Бағдарламаның орындалуы қатаң бақылауда

0
36

25 шілдеде ҚР Премьер-Министрі Бақыт­жан Са­ғын­­­таевтың төрағалы­ғы­мен Үкімет отырысы өтті. Онда «Нұрлы жол» инфра­­құрылымды дамы­тудың мемлекеттік бағдар­ла­масын іске асырудың бірін­ші жарты­жыл­дықтағы нә­ти­желері және ауыл ша­руа­шы­лығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту ша­ра­­лары және Аграрлық қай­та өңдеу картасын іске қосу туралы мәселесі  қа­рал­­ды.
Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов мемлекеттік бағ­дар­ламаны іске асыруға 2017 жылы 484,2 млрд теңге қа­рас­тырылғанын атап өтті. Қа­ражат көлік-логистикалық және индустриялық инфрақ­ұры­­лымды дамыту, жылумен, сумен жабдықтау және су тарту, білім беру саласының инфра­құрылымын дамыту, ХҚҰ-мен жобаларды ортақ қаржы­лан­дыру секілді бағыттар бо­йын­ша жобаларды іске асыруға бө­лі­не­ді. 2017 жылғы 1 шілдеге оның 126,5 млрд теңгесі иге­ріл­ген.
Министрдің дерегінше, рес­публикалық маңызы бар негізгі 22 автожол жобасын іске асыруға биыл Ұлттық қор мен республикалық бюджеттің 259,8 млрд теңге қаражаты қарас­тырылған. 1 шілдеге дейін оның 51,5 млрд теңгесі толықтай иге­ріліп отыр.
– Сонымен қатар халықаралық қаржы ұйымдарынан қосымша 96,4 млрд теңге қарыз тартылып, бүгінгі күні оның 13,2 млрд теңгесі игерілді. Жалпы құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстарымен 4,4 мың шақырым жолды қамту және 602 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарлануда, – деді Т.Сүлейменов.
Мұнан соң сөз алған ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек автожол жобаларын іске асыру, көлік-логистикалық әлеуетті дамыту жұмыстары, сондай-ақ, темір жол әрі әуе көліктерінде жүк және жолаушылар ағынын ұл­ғайту шаралары туралы баяндады.
Жалпы, «Нұрлы жол» бағдар­­ла­масы аясында инфра­құ­ры­лымдық жобаларды кеңінен жүзеге асыру тасымалдардың жылдамдығын ұлғайтуға, көлік шығындарын төмендетуге, тран­­зиттік әлеуетті іске асыру мен сервисті жақ­сартуға мүм­кіндік береді. Бұл Қазақ­станның әлеуметтік-эко­номи­калық дамуына, өнімділік пен іскерлік белсенділіктің артуына оң ықпал етеді.
Жеңіс Қасымбек Астананың жаңа темір жол вокзалы мен әуе­жай терминалының пайда­ла­нуға берілген сәттен бергі қыз­ме­тіне тоқталды.
– Ағымдағы жылдың 31 мамырында Астананың жаңа темір жол вокзалы пайдалануға берілген болатын. Жаңа вок­залдың өткізу қабілеті тәулігіне 35 мың, ал ескі вокзалды қо­са алғанда тәулігіне 47 мың жо­лаушыны құрайды. Бұл ха­лықаралық көрмені өткізу ке­зеңін қоса алғанда елорданың жо­лаушылар легіне қызмет көр­сетуді толықтай қамтамасыз етеді. Темір жол вокзалы пай­далануға берілгеннен бастап шамамен 305 мың жолаушыға қызмет көрсетті, – деді Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар ол Астана әуежайының жаңа термина­лының құрылысы мен ұшу-қону жолағын жаңғырту жұмыстары аяқтал­ғандығын еске салып өтті.
Өткізу қабілеті – жылына 8,2 млн немесе сағатына 2525 жолаушы. Жоба құны – 92 млрд тең­ге. Маусым айынан бері жа­ңа терминал «LOT Polish Airlines», «WizzAir», «FinnAir», «Air China», «Lufthansa», «Air Arabia» сынды 19 шетелдік авиа­та­сымалдаушының халық­ара­лық рейстеріне қызмет көр­сетеді. Бұған қоса, Делиге, Вар­шаға, Хельсинкиге, Будапешке, Бей­жіңге, Ереванға, Киевке, Батумиге, Минералды суларға жаңа рейс­тер ашылды. Ағымдағы жы­лы Астана қаласы әуежа­йын­дағы жолаушылар легінің ар­туы өткен жылдың сәйкес кезеңі­мен салыс­тыр­ғанда 19 пайызды немесе 1,8 млн жолау­шыны құрады. Жаңа жолаушылар терминалы пайдалануға берілген сәттен бастап халық­ара­лық рейстердің 227 жолау­шысына қызмет көрсетті, – деді министр.
Министр ағымдағы жылдың 3-тоқсанында Қарағанды қа­ла­сында Солтүстік – Шығыс айналма жолының  құрылысы басталатынын мәлімдеді.
– Орталық – Оңтүстік жобасы бойынша 2016 жылы жалпы ұзындығы 275 шақырымды құ­рай­тын Астана – Теміртау және Алматы – Қапшағай» учас­ке­лерін қайта жаңғырту аяқ­тал­ды. Ұзындығы 14 шақырым­ды құ­райтын Теміртау – Қарағанды учаскесін қайта жаңғырту жалғасуда. Құрылыс 2018 жылы аяқталады. Қазіргі уақытта ұзындығы 228 шақырымды құрайтын Күрті – Бурылбайтал учаскесін қайта жаңғырту жұмыстары басталып кетті. Құрылыс жұмыстарын Дүние­жүзілік және Еуропалық банктер қаржыландыруда. Сонымен қатар 3 тоқсанның соңына дейін бюджет қаржысы есебінен Қарағанды қаласында Солтүстік-Шығыс айналма жолын салу және қайта жаңғыртуды бастауды жоспарлаудамыз. 2018 жылы Дүниежүзілік банк қаражаты есебінен Балқаш – Бурылтайтал (297 шақырым) және 2019 жылы Күрті – Қапшағай (67), Қарағанды – Балқаш (364) учас­келерін бастаймыз, – деді Жеңіс Қасымбек.
Жиын соңында Бақытжан Са­ғынтаев Үкімет мүшелеріне «Нұр­­лы жол» жобаларының жү­зеге асырылуын қатаң бақы­лауда ұстауды тапсырды.
– Бұл мәселе бойынша толық­қанды жұмыстар жүргізі­луде. Бірінші жартыжыл­дықтың қоры­тындысы бойынша игеру көлемі 99,9 пайызды құрап отыр. Жыл­дық мәнде – 33,4 пайыз. Деген­мен, баяндамаларда ай­тыл­ған­­дай негізгі шаралар екінші жартыжылдыққа жоспар­ланған. Осы­ған орай алдағы уақытта Үкіметті үлкен жұмыстар күтіп тұр. Ұлттық экономика, Қаржы министрліктеріне, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне игеру жұмыстарын және жобада көрсетілген нысандардың барлығын дер кезінде іске асыруды қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын. Келесі тоқсанда бұл мәселеге тағы да оралатын боламыз, – деп ескертті Бақытжан Сағынтаев.

Дастан ҚЫДЫР,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру