«Бала – ата-ананың бауыр еті» деген қанатты сөз бала мен әке-шешенің арасындағы табиғи және эмоционалды байланысты өте жақсы сипаттайды. Әрбір ата-ана баласының дені сау, рухы мықты, өмірге құштарлығы зор болғанын қалайды. Дегенмен кейде баланың мінез-құлқындағы қоғамдағы адамгершілік, әлеуметтік және құқықтық нормалардан ауытқушылық салдарынан өмірде өз орнын табуда қиындықтар туады. Психологияда психикасында ауытқышылығы бар балаларды девиантты (deviation – ағылшын тілінде «ауытқу») мінез-құлықты деп атайды.
Өкінішке қарай, девиантты мінез-құлықтың себептері туралы ғылыми қауымдастық бірауыздан мойындаған тұжырым жоқ. Сондықтан әр елдің ғалымдары өз ерекшеліктерін ескеріп, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп отырады. Жақында балалар мен жасөспірімдер арасында девиантты мінез-құлыққа түрткі болатын түпкі себептер мен факторларды анықтау және олардың алдын-алу мақсатында Қазақстанда алғаш рет Денсаулық сақтау министрлігі республикалық деңгейде ұлттық зерттеу жүргізді. Зерттеу жұмысына барлық аймақтан 12–17 жас аралығындағы 3018 бала қатысты. Ұлттық зерттеудің ерекшелігі ретінде сауалнамаға арнайы білім мекемелерінде оқитын мінез-құлқында ауытқушылығы бар балалардан бөлек, өз отбасында тәрбиеленіп жатқан орта мектеп оқушыларының қатысуын атап өтуге болады. Яғни, зерттеушілер респонденттерді екі топқа бөле отырып, девиантты мінез-құлықтың себептеріне талдау жасауға тырысты.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, девиантты мінез-құлыққа түрткі болатын стресс пен депрессия деңгейі екі топта шамалас сандық көрсеткішті көрсетті. Басқаша айтқанда, арнайы білім беру орталығында білім алушылар мен ата-анасының қолдауын күнде сезінуге мүмкіндігі бар орта мектеп оқушыларының мінез-құлқы ауытқушылықтарға ұшырау ықтималдығы шамалас дегенді білдіреді. Сондықтан әрбір ата-ананың девиантты мінез-құлық туралы негізгі аңыздар мен фактілерді ажыратып, баланың психикалық саулығы жайлы білімін арттыруы өте маңызды.
Біріншіден, баламен қарым-қатынас барысында ата-ана өте мұқият болып, эмоционалды жылулық тынытып, қамқорлығын көрсете білуі тиіс. Яғни, ата-аналарға өзінің тұлғалық қабілеттерін үнемі шыңдап, балаға деген сүйіспеншілігі мен махаббатына саналы түрде баға беруге ұмтылуы қажет.
Екіншіден, баланың мінез-құлқы отбасындағы құндылықтарға сай келмеген жағдайда, ата-ана балаға мейірімділік көрсетіп, жылы сөйлесуге міндетті. Баланың іс-әрекетіне шорт кесіп баға берудің орнына отбасылық ережелер мен дәстүрлердің маңыздылығын, құндылығын түсіндіру қажет. Сонымен қатар, ата-анаға баланың ол нормалар туралы ойын тыңдау да керек. Яғни, баланың пікіріне құрмет көрсете білген кезде оның бойында ата-анасымен еш қорқынышсыз ашық әңгімелесуге сенімділік пайда болады.
Үшіншіден, мінез-құлқында ауытқушылығы бар бала басқа біреуге моральдық немесе материалдық зиян жасағанда, өз денсаулығына қатер төндірген кезде ата-ана мәселенің түп төркініне үңілуге талпыныс жасағаны дұрыс. Баланың басқа бір тұлғаның мүлкіне бір рет кездейсоқ зақым келтіруі девиантты мінез-құлықтың белгісі емес. Ал егер бала өзгенің мүлкіне залалды саналы түрде жүйелі негізде жасайтын болса, онда оны мінез-құлықтың ауытқушылығы деп қарастыру керек. Ата-аналар баланы тәртіпке шақыратын әңгіме барысында оның әрекетінің нәтижесін түсіндіруге көңіл бөлгені абзал. Сондай-ақ мұғалім, психотерапевт, психолог, заңгер, медицина қызметкері сияқты білікті мамандардың көмегіне жүгініп, балаға іс-әрекеттің себеп-салдарын түсіндіру қажет. Тағы бір маңызды жайт – девиантты мінез-құлықты балалар мен жасөспірімдер кейде өз өміріне қол жұмсауға талпыныс жасауы мүмкін. Ата-аналар баланың суицидке ұмтылуы девиантты мінез-құлық екенін түсініп, тез арада психотерапевт пен психологтың кеңесіне сүйене отырып баламен сенімді қарым-қатынас орнатуы керек.
Төртіншіден, ата-ана баланың қоршаған ортасына және ондағы құндылықтарға көңіл бөлуі қажет. Егер ата-ана баласының өмірінде зорлық-зомбылық пен қатыгездікке орын болмасын десе, онда өз өмірінен зиянды дүниелерді мүлдем ысырып тастау арқылы үлгі болуы керек. Зорлық-зомбылықты және қатыгездікті насихаттайтын адамдардың, шын мәнінде, өзгелерге қуаныш сыйлай алмайтын, өздері де қуаныш және жақсылықты сезіне алмайтын бақытсыз адамдар екенін үнемі тілге тиек етіп отыруы қажет. Яғни, ата-аналар перзенттері алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін танытып, эмоционалды интеллектін үнемі дамытып, ата-аналық жауапкершілігі мен парызын сезіну арқылы өз баласы еліктейтін тұлғаға айналуы тиіс.
Бесіншіден, ата-ана баланың күнделікті ұйқысының тыныш болуына, дұрыс тамақтануына үнемі назар аударып, саламатты өмір салтын насихаттауға тырысқаны абзал. Тұрақты түрде перзентінің түр-сипатына, жүріс-тұрысына, физикалық жағдайына көңіл аудару арқылы ата-ана баласының олардың өмірінде орны ерекше тұлға екенін есіне салып отырғаны орынды.
Алтыншыдан, ата-ана баланың тілектеріне қызығушылық танытып, оларға қатысты біржақты теріс пікір білдірмеуі керек. Ата-ана баласы кәмелетке толғанша оның тәрбиесіне заң алдында жауапкершілік жүктелетінін, ал оның толыққанды азамат ретінде қалыптасуы үшін қоғам алдында моральдық жауапкершіліктің де артылатынын түсіндіре білгені дұрыс. Бұл балаға адам баласының қалаған барлық талап-тілегінің қоғамда қалыптасқан адамгершілік, әлеуметтік және құқықтық нормаларға сай келе бермейтін жеткізуде өз септігін тигізетін болады.
Қорыта айтқанда, баланың ересек өмірге тиімді бейімделуі үшін оның мінез-құлқындағы өзгерістерге ата-ана дер кезінде назар аударуы қажет. Ең бастысы, ата-ана девиантты мінез-құлықты емделмейтін психикалық ауру немесе патологиялық жағдай деп қарамауы тиіс. Яғни, девиантты мінез-құлық түзеледі, дұрысталады. Ол үшін мінез-құлқында өзгерістері бар балаға арнайы психотерапия өткізумен қатар, ата-ананың қолдауын сезе білу өте маңызды екенін есте ұстаған абзал.
Айжан ИЗАКОВА,
Психология ғылымдарының докторы,
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры