Биылға қанша пәтер қажет?

0
75

«7-20-25» бағдарламасы бойынша 2019 жылға қажеттілік 16 мыңға жуық пәтерді құрайды. Бұл туралы Парламент Сенатында әлеуметтік тұрғын үй сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған дөңгелек үстелінде «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
– 2018 жылғы 4 шілдеден бастап екінші деңгейдегі банктер халыққа «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипо­текалық тұрғын үй қарыз­дарын беруді бастады. 2019 жылғы 6 наурыздағы жағдай бойынша 117,7 млрд теңге сомасына 10 321 өтінім қабылданды. Оның ішінде банктер 70 млрд теңге сомасына 5 983 өтінімді мақұлдады. Қазіргі уақытта бағдарламаға елдің барлық өңірлерін қамтитын екінші деңгейдегі 8 ірі банк қатысуда, – деді Қ. Алтынбеков.
Осы орайда ол Астана және Алматы қалаларында ең көп өтінімдер қабылданып, мақұлданғанын атап өтті. Сонымен бірге, өңірлерде де өсудің оң серпіні байқалады.
– Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысы қысқа мерзімде жаңа тұрғын үй бойынша ұсыныстарды көбейтті, соның арқасында облыста 2 млрд теңгеден асатын сомаға кредиттер мақұлданды, – де­ді «Баспана» ұйы­мының басшысы.
Оның сөзіне қа­ра­ғанда, ел бо­йынша жаңа тұр­ғын үйдің жетіс­пеушілігі «7-20-25» бағдарла­масының дамуын тежейтін негізгі фактор деп қаралуда. Әсіресе, тапшылық өңірлерде сезіледі. 2019 жылға қажеттілік 16 мыңға жуық пәтерді құрайды.
– Осыған байланысты біз ағымдағы жылдан бастап әкім­діктер «7-20-25» бағ­дарламасы бойынша тұрғын үй ұсынысын көбейтеді деп сенеміз. Өңір­лерде осыған мүдделілік танытуда, – деді Қайрат Алтынбеков.

Руслан Ғаббасов

Жауап қалдыру