БЖЗҚ: жастарға айтар өнеге көп

0
40

Таяуда БЖЗҚ АҚ Алматы облыстық филиалында «БЖЗҚ барлық салымшыларға қолжетімді» атты Ашық есік күні өтті. Оған 270 адам қатысты. Алғаш рет шараға салымшылар мен алушылармен бірге жоғары сынып оқушылары мен студенттер арнайы шақырылды.
Филиал директоры Қанат Исаев атап өткендей, БЖЗҚ өскелең ұрпақтың арасында қаржылық сауаттылық пен зейнетақыны жоспарлау дағдыларын қалыптастыруға ерекше мән береді.
– Қазір зейнеткерлер зейне­тақысының негізгі бөлігін мем­лекеттік бюджеттен алатын болса, келешекте бүгінгі оқушылар мен студенттердің зейнетақы көлемі негізінен олардың өздерінің аударған жинақтарына байланысты болады. Сондықтан оларды мектеп табалдырығынан бастап зейнетақыны жоспар­лауға үйретуіміз керек, – дейді филиал жетекшісі.
Қор қызметкерлері Ашық есік шарасына келгендерге зейнетақы қызметтері мен кеңес алу жолдары туралы айтып берді. Сонымен қатар шараға қатысушылар қор қызметтеріне қалай жүгінуге болатындығымен және кеңес алу жолдарымен танысты.
Зейнетақы қызметтерінің қолжетімділігі – Бірыңғай зей­нетақы жинақтаушы қорының басым бағыттарының бірі. БЖЗҚ әрдайым хабарландыру тәсілдері мен қызметтердің сапасын уақыт талабына сай дамытуға тырысады. Бүгінде Қор қызметтері еліміздің барлық тұрғындарына дерлік қолжетімді. Республиканың бүкіл аймақтарында 216 дер­бес қызмет көрсету орта­лығы жұмыс істейді. Көш­пе­лі қызмет тиімді ұйым­дас­ты­рылып, мүмкіндігі шектеулі аза­маттарға мобильді агенттер қызмет көрсетеді.
Биыл көктемде Алматы, Атырау, Қостанай облыс­тарын­да шалғай елдімекен­дерге қызмет көрсету үшін жылжымалы кеңселер іске қо­сылды. Келесі жылы көліктегі кеңселер еліміздің тағы 12 аймағында жұмысқа кіріспек. Өзіне-өзі қызмет көрсетуді жетілдіру үшін барлық өңірлік филиалдарда терминалдар, 10 қалада ақпараттық дүңгіршіктер орнатылған. Сонымен қатар көптеген қызмет түрлері БЖЗҚ сайты, egov.kz электрондық үкімет сайты және биыл іске қосылған telegram-бот арқылы да қолжетімді. Салымшыларға кеңес беру үшін 1418 нөмірі бо­йынша байланыс орта­лығы жұмыс істейді. Толған­дырған сұрақтарды Қор тө­ра­йымының блогына немесе әлеуметтік желілердегі парақ­шаларға жолдауға болады.
– БЖЗҚ қызметтерінің 80 пайызы қазір қашықтықтан электрондық түрде қолже­тімді. Осының арқасында кең­сеге келіп, кезек күтпей-ақ интернет арқылы немесе ұялы телефондардың кез-келген операциялық жүйесіне бейімделген ENPF ұялы қосымшасы арқылы қызмет алуға болады. Бұл салымшылар мен алымшылардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті филиал директоры.
Қор өкілдерінің айтуынша, электрондық тәсілмен міндетті және ерікті зейнетақы жарналарын есептеу жөніндегі жеке зейнетақы шоттарын ашуға, жеке зейнетақы шо­тының жай-күйі туралы хабарлама алуға, деректемелерді немесе ЖЗШ жай-күйі туралы ақпарат алу тәсілін өз­гертуге, т.б. қызметтер алуға болады. Сондай-ақ, Қор сайтында болашақ жи­нақ­тар мен төлемдердің шамалас мөлшерін есептеуге арналған зейнетақы калькуляторы бар.
Қор қызметкерлері шараға қатысушыларға жеке кеңес беріп, оларды қор қызмет­теріне өз бетінше жүгіну тә­­сіл­деріне, жеке кабинет ашуға, ұялы қосымшаны қол­да­нуға үйретті. Шараға қа­ты­су­шы жастар арасында зей­нетақы жүйесі туралы сұ­рақтар бойынша викторина ұйым­дастырылды. Сайыста Толғанай Сыдықова, Әсем Жал­ғасова, Айым Оразай, Дамира Айт, Иманғали Сейтжанов, Нұр Қажиахмет, Нұр­мұхасан Нұғманов, Арсен Сүлейман, Бекзат Қаймолда озық нәтиже көрсетті. Филиал директоры жеңімпаздарды алғыс хаттармен марапаттады.
– Мен бүгін зейнетақы жү­йесі туралы, Қор қызметтерін интернет арқылы қалай пай­далануға болатыны туралы көптеген қызықты мағ­лұмат алдым. БЖЗҚ ұялы қо­сымшасын телефоныма жүктедім, енді ата-анамды оны қалай пайдалану керектігіне үйретемін», – дейді шараға қатысушы оқушы Нұр Қажиахмет.
БЖЗҚ АҚ Ашық есік күнін екінші жыл қатарынан тоқсан сайын өткізіп келеді. Оған қатысушылар зейнетақы жү­йе­сіндегі жаңалықтар мен өзгеріс­тер туралы біліп қана қой­май, жеке кеңес те ала ала­ды. Осы уақыт аралы­ғында аталмыш шараға 30 мыңға тарта адам қатысты.
БЖЗҚ Алматы облыстық филиалы

Жауап қалдыру