Қазақтың тұңғыш журналист қызы

0
275

Нәзипа Құлжанова ХХ ғасырдың бас кезінен бастап қазақтың білім саласының, қазақ журналистикасының, этнография ғылымының, сондай-ақ, мәдениеті мен әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан қоғам қайраткері. Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылуы туралы 1917 жылы Семей қаласында өткен съезге қатысып, оның қызметтеріне белсене араласқан, Алашор­да партиясының Семей қала­сындағы бөлімшесінің төралқа мүшесі болған Алаш­тың қай­раткер қызы.
Нәзипа Құлжанованың алғаш­қы тегі – Сегізбаева. 1902 жылы Қостанайдағы орыс-қазақ гимназиясын бітіріп, сол жылы Торғайдағы екіжылдық орыс-қазақ училищесінде мұғалімінің көмекшісі қызметін атқарған. Одан кейін Орынбордың екі жылдық мұғалімдер мектебін аяқтаған.  Осы кезде Нәзипа Орынбор мұғалімдер мектебін бітіріп, қызмет істеп жүрген жерлесі Нұрғали Құлжановқа кездеседі. Екеуінің көңілдері жарасып, қосылғаннан кейін, 1905 жылы Семей қаласына келіп, екеуі де Семейдегі семинарияда сабақ беріп, ұстаздық етеді.
Екі жас осы кезде қазақтың салт-дәстүрі, мәдениеті туралы Орыс географиялық қоғамының хабаршысына мақалаларын жиі жазып тұрған. Осы еңбектері үшін Нәзипа Құлжанова мен Нұрғали Құлжанов Орыс географиялық қоғамына мүше болып қабылданады. Нәзипа Құлжанованың түрлі мәдени шаралар ұйымдастырып, еңбе­гімен Семейде атағы шыққаны осы кез. Семейдегі оқыған қазақ жастары Нәзипа Құлжановадан тәлім алып, оның маңына үйіріле бастайды.
1910 жылы Ахмет Бай­тұрсыновтың «Абай Құнан­баев – қазақтың бас ақыны» мақаласы шығып, бар қазақ Абайды оқи бастаған болатын. 1914 жылы Абай Құнанбаевтың қайтыс болуының онжылдығына орай, Нә­зи­па Құлжанова Семей қала­сында үлкен мәдени, әдеби кеш өткізеді. Жастар Абай өлеңдерін оқып, әндерін орындайды. Содан кейін Нәзипа Құлжанованың ұйымдастыруымен сол кез­дегі жас жазушы Мұхтар Әуезов­тың «Еңлік-Кебек» пьесасы сах­наланады. Ондағы рөл­­дер­­ді ойнау­ға Мұхтар Әуе­зов, Жү­сіп­бек Аймауытов, Қа­ныш Сәтпаев және басқа да өнер­паз жастар қатысқан. Н.Құлжанованың үлкен энту­зи­а­зм­мен ұйым­дастырған А.Құнанбаевқа арнаған осы мәде­ни шарасы осы күнге дейін аңыз болып айтылады. Н.Құлжанова 1915-1919 жылдары да осы Семей қаласында Абай шығармашылығына арнап әдеби кештер өткізген. Осы кезеңдерде Семейде даңқы шығып тұрған Н.Құлжановаға Ахмет Байтұрсынов, Сұлтан­махмұт Торайғыров, Сәкен Сейфуллин сынды зиялылар өлең арнап жазған. Сол кездері атағы шығып жүрген жас ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров Н.Құлжановаға арнаған өлеңін­де:
«…Неше күнде қыдырсаң да таба алмайсың,
Семейде одан өтер адал жанын…» деген жолдар бар еді. Ақын бұл өлеңінде Н.Құл­жанованың адами тұл­ғасын бейнелегені көрініп тұр ғой.
А.Байтұрсынов 1910 жылдары жергілікті өкімет қудалап жүргенде Нәзипа қарындасына арнап жазған өлеңінде:
«Рахатсыз өтсе де өмір жасым,
Бұл жөнімнен құдайым айырмасын.
Ұзақ жолға ниет қып бір шыққасын,
Жарым жолда қайтпаспын, қарындасым!…» деп мұңын шаққаны бар еді.
Н.Құлжанованың домбырамен ән айтатын өнері де болған. Ол Семейге қазақ халқының әндерін жинаушы А.Затаеевичь келгенде оған қазақтың «Ғайни-ау, сәулем», «Қадыр зары» аты әндерін нотаға түсірткен.
Нәзипа Құлжанова – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш журналист. Ол сонау 1913 жылдан бері «Қазақ» газетіне әйелдер теңдігі және бас­қа да елдік мәселелерге мақаларды жиі жазып тұрған. 1922 жылы жаңа іргесі қаланған «Еңбекші қазақ» газетінің редак­циялық алқасының мүшесі болған. Н.Құлжанованың Қазақ автономиясы кезінде шыққан барлық газет-журналдарда ма­қа­лалары ғана емес, әдеби еңбектері, оның ішінде аудармалары да жарияланып тұрған. Н.Құлжанова Л.Толстойдың, В.Короленконың, М.Горкийдің шығармаларын аударып, қазақ оқырмандарына таныстырған.
1920 жылы Қазақ автономиясы құрылғаннан бастап, ондағы Халық ағарту комиссариатының оқулықтар жө­нін­дегі комиссиясының мү­шесі қызметін атқарған. Н.Құл­жанованың бала тәр­биесіне қатысты бірнеше методикалық оқулықтары осы кезде баспадан басылып шықты. Бір ғажабы осы саладағы еңбектері әлі де бала тәрбиесінде пайдалануға болатын құнды еңбектер.
Нәзипа Құлжанованың өмірі, оның түрлі саладағы еңбектері тәуелсіздік алғаннан кейін нақты зерттеліп, жазыла бастады. Осы 2000 жылдарға дейін Нәзипа Құлжанованың өмірін, шығармашылығын, мемлекеттік және қоғамдық деңгейде атқарған қызметтерін біршама зерделеген, әрі бірнеше мақалалар жазып насихаттаған кісінің бірі – арқалықтық Мұ­ратқали Камалов еді. Мұ­ратқали Н.Құлжанованың жа­қын туысы болатын. Әрі Нәзи­па мен Нұрғали Құлжановтың өмірін бүге-шігесіне дейін білетін адам еді. Мұкаң қатарынан екі-үш жыл қала әкіміне қайта-қайта кіріп жүріп, Арқалық педагогика училищесіне Нәзипа Құлжанованың есімін бергізді. Сол училищенің өзінде Нәзипа Құлжанова мен Нұрғали Құлжановқа арналған шағын мұражай бар. Оғанда біраз құжаттар жинап берген Мұратқали Камалов болатын.
Алашорда қозғалысының қай­раткері, қазақтың тұңғыш журналист қызы, этнограф, аудармашы, ұлықты ұстазы Нәзипа Құлжанованың өмірі мен артында қалған мол мұрасы бүгінде жас ұрпаққа өнеге.

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ,
жазушы, тарихшы

Жауап қалдыру