағын индустриалды аймақтарды ашу және оны дамыту жұмыстары толық қолға алынды. Оның басты мақсаты – қалыптасқан жағдайларға байланысты жұмысын тоқтатқан кәсіпорындар негізінде бизнес-инкубатор бағыттары бо­йынша кешенді жұмыстар жүргізу. Қолданылған шаралардың нәти­жесінде жұмысын тоқтатқан 13 кәсіпо­рын­ның жұмысы қайта жан­данды­рылды. Солардың ішінде «Дар­хан-К», «Электросетьстрой», «Ар­ман» компанияларын атап өткен жөн.
Бизнесті қазіргі заман талабына сай дамытудың негізгі тұтқасы халықаралық сауда ұйымдарымен мүмкіндігінше және жан-жақты байланыс жасау, сала бойынша өткізілетін көрмелерге қатысып, өзара тәжірибе алмасу, шетелдік әріптестермен іс­керлік қарым-қатынас орнату. Бұл ба­ғытта өткен жылы филиал өкіл­дері Қытайдың Хунань про­винциясындағы инвестициялық форумға қатысып, «Кринтел» компаниясымен бірлескен меморандумға қол қойды. «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы мен ҚХР арасындағы екіжақты сауда-экономикалық әріп­тестікті дамыту мақсатында ашылған сауда жәрмеңкесінде жетісулық тауар өндірушілерінен «Сырат» ЖШС қатысып, қытайлық тұрғындарды «AquaMira» атты таза, мөлдір сумен тәнті етті. «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауы­мен Алматы облысы тауар өндіру­шілерінің жәрмеңкесі өткізілді. Ша­раға 40-тан астам кәсіпкер қатысты. Жетісу өңірінің бизнесмендері Қытай туристері мен Қазақстан азаматтарына ет, сүт, кондитер өнімдері мен ұн, бал, сусындар және ұлттық өнімдерді ұсынды.

