Біз 1969-дың түлектері едік

0
972

Үстіміздегі жылы қазақ білімі мен ғылымының қарашаңырағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 85 жылдығы жан-жақты атап өтілуде ғой. Біз де – осы университеттің алпысыншы жыл­дардағы студенттеріміз. Одан бері де жарты ғасырдың жүзі болыпты.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен білім қуған елу шақты жас 1964 жылы Қазақ Мемлекеттік уни­вер­ситетінің филология факультетіне қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға қа­былдандық. Сту­денттердің тең жарымының еңбек өтілі бар да, қалғандары мектепті жаңа ғана бітіргендер. Екі оқу тобы құрылды. Негізі, Оразхан Хасенов, Әуелхан Оразалин, Қаршыға Бүркітбаев, Тілеш Балмағамбетов, Ғайни Бекжанова, Амангелді Керімтаев, Мұрат Аташев, Шашубай Досмайылов, Кама Ғабдуллина, Әлима Ғабдуллина, Сәбізгүл Кебісбаева, Бейсенкүл Құлманова, Айтмұхамед Оразалин, Айтжан Сұлтанов, Амангелді Тайпозов, Молдасан Шәпиев, Ұлданай Оспанова құраған бұл топтың старосталығына әскерден старшина болып оралған Амантай Сәтбеков тағайындалды. Мектепті енді бітірген, сондай-ақ еңбек өтілдері аз Қайсар Жорабеков, Алашыбай Есмағамбетов, Майра Әбішева, Едіге Әбдірахимов, Мақ­сұт Әндіжанов, Мархабат Бай­ғұтов, Жарылқап Бейсенбаев, Фарзана Жүнісова, Мастура Жүгінісова, Бұлыш Құдайбергенова, Сайын Кереев, Шахан Князханов, Алдан Мұса­бекова, Сәуле Өтегенова, Теңіз­бай Рахымжанов, Ақбілек Тұ­ро­ва, Лира Сапабекова, Бикамал Тоғжанова, Бердібай Шалабаев, Зылиқа Ыбыраева, Бегімхан Жұ­манов, Дандай Ысқақов сияқты жастау студенттердің старос­талы­ғына Райхан Есенбекова тағайын­далды.
Кейіннен курстастарымыздың қа­тарын әскер қатарынан оралған, сондай-ақ басқа бөлімдерден ауыс­қан Әбіш Аязбеков, Мұрат Әмі­ренов, Әділ Дүйсенбеков, Марат Отаралиев, Дүйсен Жүнісов, Әмі­рол­ла Сарымов, Төрехан Тас­бо­латов, Тәжім Тұрмаханов, Дүйсен Шегебаев, Ғалым Құрашев толық­тырды. Бірнеше студентіміз түрлі жағдайлармен сыртқы бөлім­ге, басқа оқу орындарына ауысты.
Ол кезде университет қазақ білімі мен ғылымының ірі орталығы болғандықтан, елге танымал атақ­ты ғалымдардың дені осында шоғыр­ланған еді. Бізге қазақ әде­биеттану ғылымының түрлі пәндері бойынша осы саладан оқулық жаз­ған атақты ғалымдар Б. Кенжебаев, М. Ғабдуллин, М. Қаратаев, Х. Сүйіншәлиев, Б. Шалабаев, Т. Нұртазин, З. Қабдолов, Т. Кәкішев, Т. Қожакеев, С. Садырбаев, Р. Нұр­ғалиев, Н. Қарбанова; тіл білімінен, І. Кеңесбаев, М. Балақаев, О. Төлегенов, Ә. Нұрмаханова, Ы. Маманов, К. Аханов, Қ. Жолымбетов, М. Томанов, Х. Кәрімов, А. Дәулетова, Б. Манасбаев; орыс әдебиетінен Ш. Кереева-Қана­фие­ва, М. Бағызбаева, М. Фролова, Л. Камбарбаева; орыс тілінен Х. Сай­киев, Г. Шынтаева; араб тілінен М. Мәженова, Л. Рүстемов; түрлі қо­ғамдық пәндерден Қ. Бисем­биев, Ж. Қарағұсов (қазіргі қазіргі ҚР мә­жілісінің депутаты Г. Қара­ғұсо­ваның әкесі), Ә. Тұрғын­баев, М. Қойбағаров секілді респуб­ли­каға танымал ғалым ұстаздар дә­ріс оқыды.
Біз оқуға түскен жылы филология факультетінің деканы профессор Тауман Амандосов болатын. Ол кісі бір аяғын сылтып басып, дәлізбен келе жатқанда, дуылдап қайнап жататын шуыл бірден басылып, шыбынның ызыңы білінерліктей, тыныштық орнайтын. Жан-жағына бұрылмай, ешкіммен тілдеспей, жұмыс кабинетіне тіке өтіп кететін. Қызметте принципшіл декан барлық мәселені әділ шешетін қаталдығымен ерекшеленетін еді.
Ол кезде қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика маман­дық­тары бір факультет болатын. Екі ма­мандық та сөз өнеріне жататын­дықтан да оқылатын пәндер бір болып, лекциялардың көбі бірге өтетін. Кейін журналистика жеке факультет болып бөлініп шықты да, Т. Амандосов жаңадан ашылған факульетке басшы болып кетті. Бізге орыс тілінің маманы профессор Х. М. Сайкиев декан болды. Деканымыз өз мамандығын жетік білуімен бірге өте сыпайы, дауыс көтеріп сөйлемейтін, мәдениетті кісі болатын. Бес жыл оқу барысында бізге үш декан басшылық жасады.
«Тіл біліміне кіріспеден» сабақ берген филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Аханов көп сөйлемейтін нақтылығымен, ту­рашылдығымен ерекшеленетін. Кәкен ағайдың лекциясының әрбір сөзі осы пәннен жазған оқулықтағы мәтінмен бірдей шығып отыратын. Сонда өзі жазған бір кітаптың бір сөзін өзгертпей жатқа айтатын ұстазымыздың есте сақтау қабілетіне таң қалатынбыз.
Әр ұстазымыздың сабақ өтуі бір-біріне мүлдем ұқсамайтын. Әр қайсысы өзіндік ерекшелігімен өзіне тартатын. Кеңес Одағының Батыры, кезінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының ректоры болған, КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі М. Ғабдуллиннің әр сабағы әңгіме-лекция түрінде қызғылықты өтетін. Батыр ағамыздың соғыстан кейін Лондон қаласында өткен әлем жастарының Бірінші фестиваліне қатысу үшін қандай дайындықтар жасағандығы, сынақтарды қалай тапсырғаны, дүниежүзілік жастар форумының қалай өткендігі жайлы әңгіме арасында айтып берген естелігі есімізде қалып қойыпты.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінен лекция оқыған профессор Б. Кенжебаев аудиторияда өтетін сабақтарында өзі жазған оқулығынан ұзап кетпейтін. Білгіміз келетін сол кезге «томпақтау» мәселелерге жауапты көбіне аудиториядан тыс жерде ғана еститінбіз. Мысалы, ғалымның сол кездері саяси тұрғыдан жабық болғанына қарамастан, Нәзір Төреқұлов туралы «Тоғыз тіл білген өте терең білімді адам» деген сөзін естіген едік. Бейсекеңнің мұншама сақ болуының себебін кейін білдік: бұл әдет әдебиеттің тарихына қатысты «ұлтшылдық «пікірлері үшін көп теперіш көрген ғалымның өзін-өзі сақтау бағытындағы көп шара­лары­ның бірі екен.
Қазақ әдебиетінің тарихынан дәріс оқыған профессор Ханғали Сүйіншәлиев ағайымыздың алды кең болатын. Қазақ әдебиеті хақын­дағы ұлтшылдық пікірлері үшін елуінші жылдары «отырып келген» Т. Нұртазиннің лекциясы ұлттық әдебиеттің бір мәселесінен бастау алып, қыза келе орыс, одан қалды әлем әдебиетіне шарықтап кететін. 90 минуттық дәрістің барысында әлем әдебиетін еркін шарлап жүзетін профессор соңына қарай қазақ әдебиетіне қайта оралып, сабақты түйіндейтін.
Париж университеті француз филологиясы факультетінің түлегі М. Фролованың сабақтары да есте қалып қойыпты. «КПСС тарихынан» дәріс берген Жанпейіс Қарағұсов ағайымыз лекция мәтінін бір сөзін қалдырмай, оған берілетін уақыт – 90 минутта түгел оқып бітетін еді.
