Елімізде қанша ШОБ субъектісі бар?

0
66

ҚР Қаржы министрлігі Ста­тистика комитетінің ақпа­ра­тына сүйенсек, 2017 жылғы 1 желтоқсандағы көрсеткіш бо­йынша елімізде жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілер саны өткен жылғы осы кезеңге сәйкес мер­­­зіммен салыстырғанда 4,5%-ға өскен. Шағын және ор­та кә­сіпкерлік субъектілерінің жал­­пы санында жеке кәсіп­керлердің үлесі 65,4%, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 18%, шаруа немесе фермер қо­жалықтары – 16,4%, орта кәсіп­керліктегі заңды тұлғалар – 0,2%.
Қазақстанда барлығы 1 156 436 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болса, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар саны – 207 929, ал орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар саны – 2 609. Жеке кәсіпкер ретінде 756 743 азамат тіркелген. Сонымен қатар елімізде 189 155 шаруа немесе фермер қожалығы ресми жұмыс істейді.
Бұл көрсеткішті өңірлерге ша­ғатын болсақ, Оңтүстік Қазақстан облысы көш басында. Бұл облыс­та 179 704 субъект тіркелген. Шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар саны 26 254 болса, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар саны 165. Оңтүстікте жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азаматтар саны 94 496-ға жеткен, сонымен қатар 68779 шаруақожалығы бар.
Ал екінші орында Алматы қаласы. Бизнес орталық ретінде танылған қалада 169 638 субъект жұмыс істейді. Оның ішінде 58 247 – шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар болса, 686 – орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар. 110 200 жеке кәсіпкер тіркелсе, 505 шаруа немесе фермер қожалығы ретінде есепке алынған.
Ал Алматы облысы үздік үштікке енген. Ауыл шаруашылығына қолайлы саналған бұл аймақта 45 639 шаруақожалығы тіркелген. Сонымен қатар 8 482 шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлға мен 152 орта кәсіпкерліктегі заңды тұлға қызмет атқарады. Сонымен 57 255 субъект жеке кәсіпкер ретінде есепте тұр.
Төртінші орында – Астана қаласы. Елордада барлығы 97 197 ШОК субъектісі тіркелген. Ал Шығыс Қазақстан облысында – 81 310, Қарағанды облысында 80 589 субъекті жұмыс істейді.
Ең төменгі көрсеткіш Сол­түстік Қазақстан облысында тіркелген. Онда 28 146 субъекті жұмыс істейді. Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары да бизнес субъектісі аз тіркелген аймақ болып саналады. Егер Батыс Қазақстан облысында 37 284 субъектісі болса, Қызылордада – 37 700 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар.
Ал еліміздің жеті өңіріндегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің саны 41 мыңнан 60 мыңның арасындағы көрсеткіш деңгейінде. Атап айтқанда Жамбыл облысында – 59 706, Ақтөбе облысында – 50 430, Қостанай облысында – 49 185, Маңғыстау облысында – 47 239, Атырау облысында – 43 388, Ақмола облысында – 47 754, ал Павлодар облысында 41 638 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді.

«Атамекен»
ҰКП баспасөз қызметі

Жауап қалдыру