Өңірдегі кәсіпкерлердің құқығын қолданыстағы заң шеңберінде қорғау мақсатында облыстық филиал Алматы облыстық сотының төрағасы Мейрамбек Таймерденовпен жиі кездесулер өткізіп, онда шешімін таппай жүрген кейбір түйткілді мәселелер жөнінде құқықтық кеңестер, түрлі пікір алмасуларды тұрақты ұйым­дастыруда. Жуырда Алматы облыс­тық соты және филиалдың соттармен қарым-қатынасы жөніндегі 2018 жылға арналған бірлескен іс-ша­ралардың орындалуы, кәсіп­керлер ісіне қатысты сот процестеріндегі құқықтық қамтамасыз ету мәселелері, Алматы облысы соттарында медиацияны енгізудің алғашқы нәтижелері талқыланды. Оған облыстық сот төрағасы, судьялар, облыстық әкімдік, мемлекеттік кірістер департаменті, кәсіпкерлер палатасы қызметкерлері мен бұқа­ралық ақпарат құралдарының өкіл­дері қатысты.
Жиналғандар алдында облыстық соттың төрағасы Мейрамбек Таймерденов бүгінгі күні Алматы облысында 32 мамандандырылған, аудандық және қалалық соттар жұмыс істейтіндігіне тоқтала келіп, сот процестерінің көпшілігі мемлекеттік сатып алу, салық және жер қатынастары, мемлекеттік органдардың әрекетіне шағымдану салаларына болатындығын жеткізді. Осыған орай, сот пен бизнес арасындағы кездесу екіжақты әріптестік аясындағы аса ауқымды шаралардың бірі екендігін атап өтті.
– Қазіргі кезде аймақта Алматы облысында талап арыздардың 98,4 пайызы электрондық нұсқада қабылданады. Облыстық сот сайтында «Төрелік» жобасы жұмыс істейді. Үйден шықпай-ақ қай жерде қандай сот процесі өтетінін білуге жағдай жасалып, арыз немесе шағымды жіберуге болады. 92 сот залы аудио және видеожазумен қамтамасыз етілген. Бірде-бір сот отырысы дыбыс немесе бейне жазусыз басталмайды, – деді облыстық сот төрағасы.
Сонымен бірге екіжақты қарым-қатынас нәтижелерінің бірі ретінде кәсіпкерлер қоғамдастығы өкіл­дерінің Алматы облыстық соты жанын­­дағы Қоғамдық кеңесі жұмыс істейді.
Үстіміздегі жылғы сәуірдің басында мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зарбаев Алматы облысының Райымбек ауданын Кеген және Райымбек аудандарына бөлу туралы Жарлыққа қол қойды. Кеген ауданының әкімшілік орталығы болып Кеген ауылы, ал Райымбек ауданы орталығына Нарынқол ауылы бекітілді. Нарынқол ауылы аудан орталығы мәртебесінде осыған дейін 21 жыл бұрын болды. Осы уақыт ішінде Нарынқол мен жақын маңдағы ауылдар бірқатар қиындықтарды бастан кешірді. Нәпақаға зәру халық жаппай көше бастады. Осындай жағдайда кәсіпкерлік тиімсіз және бәсекеге қабілетті емес сала болып шыға келді. Елбасының сындарлы шешімінен кейін нарынқолдықтардың сөнген үміті жанды. Бүгінгі күні аудан атқамінерлерінің алдында белгіленген мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын іске асыруды неғұрлым жеделдету міндеті тұр. Оған атсалысуды мақсат тұтқан кәсіпкерлердің облыстық филиалы шағын және орта бизнеспен айналысуға ниет білдірушілерге білім беретін «Бастау» жобасы аясында Текес ауылдық округінде ауданның 40 азаматы арнайы курсқа қабылданды. Бұл бастама аудан басшылығының зор қолдауына ие болып отыр.
Жаңадан бой көтерген ауданның әсем табиғаты мен ауа райы мал, егін және құс шаруашылықтарын ұйымдастыруға өте қолайлы. Сонымен бірге, нақты табыстың қайнар көзі болып табылатын туризмді дамытуға, сүт-тауарлы фермаларын ашуға мүмкіндік береді. Ал, «Бастауға» қатысушыларға тәжі­рибелі кәсіпкерлер де көмек қолын созуға әрқашан дайын.
Қазіргі кезде облыстық филиалдың бастамасымен «Бастау» бойынша жергілікті тұрғындарды оқыту облыстың барлық аудандары мен қалаларында жүргізілуде. Өткен жылы ұйымдастырылған арнайы курстарда 1312 адам білім алса, биыл олардың саны 3 мыңға жеткізілмек. Сондай-ақ, шағын несиелеу бағыты бойынша қосымша 20 млрд теңге бөлінді.
Соңғы жылдардағы ресми мәлі­мет­терге сүйенсек, Жетісу жерінде қой саны 3 млн-ға жуықтайды екен. Оған қоса, өткен жылы өңірдегі қой еті экспортының көлемі 1,7 мың тоннаны құраған. Алдағы уақытта облыста қой етінің экспорттық әлеуетін құру бойынша пилоттық жоба қолға алына бастады. Мал шаруашылығының болашақта даму мүмкіндіктері жайлы ұсыныстар «Атамекен» алаңын­да республикалық қой шаруа­шы­лығы палаталарының өкілдері, шаруа­қожалықтары, кооперативтер мен кәсіпорындар басшылары, қаржы институттары, жергілікті атқа­рушы және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен арнайы семинар-кеңесте кеңінен сөз болды.
Жоба негізінде жетісулық фермерлер экспортқа қозы етін шыға­руды жоспарлауда. Қазіргі таңда кәсіпкерлермен бірлесе отырып, бағдарламаны іске асыру, мал бордақылау алаңдарын құру, өнім өткізу нарықтарын іздестіру, бизнесті несиелендіру шарттары талқылануда. 2018-2027 жылдарға арналған ет шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында фермерлік қожалықтарды дамыту үшін 4% ставкамен 15 жылға дейін жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылған. Сонымен бірге, бордақылау алаңына өткізілген әрбір мал басы үшін кәсіпкерлерге 3 мың теңге көле­міндегі субсидия төленбек.
Бүгінгі күні Алматы облысындағы халықтың саны 2 миллионнан асады десек, соның 1 миллионнан астамын әйелдер құрайды және олардың қоғамдық белсенділігі күн өткен сайын арта түсуде. Ресми деректерге қарағанда соңғы кездері заңды тіркеуден өткен 110 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілерінің 42 пайызын әйелдер басқарады екен. Қазір Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі 200-ден астам әйел кәсіпкерлерді, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың басшыларын біріктіріп отыр. Мәселен, 2017 жылы 2,3 мыңнан астам әйелге сервистік қызмет, 5,6 мың әйелге ақпараттық қызметтер көрсетілген. Іскер әйелдер тарапынан жалпы сомасы 2,4 млрд теңгеден астам 123 стартап жобасы жүзеге асырылған. Үстіміздегі жылы әйелдер арасындағы кәсіпкерлік саласында тек сауда-саттық жасау, қызмет көрсету ғана емес, сонымен бірге ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға үлес қосу бағыттары бойынша жұмыстар атқарылатын болады.
Бүгінгі күні облыстық филиал басшылығы кәсіпкерлер тарапынан өндірілетін тауарлардың сапасын арттырып, оның көпшілік сұранысына ие болуына аса зор маңыз беруде. Өйткені сапалы тауар өндіруші кәсіпорынның немесе жеке кәсіпкердің имиджін арттырады, осы саладағы беделін көтереді. Сондықтан да облыс орталығы Талдықорған қаласында өткен жылы пайдалануға берілген заманауи түрде жабдықталған көрме залында «Қазақстанның үздік тауары» байқауы тұрақты өткізілуде. Жуырда ұйымдастырылған осындай шараға 50-ден астам отандық кәсіпорын қатысты. Байқау аясында қатысушылар өздерінің негізгі даму жетістіктерін таныстырып, өндірілетін тауарлар мен қызмет түрлерінің желісін ұсынды.
«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлар» аталымдары бойынша өткізілген байқауға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы қатысты. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша І орын «Алюгал» ЖШС, ІІ орын «КазТекИнвест» ЖШС, ІІІ орын «Dolce Pharm» ЖШС иеленді. «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында І орынмен «Сұңқар» Алматы құсфабрикасы» ЖШС, ІІ орынмен «Danone Berkut» ЖШС, ІІІ орынмен «Шин Лайн» ЖШС марапатталды. Жеңімпаздарға марапаттарды облыс әкімі Амандық Баталов табыс етті.
Сондай-ақ байқауда «Халық тұты­натын үздік тауарлар», «Қыз­мет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» атты қосымша аталымдарына сәйкес үздіктер де анықталды.
Иә, бүгінгі күні Алматы облысында 110 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі бар. Жыл сайын кәсіпорын­дардың қажетті тауар өндіру мүм­кіндіктері мен сапалық көрсеткіштері арта түсуде.
Қазіргі кезде кәсіпкерлердің облыстық филиалының тарапынан ұйымдастырылып отырған шаралар Елбасының отандық кәсіпкерлердің өндірген өнімінің сапасын арттыруға бағытталған қызметін жандандыру, облыс нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға жәрдемдесу, халық арасында сапа идеясын кеңінен таныту мақсатында одан әрі жалғаса бермек.

Ғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ,
Алматы облысы

Жауап қалдыру