Білім берудің жаңартылған мазмұны

0
458

Үстіміздегі жылғы 26 шілде күні Үкімет үйінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының білім саласында жүзеге асырылуына арналған брифингке қатысты. Министр баспасөз мәсли­хатында орта білім беруде жаңартылған мазмұнға көшу бойынша жоспарланған жұмыстар, ағылшын тілінде оқыту, қазақ тілін білмейтін оқушыларды жаңа әдіспен үйрету, бірыңғай мектеп формасы секілді мәселелер туралы баяндады.
Ерлан Сағадиев адами капи­тал­дың сапасын арттыру бойынша жұмыс туралы айтты.
– ЭЫДҰ елдерінің стандарттары негізінде адами капиталдың сапасын арттыру» 76 қадамы аясында Қазақстанда «0 + 11» сынып қағидаты бойынша 12-жыл­дық білім беру схемасы енгізіледі. Мектепке дейінгі, нөлдік сынып үшін бірыңғай типтік білім беру бағдарламасы енгізіледі.
– Нөлдік сынып не үшін қажет? Бірінші сыныпқа балалар 100% дайын болып келулері тиіс. Қазіргі таңда балабақшадан келетін балалардың 85%-ы әріп таниды, оқу біледі. Қалған 15% білмейді, – деді Е. Сағадиев.
Аталған жүйеге көшу 2019 жылға жоспарланған. Сонда бірін­ші сынып оқушыларының оқу­лығы «Әліппе» және «Ана тілі» болып бөлінеді. Қазіргі таң­да барлық оқулықтар әзірлен­ді. Экс­перимент ретінде респуб­ли­камыздың 150 мектебінде 2017 жыл­дың 1 қыркүйегінен бас­тап балалар аталған оқулықтар бо­й­ынша оқи бастайды.
Орта білім беруде жаңартыл­ған мазмұнға көшу бойынша жұ­мыс жүргізілуде, оның мәні функ­ция­лық сауаттылықты дамыту болып табылады. Онда бала біліп қана қоймай, істей білуі тиіс. 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2, 5, 7-сыныптарды, 2018 жылдан бастап – 3, 6, 8, 10-сыныптарды, 2019 жылдан бастап – 4, 9, 11-сынып­тарды жаңартылған маз­мұн­ға көшіру жоспарланған.
Мұнан соң министр ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен ауысуға дайындық жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
– Биыл эксперимент аясында және ата-аналардың жазбаша келі­сімімен шамамен 500 сынып комплекті сабақты ағыл­шын тілінде оқытуға көшуді қалай­тыны анықталды. Бір жыл ішінде біз үдерісті бақылай­мыз және келесі жылы қорытын­дысын шыға­рамыз, содан кейін жоғары сыныптарда пән бойынша үш тілде сабақ өткізуге ауысудың нақты кестесін қабылдаймыз, –  деді ол.
10-11-сыныптарда ағылшын тілін­де оқытуға ауысатын 4 пән анық­талды: «Физика», «Химия», «Биология», «Информатика». Жа­­ра­­тылыстану ғылымы ба­ғы­­тын­дағы пәндер бойынша ағыл­шын тілінде оқулықтар мен оқу-әдіс­темелік материалдар әзір­ле­ніп жатыр.
ЖОО-ларда пәндердің 50 пайызы оқыту тілінде (қазақ немесе орыс), 20 пайызы – екінші тілде (сәйкесінше орысша немесе қазақша), 30 пайызы – ағылшын тілін­де жүргізілетін болады. 2016 жылдан бастап ЖОО-ларда негізгі және бейіндік пәндердің 30 пайызы ағылшын тілінде оқы­тылып жатыр.
2016 жылы біліктілікті арттыру бойынша тілдік курстардан 750 пәнді жүргізуші мұғалім, 2017 жылы 1043 пәнді жүргізуші мұғалім оқуларын аяқтап, сертификаттарын алған.
Министр  2019 жылдан ағыл­шын тілі пән мұғалімдеріне 25 пайыз үстеме жалақы төлене­тін­дігін мәлімдеді.
– Биыл ағылшын тілі курстарына 12 мың мұғалім жазылған. Оның ішінде 4 мың мұғалім ағыл­шын тілі курстарын бастап кетті. Жаңа оқу жылынан бастап 8 мың мұғалім курстарын бас­тайды. Оның әртүрлісі бар, 3, 6, 9 ай болып бөлінеді. Егер мұғалім 9 айлық курстан өтетін болса, онда оның жұмыс орны, жалақысы сақ­талып, қосымша шәкіртақысы төленеді. Жол шығыны өтеледі. Курсты аяқтағаннан кейін ағыл­шын тілінде сабақ бере алатын болса жалақысына 25 пайыз үстеме қосылады, – деді Ерлан Са­ғадиев.
