Білім салтанаты – ел жаңаруы

0
251

«Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласы бүкіл зиялы қауымды бір дүр сілкіндірді десек еш артық айтпаған болар едік. Пре­зиденттің еліміздің бола­шақ даму бағдарын басқа да өзекті мәселелермен бірге гуманитарлық біліммен байланыстыра отырып, таяу жылдар міндеттерінің бірі ретінде «Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады» деп көрсетуі қоғамға дер кезінде жеткен мәдени-тарихи маңызы зор месседж (хабар).
Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешумен қатар адамның рухани сұранысын қанағаттандыру кезек күттірмес маңызды шаралардың бірі екені белгілі, өйткені ол адами капиталды күшейтудің бірден-бір жолы. Тәуелсіздікті нығайта түсудің басты шарттарының бірі – адамдардың бойында еліміздің тәуелсіздігін баянды ететін ұлттық келісім рухын және отансүйгіштік  сезімін нығайту. Елдің рухын көтеру, елжандылық қасиетін қалыптастыру тәуелсіз мемлекетіміз үшін айрықша маңызы бар мәселе болып табылады. Өйткені, жер қойнауындағы кен байлығымен танылып қана қоймай, адамгершілік-рухани құндылықтарын дәріптеген, тарихи зердесі таза, әлеуметтік капиталы қомақты мемлекет қана ертеңгі күні халықаралық қауымдастықтың ортасында зор беделге ие болады. Сол жолда ұлттың рухани діңгектерін нық қадайтын идеологиялық қорғаны болуы тиіс.
Болашақта кез келген ел экономикасында еңбекке қабілетті тұрғындардың тек 20-30% пайызы  ғана қамтылатын болады. Ал қалған 70-80% бөлігі оқуға ден қояды, қоғамдық еңбекпен шұғылданады, мәдениет, өнер, рухани салада қызмет ететін адамдардың үлесі айтарлықтай артады деген форсайттық бол­жаулар беріліп жүр. Ол – Елба­сымыздың мақаласында айтылып отырған Білім салтанат құрған қоғам болашағы. Сонда ғылым-білім, ақпарат кез келген экономиканың басты құрамдас бөлігіне айнала отырып, қоғамда зияткерлер мен мәдениет қайраткерлерінің әлеуметтік тобы басымдық танытады. Бұл басымдық тек билік пен саясатқа қатысты жағдай емес, сонымен қатар, меншікке де қатысты болмақ. Осы тұрғысынан алғанда, зияткерлік меншік қазіргінің өнеркәсіпке, қорларға, жылжымайтын мүлікке деген  жекеменшік түрлерін  ығыстырып,  меншіктің билеуші формасына айналады. Осының барлығы да Н.Ә. Назарбаев айтып отырған білімнің салтанат құруының нәтижесі болмақ. Мәселен, Құрама Штаттардың өткен ғасырдың 80-жылдары білім саласына, онымен қосарлас ақпараттық және коммуникациялық жүйелерге дер кезінде даму тізгінін беруі АҚШ-тың дәл бүгінгі экономикалық және әскери дамуына серпін болды. Осыған ұқсас жағдайлар басқа дамыған елдерде де орын алып отыр және мысалдасаң бірден ауызға түсетіндер – Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапур, т.с.с.
Бұл мақала Тәуелсіздікте дүниеге келген ұрпаққа арналған месседж әрі солардың болашағы үшін қам жеген Аталы Сөз дер едім. Өйткені бүгінгі ұрпақтың бүткіл болмысы тәуелсіздікпен байланысты.  Сондықтан оларда, алдыңғы буын өкілдері сынды, тәуелсіздік алғалы неден ұттық, неден ұтылдық деген дүдәмәлдық жоқ. Оларда «мен – тәуелсіз Қазақстанның азаматымын», «мен – қазақпын» деген мақтаныш се­зімі мықты. Олар – ешкімге дес бермейтін жаңа буын. Жастар қоғамның барынша белсенді бөлігі ретінде инновацияға және төлтума идеяларды жүзеге асыруға бейім.
Латын әліпбиіне көшудің өзін де осы жас ұрпақтың сұранысына жауап беру және олардың болашағына үлкен қамқорлықпен қараудың бір көрінісі деп қабылдау керек.  Себебі латын әрпі жаһандану графикасына айналғалы қанша! Бұл арада өркениетті әлем тілі – ағылшынның әліпбиінің негізі латын әліпбиі екендігін де естен шығармау керек. Әлемдік нарыққа шығу үшін, әлемнің түкпір түкпіріндегі тұтынушыға ұғынықты болу үшін латын жазуы қолданылады.
Оның арғы жағында әлгінде айтқан отарсыздануға, жалпы түрік әлемімен жақындасуға бастар жол жатқандығы да саяси салмақты дүниелер. Не болса содан секемденіп, қимылдауға құлықсыз отыруға себеп қай кезде де табылар, бірақ біз сол күдікті сейілтуге жабыла жұмыс жасауымыз қажет. Қазақта «шешінген судан тайынбас» деген жігерліліктің керемет жолын көрсететін сөз бар. Тәуелсіздік толқынына сүңгіп кеткен біздер үшін  судан қорқатын кез кетті ғой деп ойлаймын.
Өз тәуелсіздіктерін алған­нан кейін кириллицадан латын­ға көшкен  Өзбекстан, Түркмен­стан, Азербайджан және басқа да елдердің  тәжірибесі алды­мыз­да менмұндалап тұр. Сол тәжі­рибенің оңы мен солын саралап барып кіріскелі отыр­ға­нымызда әрі қазақ саны 70  пайызды өңгеріп тұрған тұста тым жалтақтық таныту дұрыс емес деп білемін.
Қай сөзінде болмасын ұлты­мыздың маңдайына біткен бағы да, көзінің қарашығындай қор­ғаштауы тиіс басты жетістігі де, ту етіп ұстар ұлы құн­ды­лығы да Тәуелсіздік екендігін нықтап отыратын Елбасы бұл мақаласында да сол тәуелсіздігіміздің баян­дылығын қамтамасыз ету үшін барлық жаңғырулардың түп негізі – рухани жаңғыру керектігін анықтап айтты. Рухани жаңғыру – ел жаңаруы, ал ел жаңаруы біздер мен сіздерден басталары сөзсіз.

Ақтолқын
ҚҰЛСАРИЕВА,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры,
философия ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі

Жауап қалдыру