Бес тонна бауырсақ пен жеті мың литр наурыз көже

0
117

Ақтөбедегі Наурыз мерекесінде биыл осыншама мол дәм ел-жұртқа ұсынылмақшы. Жылдағыдай биыл да Ұлыс мереке атына заты сай болып ұлық мереке, ұлыс мереке ретінде аталып өтілмекші. Батыс аймақтардағы ел-халықтың «көрісу» мейрамы осы Наурыз мерекесінің кіріспесі іспеттес.  Қаһарлы қыстың қыспағынан босанып, қардың көбесі сөгіліп, аяздың  беті қайтып, күннің шуағы молайған осы күні айқасқан құшақтар «бір қыстан аман шығып, бір-бірімізді көруге нәсіп еткен Аллаға шүкір» айтысады.
Мереке қарсаңында және мереке күндері Ақтөбеде және ауылдық округтерде  жалпы саны 350-дей әлеуметтік маңызды, мәдени-көпшілік және спорттық шаралар өтеді. Аталмыш көп­шілік шаралар  наурыздың 14-нен  басталды. Бұл да бастағы «көрісу» күніне байланысты. Яғни, Наурыз мейрамын ақтөбе­ліктер  наурыздың 14-жұл­ды­зы­нан тойлай бастады деген сөз. Сол күннен бастап  түрлі сурет көрмелері, спорттық жарыс­тар, өлең байқаулары, ұлттық  спорт­тық ойын-жарыстар барлық ұйым­дарда  өткізіліп, ұйымдас­ты­рылады. Бұл бағдарламалар, шығармашылық кеш және байқау, қайырымдылық акциялары қала­дағы барлық  мекемелер мен ұйымдарды, еңбек ұжымдарын, оқу орындарын, мәдениет және спорт мекемелерін, ойын-сауық орталықтарын тегіс қамтиды.
Негізгі мерекелік шаралар және халықтық сейілдеуге арнал­ған жалпы мейрам  дәстүрге сәйкес 21-22-наурыз күндері  Тұң­­ғыш Президент атындағы сая­бақ­та,  «Мега Ақтөбе» ОСО, А.С.Пушкин атындағы саябақ­та, «Ретро» саябағында, «Метал­лург» мәдениет Үйі, Ғ.Жұба­нова атындағы облыстық филар­мо­ния алаңдарында және «Нұр Отан» партиясы АОФ ғима­раты алдын­дағы алаңда және ауыл­дық округтерде өтеді. Облыс орта­лығында және ауылдық округ­терде осы күндері жалпы саны 50-ден астам ұлттық нақыш­тағы киіз үйлер тігілді, оның төңірегінде мере­келік бағдарламалар, ұлттық салт-дәс­түр­лердің көрінісі, бай­қаулар, спорттық ойындар ұйым­дас­ты­­рылуда. Ақтөбеліктер мен қала қонақтарының наурыз дас­тар­ханнан дәм татуы үшін 66 дәмхана мен мейрамханада  5 тонна бауырсақ және 7 мың литр «Наурыз көже» дайындалады. Ақтөбеліктер 15-наурыз күні С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасындағы «Армысың, әз-Наурыз» атты кешті тамашалады.  Облыстық «Алақай» қуыршақ театрында «Тауық жылы – сауық жылы» атты театрландырылған қойылым ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, 19-наурызда Қалалық оқушылар Сарайында «Искорки» үлгілі ансамблінің шығармашылық концерті өтеді, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында ұлттық-мәдени орта­­лық­­тардың қатысуымен «Новруз байрамы» атты мерекелік шара ұйымдастырлады. «Наурыз мейрамын» мерекелеуге арнал­ған негізгі іс-шаралар жос­пары  Ақтөбе қаласындағы таза­лық сенбілігінен басталды.  Себебі, көктем келгенімен, Ақтөбе­дегі көп қабатты үйлердің аула­лық ау­мақ­тарда, тұрғын үй алап­тарында, орамішілік өткел­дерде, кәсіпо­рындар мен ұйым­дар­дың, шағын және орта бизнес объектілерінің аумағында қар мен мұз әлі жіби қоймады.  Күндізгі уақытта жоғары температура бол­ғандықтан аулаларда және өткелдерде еріген қар жиналады, сонымен көліктерге жол жүру және жаяу жүргіншілер қозға­лысын қиындатады, ал қардың тез еруі аула аумақтарын мен жер­тө­лелерін су басуына соқтырды.
Сондықтан да, жалпы халық­тық сенбіліктер әр сенбі сайын ұйымдастырылып, қаланы қар­дан, қоқыстан тазарту ең ал­дымен қолға алынды. Сенбілік барысында, қалалық қоқыс поли­гонына 45 тонна қоқыс шығарылды. Қазіргі таңда қоқыс шығару жұмыстары жалғасуда. Көшелер мен аулалардан 200-ден астам тонна қар шығарылды.
Сенбілікке, меншік нысанына қарамастан барлық кәсіпорындар мен ұйымдардан 1500-ға жуық адам қатысты. Барлығы 118 бірлік техника, соның ішінде жүк тиегіштер, автогрейдерлер, КамАЗдар жұмылдырылды.

Інжу ТӘЖІҒҰЛОВА,
«Президент және Халық»

Ақтөбе облысы

Жауап қалдыру