Гимн солай туған

0
261

Бұл әңгімені жазушы Еркінбай Әкімқұлов айтқан. «Шәкең «Менің Қазақстаным» марш әнін қалай шығарғанын өз аузынан талай мәрте айтқан еді. Ол былай болған. Енді Шәмшіні тыңдайық, – дейді ол.
– Сталинді табалап, сүйегін мавзолейден алып, қара жер қой­науына көмген Хрущев қа­зақ жеріне қырғидай тиді. Қазақ­станның солтүстіктегі 5 облы­сының басын біріктіріп, тың өлкесін құрды. Бұл 1961 жыл болатын. «Түбінде ол өлкені Россияға қосады» деген сөз шықты. Бұл не деген сұмдық! Қазақ жерін талан-таражға салуға, бөл­шектеуге бола ма? Ақ білектің күшімен ұрпақтарына қалдырып кеткен ұлан-байтақ даласын кімдер таптамақ?
Көкірегінде намысы бар, қазақ деген қаны бар әрбір азамат: «Бұл – менің Қазақстаным!» деп ту ұстап ұрандап көтеріліске шығуға тиіс. Қан қызды, көзден парлап жас ақты. Ал, менің қолымнан не келеді? Әуелі өзіңнен бас­ташы, Шәмші! Қалдаяқ ұстаның композитор боп туған баласы! Жүрегіңдегі отың, жаныңдағы жалының қайда? Жаман қатынның жанында жантайып жата бермексің бе? Тұр, орныңнан! Бір өзің бір армиядай көтеріл… Марш… Марш жаз! Маршты кіммен, қалай жазамын? Марштың сөзін кім жазбақ? Ә-ә! Таптым, таптым! Оны бір жазса, консерваторияда оқитын талантты таныс дос інім Жұмекен… Жұмекен Нәжімеденов жазады. Бәлкім, басқа бір ақын… Тұманбай, Қадыр, Әбекең – Әб­ділдә Тәжібаев, Сырбай, Жұбан ағалар… Жоқ, өзгелерін қоя тұра­йын. Жұмекеннен бастайын.
Іздеп жүріп таптым. Үйіне бардым. Бар жағдайды айтып, сырымды аштым. «Менің Қазақстаным» деген жерін жаулардан қорғайтын бір марш жазайық», – дедім.
Жұмекен жымиып, әдеттегісіндей мырс етіп күл­ді. Асығып, аптыққан жоқ. Мен одан төрт-бес жас үлкенмін.
– Жөн ғой, Шәке! Жөн-ақ. Бірақ онымен көсемдердің қытығына тиіп жүрмейміз бе? Айқайлау – артты жырту боп шықса қайтеміз?
– Қорықпа, бауырым, қорықпа! Ешкім бізді еліңді қорғадың, Қазақстанды мақтадың деп түрмеге тықпас. Әуелі ән жазайық. Қалғанын көре жатармыз. 7 қараша. Үлкен мерекенің қарсаңы болатын. 5-інен бастап бел шешпей 7 күн, 11 қарашаға дейін қалам-қағаз, нота, домбыра, мандол, пианиноға жабыстық. Ара-ара­сында демалып, бой жазып қоямыз. Не керек, қатты еңбектендік. Алдымен, «Тара-рай, тара-рай, тара-рай» деп жігерленіп, тасып, шалқып мен кетемін. Жан күйім­ді мысықша аңдып, қағаз шұқылап Жұмекен отыр. «Келе жатыр, келе жатыр» дейміз шаттанып, қуанып:
– Алтын күн аспаны…
– Иә, иә: Алтын күн аспаны.
– Алтын дән даласы…
– Алтын дән даласы.
Осылай қайталай береміз, қайталай береміз.
– Менің елім, менің елім.
– Менің елім, менің елім.
– Думанды бастады,
Далама қарашы.
– Туған жерім менің, Қазақстаным.
Ой, дөңгеленген дүние-ай! Айналайын сенен. Ән туды ғой! Ән туды. Марш келді ғой әлемге. Дүңкілдеген, тарсылдаған, сартылдаған! Бұл миллион қол, миллион аяқтың жүрісі ғой. Бұл елін сүйген, жерін сүйген азаматтардың аяқ басулары ғой. Бұл – намыстың, ардың әні ғой. Жайдан-жай, тектен-тек айта алмайсыз. Мұны шырқағанда кеудеңді мақтаныш кернеп, өзіңнің адам екеніңді, қазақ екеніңді мұқым айналаға жар салып ұрандауың керек. Біз – айнымас өжет ұлтпыз. Ешкімге бір сүйем жер бермейміз. Елімнің шекарасынан ешбір жауды өткізбейміз. Әлемге мықтылығымызды танытамыз. «Дән егіп терлеген қазағым мықты ғой. Сағымды далам бар, сабырлы көлім бар. Қараңдар, жарандар, осындай елім бар». Бітті. Шықты.
Жұмекен екеуміз құшырлана құшақ­тасып, айды аспанға шығардық. Қуа­ны­шымызда шек жоқ. Мәз болып, бір-бірімізді жұлқыладық. Ішіміз бір босап қалды.
«Менің Қазақстаным» осылай туып еді. Радиодан берілді. Алғашқы орындаушысы – Жамал апамыз! Омарова!
Қазақ даласы, Қазақ елі қуаныш, шаттыққа бөлен­гендей болды.
Жазып алған

Қорғанбек АМАНЖОЛ
Abai.kz

Жауап қалдыру