Елорда қуаты

0
23

Ел кіндігі ретінде өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан Астана әлгіндей аз ғана уақыттың ішінде қарапайым облыс орталығы деңгейінен әлемдік мегаполис дәре­жесіне көте­рілді.
Оған қажетті электр және жылу қуатына сұра­ныс еселеп артты. Алып шаһарды энергиямен толық қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Орнықты жоба-жоспарды, мол мате­риалдық ресурстарды қажет ететін іс. Астана жылына 3 476 331,54 мың кВт-с мөлшерде электр энергиясын, ал 3500 мың Гкал көлемінде жылу энергиясын тұтынады. Бұл орасан қуат.
Жалпы алғанда, қала­ның электр және жылу энергиясының 61 пайызға жуығын өнеркәсіп, 9 пайызын тұрғын үй шаруашылығы тұ­ты­нады. Экологиялық тұр­ғы­дан алғанда көмір жағатын­дықтан жоғарыда аталған жылу электр орталық­тары әлі де жетілдіруді талап етеді. Ауық-ауық олар қаланы көк түтінмен тұмшалап тастайтыны бар. Бұл әсіресе қыс мезгілінде көрініс береді. Өйткені, көмір – күлі мол екібастұздық. Қаланы газбен жабдықтау келесі жылдың аяғына дейін шешіледі деп жоспарланған. Егер ЖЭО газбен жұмыс істеуге көшсе шаһар экологиясы да жақсарады деп үміттенеміз.
Қаланы жылу энергиясымен «Энергия» компаниясы қамтамасыз етсе, электр энергиясымен 1980 жылы құрылған «Қалалық Электр тораптары» база­сын­дағы «Астана-ӨЭК» жабдық­тай­ды. Бұл өңірлік электр же­лілік компаниясы электр энергиясын жеткізу мен тарату аясында жетекші рөл атқарып, Сарыарқа, Алматы, Есіл, Байқоңыр сияқты төрт аудандық электр тораптарына бөлінген. Әзірге онда ұзындығы 125,8 шақырымдық кернеуі 220 кВ, ұзындығы 234,17 км, кернеуі 110 кв, әуелік және кабельді электр жеткізу желілері электр энергиясын тартып, кернеу 220 кВ 3 қосалқы станциясы, релелік қорғаныш және автоматика құрылғылары, электр өлшеуіш аспаптары, сон­дай-ақ диспетчерлік-техно­логиялық басқару құ­ралдары жұмыс істейді.
Келешекте жасыл энергияны, әсіресе Күн және жел энергияларын пайдалану жоспарда тұр. Былтырғы Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінде олардың біршамасы келген қонақтарға көрсетілді де. Ең бастысы «жасыл» технологиялар ел игілігіне, Астана тұрғындарына қызмет ете бастаса оның тиімділігі де арта түсері анық.

Бақытжан ТОБАЯҚТЕГІ,
инженер-энергетик,
«КЕGОС» АҚ-ның менеджері.
Астана

Жауап қалдыру