Осындай атақты ұстаздардың алдынан біліммен сусындаған шә­кірттердің көпшілігі әдебиетке бейім еді. Ішімізде өлең жазатын­дардың қарасы басымдау болатын. Жұмат, Молдасан, Тілеш, Теңізбай, Бегімхан, Алдан, Мақсұт, Лира, Сайын сияқты «жас пері» ақындарымыз курстың түрлі жиындарында өлеңнің көрігін қыздыратын. Кейде бұларға бізге оқуға түсемін деп, конкурстан өте алмай қалған Кеңшілік Мырзабеков қосылып кеткенде, ақындарымыз дүрілдеген бір қауым болатын. Жалпы, кейін қазақтың айтулы ақындарының бірі болған Кеңшілік Мырзабеков көбіне біздің курстың, факультеттің жас ақындарымен бірге жүрді де кейбір қалалық поэзия­лық кештерде ҚазМУ-дың атынан да шығып, кеңінен таныла түсті.
Қазақтың дарынды ақыны, өмір­ден ерте кетіп қалған Марат Отаралиев те бір аз уақыт бізбен бірге оқыды. Бізге дейін оқуға түскеннен кейін әскерге кеткен Марат бізге бірінші курстың екінші семестрінде келіп қосылды. Үш жыл Отан алдындағы борышын атқарып, өмірдің қиын мектебінен өтіп, әбден ысылған Марат келе сала өзі сияқты әскерден, ауылда еңбек етіп келген сақа жігіттермен тез араласып кетті. Бойында ақындық шабыты лапылдаған Мараттың аты тез тарады.
Емтихан кезі болатын. Бір ұстазымыз Маратқа «Осы сені ақын дейді. Шын ақын болсаң, тап қазір мені мақтап, бір шумақ өлең шығаршы» дейді. Сонда Марат табан астында кідірместен:
«О, менің ішкіш досым, …………ов!
Отырмыз міне, бүгін арақ ішіп.
Сен болсаң, арақтағы кәрі тарлан
Мен едім, саған ерген бала күшік», –
деп, суырып салған ғой. Мұндайды күтпеген ұстазымыз «мұны ешкім естімесін, саған керегі емтихан ғой», – деп, жақсы бағасын қойып берген екен. Кейін осы өлең студенттер арасына кеңінен тарап кетті.
Жұрт алдында екпіндетіп өлең оқыған ақындарымызбен бірге Шашубай Досмайылов, Айтмұ­хамед Ора­залин, Алашыбай Есмағам­бетов, Мархабат Байғұтов сол кездің өзінде-ақ әңгіме жазып, повестерін бастап жүрді. Осылардың ішінде Айтмұхамед Оразалин оқуға түскенде, бір повестің авторы еді. Алашыбай шағын сатиралық жанрларда көріне бастап, кейін кәнігі сатирикке айналды. Шашубай сол кездің өзінде-ақ шығармашылық толғаныс үстінде жүретін. Әділ Дүйсенбек кейін елімізге елеулі қаламгер болды. Ал Мархабат Байғұтов болса, тәуелсіз Қазақстанның танымал жазушысына айналды.
Біздің курстастардың арасынан қазақ журналистикасында елеу­лі із қалдырған бірнеше журналист шықты. Әділ Дүйсенбек уни­вер­ситет бітірген соң, «Социалис­тік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне келіп, осы жерде табан аудармай ұзақ жылдар жұмыс істеді. Курсымыздың тағы бір ақсақалы Мұрат Әміренов көп уақыт бойы Шығыс Қазақстан облыстық газетінде істеп, осы жерден зейнеткерлікке шықты. Төрехан Тасболатов та бір жерде ғана – Қазақ радиосында зейнеткерлікке шыққанша қызметте болып, жай қатардағы журналистен қоғамдық-саяси редакцияның басшысына дейін көтерілді. «Егемен Қазақстанда» жұмыс жасаған Ғалым Құрашев қазір құрметті демалыста. Алашыбай Есмағамбетов сол кезде ең тиражы көп газет «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас алаш») фототілші болып, оның Қазақстанның түкпір-түкпірінен түсірген маңызды суреттері күн сайын жарияланып тұруымен бірге, осы басылым бетінде басылған сатиралық әңгімелері арқылы жазушы ретінде де таныла түсті.
Жарылқап Бейсенбаев студент кездің өзінде-ақ «Лениншіл жаста» жарық көрген материалдарымен көзге түсті де, бесінші курстан сонда қызметке қалды. Жастар газеті «Лениншіл жас» ол кезде қазақ журналистикасының шеберлік мек­тебі еді. Осы мектептен өткен Жа­рылқап кейіннен ұлтымыздың, ана тіліміздің жоғын жоқтайтын «Ана тілі» газетін шығарып, қазақ руха­ниятының жаңа беттерін жазысты.