2019 жылдан бастап 10-11-сы­ныптарда кейбір пәндер ағыл­шын тілінде оқытылатын бо­ла­ды. Осыған байланысты қа­зір­гі уақытта екі жылдан кейін ағыл­­шын тілінде оқытылатын пән­дердің мұғалімдері тілдік курс­тардан өтуде.
Брифинг барысында министр қазақ тілін білмейтін жарты мил­лион оқушыны жаңа әдіспен үй­рету қолға алынатынын айтты.
– Бүгінде қазақ балаларының 90 пайызы мектепте өз тілінде білім алады. Биыл ұлттық бір­ың­ғай тестілеуге қатысқан тү­лектердің 76 пайызы тестті қазақ тілінде тапсырды. Ол – өте жақсы көрсеткіш. Енді, баса назар аударатын проблемалардың бірі – орыс мектептерінде оқитын 500 мыңға жуық оқушы қазақ тілінде сөйлемейді. Иә, әдістеменің дұ­рыс емес екенін жақсы білеміз. Дегенмен, жаңа әдістеме дайын. Биыл біз оны эксперименттік негізде сол мектептерге таратамыз, – деді ҚР Білім және ғылым министрі.
Оның айтуынша, қазіргі кез­де мыңнан астам мектеп тіл ұс­тартудың жаңа әдістемесіне тапсырыс беріп отыр. Аталған жүйе сәтті іске асса, онымен барлық мектептер жұмыс істейтін бола­ды. Жаңа әдістеме баланың коммуникативті қабілетін дамытуды көздейді. Ондайда сөздерді жай жаттатқызып қана қоймай, сөйлеу арқылы тілді үйренуге бо­лады. Аталған әдістемені Ахмет Байтұрсынов пен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы оқу-әдіс­те­мелік орталықтары дайын­да­ған.
Е. Сағадиев бірыңғай мек­теп фор­масына қатысты мәселеде мектеп басшылығы мен ата-аналар арасындағы келісім бас­шылыққа алынатынын атай өтті.
– Мектепте бірыңғай форма болуы керек. Ол бұйрықта жа­зылған. Бірақ ол қандай форма болатынын мектеп өзі шешеді. Байқау комитеттері, ата-аналар комитеттері жиналып, үлгісін, форма түрін талқылап, бір ше­шім­ге келеді. Мәселен, ол форма ұнамаса мектепке барып айту керек. Бізде бұйрық бойынша бір мектепте бірыңғай форма болуы қажет деп жазылған. Ол қандай форма, қай жерде шығарылған, үлгісі қандай деген мәселелерді мектеп шешеді. Мұның министрлікке еш қатысы жоқ, – деді Ерлан Сағадиев.
Брифинг соңында Ерлан Саға­диев білім саласындағы жемқор­лықтан құтылу жолдарын атап өтті.
– Білімді халық үшін барынша қолжетімді етсек, жем­қорлық әрекеттері де азаяды. Бала­бақ­шалар көп болуы тиіс. Сол кезде кезектер де болмайды. Мектептер де білім жағынан бірдей болса, ата-аналар таныс іздеп сабылмай­ды. Сосын білім саласына қоғам­ның өзін тарту қажет. Мысалы, қазір бақылаушы кеңестер жақ­сы жұмыс жасап келеді. Бізде жо­ғары оқу орындары мен балалар үйлерінде ондай тәжірибе сәтті іске асып отыр. Барлық балалар үйлерінің жанынан бақылаушы кеңестері құрылды. Оған балалар құқық­тарын қор­ғайтын ұйымдар және тағы басқа қоғам өкілдері кіреді. Қазір жемқорлыққа қатыс­­ты оқиғалар аталған кеңестерде қаралады. Осылайша, қоғам жем­қорлықтың азаюына өз септігін тигізеді», – деді Сағадиев.
Министрдің сөзіне қарағанда, білім саласындағы тексерістерді де барынша азайтқан жөн.
– Мысалы, былтыр біз мектеп­тердің аттестациясын мүлдем алып тастадық. Өйткені оның еш­бір қажеті жоқ. Қанша тексерсек те, мектептерді жаба алмаймыз. Ал білім саласын бақылау жөніндегі комитет қағалау орга­ны ретінде емес, мектептерді да­мы­туға көмектесетін мекеме бо­лып қалыптасуы шарт, – деп атап көрсетті Ерлан Кен­же­ға­лиұлы.

Орынбек  ЖОЛДЫБАЙ
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру