Halyk Bank «7-20-25» бағдарламасына қосылды

0
262

Үстіміздегі жылы Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасының» аясында жаңа  «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы дүниеге келген болатын. Бағдарлама  еліміздің төлем қабілет бар кез келген азаматына баспанаға қол жеткізуге жол ашты. Бағдарлама бойынша несие рәсімдейтін ұйымдардың қатарына қыркүйек айында Halyk Bank та қосылды.

Халық банкінің бөлімшелері еліміздің ірі қалаларында, шағын елдімекендерінде, тіпті ауылдарында да орналасқан. Банктің жалпы 634 бөлімшесінен бағдарлама шарттары туралы білуге, несие ресімдеуге болады. Қарыз алушының тұрғылықты мекенжайы немесе тіркелген мекенжайына байланысты, сондай-ақ бірінші рет алғалы отырған баспанасының орналасқан орны бойынша ешқандай шектеу жоқ. Яғни, сіз ауылда тұрып, ірі қалаға көшуді армандап жүрген болсаңыз, онда іске сәт!

Ықтималды қарыз алушыға қойылатын талаптар жеңіл. Еңбек және кәсіпкерлік қызметінен соңғы 6 ай бойына үздіксіз ресми кірісі бар Қазақстан азаматы қарыз алуға үміттене алады. Аймақтар үшін оның кірісі айына 120 мың теңгеден, ал ірі қалалар үшін 200 мың теңгеден кем болмауы қажет. Бұдан бөлек, қарыз алушының банкке өтінім берген сәтінде өз баспанасы болмағаны дұрыс. Сондай-ақ қарыз алушының жасы 21-ден кіші және ипотекалық қарызының соңғы төлемін жасайтын сәтінде 60 жастан үлкен болмауы керек. Ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің болмауы да тексеріледі.

Қосалқы қарыз алушыны тарту мүмкіндігі де қарастырылған. Өтінім берушінің  жақын туыстары қосалқы қарыз алушы бола алады. Қосалқы қарыз алушыға 7-20-25 бағдарламасының талаптары жүрмейді. Демек, қосалқы қарыз алушының пәтерінің бар-жоғы банк шешіміне әсер етпейді. Қосалқы қарыз алушыға несие тарихының бұзылмауы, төлем қабілеттігі және басқа да қарыздары бойынша борыштарын уақытылы өтелуі сияқты кәдуілгі талаптар қойылады.

Қарыз алуға өтінім беру үшін банкке тек жеке куәлігін, еңбекақысы жөніндегі, ЗТМО-ға аударымдары жөніндегі және алғалы отырған жылжымайтын мүліктің бағаланған құны жөніндегі анықтамаларын, некеге тұрғаны немесе бұзғаны жөніндегі куәлігін, құрылыс салушыға бастапқы жарна төлемін растайтын құжатын, жылжымайтын мүліктің құқын растайтын құжаттарының көшірмесін/түпнұсқасын, сатып алу-сату келісімінің пәтер қағазын/алдын ала келісімін, жеке меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ екені жөніндегі анықтамасын әкеледі.

Бағдарламаның шарттарына сәйкес, жаңа салынған тұрғын үйлерге ғана ипотека ресімделеді. Бірақ, салынған жылына шектеу қойылмайды. Тұрғын үйдің ең жоғарғы құны Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент қалалары үшін – 25 млн теңге, басқа аймақтар үшін – 15 млн теңге. Бағдарламаның шарттарына сай келетін жаңа тұрғын үйлер мен тұрғын үй кешендері туралы белгілі бір тізім жоқтығынан пәтер таңдау қиынға айналуы мүмкін. Сондай жағдайда Halyk Bank серіктес-құрылыс салушылардың пәтерлерін ұсына алады. Солардың қатарында Алматы қаласындағы «Өркендеу» және «Хан Тәңірі» тұрғын үй кешендері бар.

Halyk Bank қарыз бергені және қызмет көрсеткені үшін ешқандай комиссия алмайды. Ипотекалық несиелендірудің басқа түрлері Halyk Bank ұсынатын басқа да ипотекалық бағдарламалары бар. Онда Halyk Bank еңбекақы жобасының қатысушыларына жеңілдіктер жасалған. Мысалы, Halyk Sale бағдарламасы арқылы қарыз алушылар банк теңгеріміндегі жылжымайтын мүлікті жылдық пайыздық мөлшерлемесі 8%-бен несиеге ала алады.

Жауап қалдыру