Қазақ филологиясының алыптарынан дәріс алған жастардың арасынан төрт ғылым докторы, екі ғылым кандидаты шықты. Бұлардың ішінде Ж. Тілепов, Т. Рақымжанов және мен әдебиеттану ғылымынан, Б. Шалабаев қазақ тіл білімінен докторлық, Ж. Бейсенбайұлы шо­қан­танудан, А. Мұсабекова тіл білі­мінен кандидаттық диссертациялар қорғады.
Курстастар арасынан Қайсар Жорабеков сынды белгілі жазушы-аудармашының шыққаны да – біз үшін мақтаныш. Жазушылар одағында ұзақ жылдар еңбек еткен Қайсар орыс тілінен көптеген жазушылардың (Бунин, Гранин, Поволяев т.б.) шығармаларын аударды. Он бестен астам кинофильм мен бес пьеса тәржімалады. Ә. Ыдырысовтың «Таңшолпан» романын қазақшадан орыс тіліне аударуға араласты. М. Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының жаңа аудармасын жасау қолға алынғанда, оның орыс тіліндегі жолма-жол нұсқасын дайындауға бастан-аяқ атсалысты.
Бірге бітіргендеріміздің көпшілігі алған мамандықтары бойынша мектептерге, жоғары оқу орындарына барды. Университетте алған білімдерін жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге жұмсады. Жастардың бойына білім-ғылымның шырағын жағып, сана-сезімін, дүниетанымын ұлттық рухта тәрбиелеу сияқты аса мәртебелі мамандықтың құлағын ұстаған біздің курстастар қатардағы мұғалімнен бастап, мектептің, оқу бөлімінің басшысы деңгейіне дейін көтерілді. Бұл ретте түрлі оқу орындарында басшылық қызметтер атқарған Амантай Сәтбеков, Әбіш Аязбеков, Райхан Есенбекова, Шашубай Досмайылов, Молдасан Шәпиев, Бұлыш Құдайбергенова, Зылиха Ыбыраева, Фарзана Жүнісова, Шахан Князханов секілді курстастарымызды мақтан тұтамыз. Бейсенкүл Құлманова, Жұмат Тілепов, Теңізбай Рақымжанов, Дандай Ысқақұлы, Дүйсен Жүнісов, Бердібай Шалабаев, Алдан Мұсабекова сияқты жастар тобы ғылым мен ұстаздық жолын қуып, жоғары оқу орындарында жемісті еңбек етті, әлі де қол үзбей келеді.
Орта, жоғары оқу орындарында ұзақ жылдар дәріс берген ұлағатты ұстаз А. Мұсабекова – қазақ тілі пәні бойынша жазылған он шақты оқулық-оқу құралдарының авторы.
Кезінде қызметін мектепте мұғалімдіктен бастаған Амангелді Керімтаев елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткеріне айналды. Иә, өткен ғасырдың 69-шы жылында университет бітірген елу жастың оқу бітіргеннен кейінгі 50 жылда атқарған жұмыстары мен жеткен жетістіктерін айтып тауыса алмайсыз. Әсем Алматыда білім алумен бірге сол кезде дүркіреп шығып, бүкіл қазаққа ән салдырған Шәмшінің әнін шырқап, вальсінің ырғағымен би билеген, бір-біріне ғашық болып, өздерін ерекше бақытты сезінген алпысыншы жылдардың студенттері бұл күндері өмір атты тіршілік жолының жетпісінші асуынан асып, сексеннің сеңгіріне жақындап қалған, ұл-қыз өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, немере, алды шөбере сүйген бақытты кемпір-шалдарға айналған. Өмірдің ащы шындығы – осылай. Адам – ұрпағымен бақытты. Десек те, мұның өзі де бақыт екен. Бұған жете алмай кеткендер де қаншама.
Тіршіліктің жолы – ауыр жол. Өмір бар жерде өлім де бар. Елу жыл жасымызға жас қосумен бірге қатарымызды селдіретіп те кетіпті. Бақилықтарды еске ала отырып, өмірдің қатал заңына еріксіз бағына түскендей боласыз…
Иә, осыдан жарты ғасыр бұрын Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінде қанаттанып, алдарына ұлы мақсаттар қойып, соны орындау үшін қазақ елінің түкпір-түкпіріне аттанған елу түлек егеменді елінің ертеңіне үлкен үмітпен қарайды.

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,
С. Демирел атындағы университет ректорының
кеңесшісі, филология ғылымдарының
докторы, профессор

Жауап қалдыру