Білім саласындағы байланыстар

0
209

Үстіміздегі жылы қараша айында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Оспанұлы Балықбаевты қабылдаған Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев университетінің халықаралық қатынастардағы іс-қызметін дамыту, әлемнің беделді жоғары оқу орындарымен байланысты жолға қою, олармен білім және ғылым саласындағы әріптестікті жүзеге асыру жөнінде нақтылы тапсырма берген болатын. Бүгінде Абай атындағы ҚазҰПУ әлемнің 25 мемлекетінің 150-ден астам беделді университеттерімен тұрақты қарым-қатынас орнатып, әріптестік қызмет атқаруда. Солардың қатарында Францияның жоғары оқу орындарымен байланыс өрісі де күннен-күнге кеңейіп келеді. Университеттің қазан айында атап өтілген 90 жылдық мерейтойына тек Францияның өзінен ғана 30-дан астам жоғары оқу орнының басшылары мен көрнекті ғалымдарының келіп қатысуы және осы сапарда бізбен 9 келісім-шартқа қол қоюы осы сөзіміздің дәлелі.
Жуырда Парижде әлемдегі француз тілін оқытатын фран­кофондық университеттер рек­тор­ларының форумы болып, оған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситетінің ректоры Такир Балықбаев бастаған университет делегациясы қатысып қайтты. Делегацияның құрамында Францияның Қазақстандағы Ел­шілігінің атташесі, «Сорбонна-Қазақстан» институтының Франция тарапынан директоры Жиль Маметц, Қазақстан тарапынан директоры Айнұр Сәбитова, оның орынбасары Г.Асқарова болды.
Әлемнің 100 мемлекетінен 600-ден астам франкофондық университет өкілдері қатысқан бұл форумды Француз Республикасының Премьер-Министрі Эдуард-Шарль Филипп ашып, шетелдерде француз тілін оқытудың өзекті мәселелері туралы ой қозғады. Сондай-ақ форумда Францияға шетелдік студенттерді кеңінен тарту, Орталық Азия аймақтарында франкофонияны дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Форум аясында әлемдік фран­кофондық уни­верситеттердің көрмесі өтті. Көрмеге Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университетінің базасында құрылған «Сорбонна-Қазақстан» институтының стенді қойылды. Мұнда оқу орнының қалыптасу, даму кезеңдерін, оқу үдерісін ұйымдастыру, инс­титуттың бүгінгі тыныс-тіршілігін бейнелейтін материал­дар қамтылған еді. Біздің көрмені көріп, танысуға Француз Республикасының Премьер-Министрі Эдуард-Шарль Филипп мырза, Францияның жоғары бі­лім министрі Фредерик Видаль ханым, AUF президенті Жан Поль дэ Годзмэр және әлемдік франкофондық университеттер басшылары келіп, «Сорбонна-Қазақстан» институтының тыныс-тіршілігімен, қол жеткізген жетістіктерімен танысты.
Осы жерде Француз Республикасының Премьер-Министрі Эдуард-Шарль Филипп пен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Оспанұлы арасында жарасымды әңгіме өрбіді. Францияның Үкімет басшысы «Сорбонна-Қазақстан» институты білім және ғылым, мәдениет саласындағы екі ел арасындағы байланысты өрбітуде алтын арқау болатынын айтып, институтты дамытуға қосқан үлесі үшін Т.Балықбаевқа алғыс айтты.
Осы күні ректор Т.Балықбаев пен AUF президенті Жан Поль дэ Годзмэр мырза келіссөздер жүргізді. Кездесуде Т.Балықбаев «Сорбонна-Қазақстан» инсти­тутының бүгіні мен болашағы ту­ралы әңгімеледі. Өз кезегінде AUF президенті қазақстандық әріптесіне француз тілін оқытуға ерекше көңіл бөліп, «Сорбонна-Қазақстан» институтын дамытуға айрықша қамқор болып отырғаны үшін ризашылық сезімін білдірді. AUF президенті Жан Поль дэ Годзмэр мырза «Сорбонна-Қазақстан» институтының өмірге келуі Франция мен бүкіл Орталық Азия аймағындағы білім беру саласы бойынша екі жақты әріптестіктің маңызды бағыты болып отырғанын, осы істің басында тұрған ректор Т.Балықбаевты бұдан былай француз тілінің тек Қазақстандағы ғана емес, сонымен бірге бүкіл Орталық Азия аймағындағы Елшісі деп атайтын боламыз деген сөзі біздің делегацияның мәртебесін өсіріп тастады. Кездесудің соңында AUF бөлген гранттардың есебінен «Сорбонна-Қазақстан» институтында ірі лингвистикалық орталық ашу туралы шешім қабылданды.
Қазақстан делегациясын Француз Республикасының Еуропа Сыртқы істер министрлігінде Континентальды Еуропа директоры Флоранс Манжен ханым қабылдады. Флоранс Манжен ханым Қазақстан – Француз арасындағы білім беру сала­сындағы әріптестікті екіжақты дамытуға ерекше қамқорлық жасап отырғаны және «Сорбонна-Қазақстан» институтын жаңа деңгейге көтергені үшін ректор Т.Балықбаевқа алғыс айтты.
Келіссөздерің нәтижесінде екі ел тарапынан 2019 жылғы 19 сәуірде аймақтарда жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған халықаралық ғылыми-практи­калық конференция өткізу туралы шешім қабылданды.
Келесі күні Париж-13 (Сорбонна) университетінің халықаралық қатынастар жөніндегі Вице-президенті Даниэль Верба, басқарма профессоры Али Смид мырзалармен болған келіссөзде «Денсаулық сақтау саласындағы менеджмент» бағыты бойынша қосдипломды бағдарламаны жүзеге асыру жайы талқыланды.
Ал Лотаринг университеті заң факультетінің директоры Пьер Тифин мырзамен болған кездесуде «Француз және Еуропалық заң, экономикалық жүйеге кіріспе» ағылшындық диплом бойынша әріптестік орнату жөнінде келісімге қол қойылды. Париж-Сакле университетінің халықаралық қатынастар жөніндегі Вице-президенті Делфин Аллэ ханыммен болған келіссөзде «Сорбонна-Қазақстан» институтында бака­лавриаттың құқық және экономика мамандықтарында қос­дипломдық бағдарламаны енгізу жөнінде келісілді.
Ректор Т.Балықбаев бұдан кейін Сорбоннаның экс-кеңесшісі Себастьян Велюмен мырзамен, ИНАЛКО президенті Манюэль Франк ханыммен, ИНАЛКО вице-президенті Анна Гринбергпен, ИНАЛКО үйлес­тірушісі Ассен Слиммен кез­десіп, көптеген мәселелер бойынша келісімге келді. Осы келіссөздердің қо­ры­тындысы бойынша «Сор­бонна-Қазақстан» институтында қосдипломды бағдар­ламаны бірігіп жүзеге асыру, экономика, саяси ғылымдар және халықаралық қаты­настар бойынша докторантура бағдарламасын ашу және басқа да мәселелер бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.
Жалпы, Абай атындағы ҚазҰПУ делегациясының бұл сапары халықаралық әріптестікті дамытумен бірге екі ел арасында білім беру саласындағы байланысты, жаңа бағдарламалар ашып, инновациялық технологиялар алмасуды дамытуға кең жол ашқаны сөзсіз.

Мырзахан АХМЕТОВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім бастығы

Жауап қалдыру