Береке басы – дән мен мал

0
40

Жалпы көлемі 224 мың шаршы шақырымды алып жатқан Алматы облысында ауылшаруашылығы облыс экономикасының 70 пайызын қамтиды. Өңірде мал және егін шаруашылығы өнімдерін өндіру, сонымен бірге, алын­ған өнімді жо­ғары сапалы тех­никалар, арнайы зауыттарда өңдеу жұмыстары да оңтайлы жүргізілуде.
Өткен сәрсенбі күні Тал­дық­орған қаласындағы І. Жан­сүгіров атындағы Мәде­ниет сарайында облыс әкімі Амандық Бата­лов­тың қа­ты­суымен ауыл­шаруа­шы­лығы еңбек­керлері өз­дерінің төл мерекесін атап өтті. Алқалы бас­қо­су­ға аудан, қала әкім­дері, олар­дың орынбасарлары, бір­қа­тар ауылдық ок­руг­тер­дің әкім­дері, шаруа қо­жалық­тарының, ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін өңдеуші кәсіпорындардың басшылары, сала ардагерлері қатыс­ты. Ресми жиын алдында жи­налғандар облыстағы ауыл ша­руашылығы саласында өндірілген өнімдердің кең көлемді көрмесімен танысты.
Мерекелік жиында Алматы облысының әкімі Аман­дық Баталов сала қызмет­кер­лерін құттықтай отырып, облыс еңбеккерлерінің ауыл шаруашылығындағы табыс­тары жөнінде терең маз­мұн­ды хабарлама жасады.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Жер абаттанса, ел ауқаттанады» деген болатын. Бұл сөздің мағынасы терең екені сөзсіз. Әрбір елдің, мемлекеттің бар болуы, әрі дамуы – эко­но­миканың осы саласына, оның ахуалына тәуелді болады. Жыл сайын бұл мереке еңбек адамдарын: мал шаруашылығы, азық-түлік өнер­кәсібінде жұмыс жасай­тын, еліміздің және өңірі­міз­дің дамуына үлес қосып жүр­ген мамандардың басын қоса­ды. Мемлекет басшысы «Қазақ­стандықтардың әл-ауқа­тының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауында да ауыл шаруашылық саласын дамыта түсуге ерекше басымдық берді, – дей келіп, өңір басшысы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру, облыстағы ауыл шаруа­шылық саласындағы жасалып жатқан жұмыстарды одан әрі жетілдіру, әсіресе нарыққа қажетті, бәсекеге қа­білетті басымдыққа ие өнім­дер өндірісін кеңейту мә­се­ле­леріне тоқталды.
2018 жылы облыс еңбек­кер­лері ірі табыстарға қол жеткізді. Ауыл шаруа­шылығы сала­сына мемлекет тарапынан қолдау жалғасып, көле­мі жыл сайын артып келеді. Осы мақсатта, Қазақ­стан Рес­пу­бликасының агро­ө­нер­кәсіптік кешенін да­мы­тудың 2017-2021 жыл­дар­ға арналған мемлекет­тік бағдарламасын іс­ке асыруға бюджеттен 36,6 млрд. теңге бөлінді. Оның 24,4 млрд теңгесі – қайтарымсыз суб­сидия. Бұл қаржылық қолдау сөз жоқ, жетісулық шаруа­шы­лық­тардың ісін жақсартты. Облыс диқан­дары үстіміздегі жылы 11,2 мың гектар жерге қант қызылшасын өсіріп, оның әр гектарынан 400 центнерден тәтті түбір жинады. Соның нәтижесінде 440 мың тонна қант қызылшасы алынды. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Осындай қомақты та­бысқа жеткен жетісулық дихан­дар 2022 жылға дейін қант қы­зыл­шасы алқабын 16 мың гек­тарға жеткізуді жоспарлап отыр. Ақсу қант зауы­тында қайта жаңғырту жұмыс­тарының 2-ші кезені аяқ­та­лып, қуаттылығы 180 мың тон­наға жеткізілді. Келесі жы­лы толық қуаттылығына жеткізіл­геннен кейін – 350 мың тонна таза қант шығаратын болады. Көксу қант зауыты да модернизациядан өтіп, көгілдір отынмен жұмыс істеуге көшті. Нәтижесінде зауыт бойынша шығын 20-25%-ға азайды. Қазіргі кезде Ақсу, Көксу зауыттары ақ қантқа дегенөңірдің ішкі сұраныстарын жауып отыр. Ал, республика бойынша сұраныс – 480 мың тонна. Демек, қантқа деген қажет­тілік әлі зор.
Сондай-ақ, жаңадан құ­рылған Райымбек ауданында картоп өндірісін жандандыру мақсатында, Голландиядан 236 тонна «Сантэ» және «Агрия» картоп тұқымдары әкелініп, оның әр гектарынан 500 центнерге дейін өнім алынды. Бұл тұқым ретінде пайдаланылады. Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа ауданда 2 сервистік дайындау орталығы ашылып, қажетті техника мен қондырғылар сатылып алынды. Алдағы жылда қосымша қажетті техникалар жеткізілетін болады.
Биылғы жылы астық мол жиналды. Қамба алтын дәнге толды. 2019 жылдың өніміне 233,1 мың тонна сапалы тұқым дайындалды. Отандық тұқым шаруа­шылықтары да даму үстінде.
Қазір – заманауи техника мен технология заманы. Осыған орай, жаңа да қуат­ты техникалар алуға күш жұмсалуда. Жергілікті бюд­жеттен тек соңғы үш жыл ішінде 5,6 млрд теңге бөлі­ніп, 26 сервистік орталық құ­рылды. 529 қарымды техника сатылып алынды. Қазір об­лыстағы сервистік дайындау орталықтарының жалпы саны 39-ға жетті. Келер жылы аудандарда тағы да 5 сервистік орталықты ашу көзделуде.
Мал шаруашылығы да даму үстінде. Атап айтқанда, облыста 92 бордақылау ала­ңы мен 68 тауарлы сүт фер­масы жұмыс істеуде. Жетісулықтардың мал өсіруге деген құлшынысы зор. Мысалды, 59 шаруашы­лық етті бағыттағы мал шаруа­шылығын дамытуға арналған несиелік бағдар­ламаларға қатысты. Сиыр, қойды есеп­тегенде, «Сы­баға» бағдар­ла­масы бойынша 3 мың бас ірі қара мен 14,1 мың бас ұсақ мал сатылып алынды. Бұдан басқа, 4300 басқа арналған 7 бордақы алаңы мен 1950 сауын сиыр ұстайтын 4 тауарлы сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр. Агро­өнеркәсіп саласына 57,2 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. 30 инвестициялық жоба жүзеге асты, мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

Жыл соңына дейін Тран­сұлттық компанияның қаты­суымен толығымен экс­портқа бағытталған азық-түлік өнім­дерін шығарушы «Маревен Фуд» және «Империя Фуд» ет өнімдерін қайта өңдеу кешені іске қосылады. Ірі қара мал етінің экспорты былтырғы жылы 80 тоннаны құраса, биыл 1000 тоннаға жетті.
Сонымен бірге, ауыл ша­руа­шылығы қызметкер­лері­нің алдында тұрған мін­деттер де ауқымды. Ел ырыздығын еселей отырып, бәсекеге қа­білеттілікті арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі-сыртқы сауда айналымын жақсарту басты бағыт болып саналады. Өйткені, Елбасы еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімнің экс­­портың 2022 жылға қа­рай 2,5 есе көбейту міндетін қойып отыр. Қазір бағдарлама аясында мемлекеттік қолдауды жетілдіру үшін ауыл шаруа­шылы­ғының 9 басым бағыты бойынша облыстық бағдар­ламасы әзірленуде. Облыс­тың агроөнеркәсіп кешенін да­мытудың өнірлік бағдар­ламасы Республика бойынша үздік деп танылып, басқа облыстарға үлгі ретінде көрсетілді.
Елбасы жаңа Жолдауында цифрлық технологияны қолдануды талап еткені мәлім. Ауыл шауашылық саласын сандық технологияға көшіру, автоматтандыру да – басты шаралар санатына енгізілген. Субсидияның барлық түрі 2019 жылдан бастап, электронды үкімет арқылы онлайн режімде жүргізіледі. Жиында өңір басшысы бірқатар ай­мақ­тың басшыларына барлық мүмкіндіктерді пай­далана отырып, ауыл шаруашылығын дамытуды тапсырды. Шара барысында облыс әкімі облыстың ауыл шаруашылығы сала­сында табысты еңбек етіп, ортақ іске зор үлес қо­сып жүрген азаматтарға Қа­зақ­стан Республикасы ауыл­ша­руашылығы министр­лігінің «Еңбек ардагері» медалін, «Ауылша­руашылығы саласының үздігі» төс­бел­гісін, Құрмет грамотасы мен Алматы облысы әкімі­нің Құрмет грамотасын, «Ал­ғыс хаттарын», ақшалай сый­лықтар берді. Ал, Балқаш ау­даны «Жақсылық» шаруа­қо­жа­лығының басшысы Жақ­сылық Үшкемпіров пен Еңбекшіқазақ ауданы «Адал» акционерлік қоға­мы­ның директоры Серік Смай­лов­қа МТЗ – 80 трактор­ла­рының кілті табыс етілді. Мерекелік жиын соңы концертке ұласты.

Ғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ.
«P&H»
Алматы облысы

Жауап қалдыру