Қазақ тілінің қайта жаңғыруына жетелейтін жол

0
84

Латын әліпбиіне көшуді биылғы жылдан бастап нақты қолға алу туралы хабар барша қазақ халқын, көптен күткен үмітінің сәтті таңы атқандай бір елеңдетіп тастады. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей сең қозғалды, қазақ тілінің бағы жанып, еліміздің ақпараттық алаңы келешекте ел игілігіне алаңсыз қызмет ететін деңгейге көтерілетініне қазақ жұртының сенімі арта түседі. Бұл қадам еліміздің тәуелсіздігінің баянды болуына жол ашып, жаңа жаңғырған қоғамдық сананы қалыптастыруға зор ықпал ететіні айдан анық.
Жә, сезімге беріліп бас киімімізді аспанға лақтырып, эйфорияға берілмей осы ұлтымызға  өте  қажетті, қымбат мәселені сөзбұйдалыққа салып созбай  іскерлікпен, ыждаһатпен қолға алуымыз қажет. Өйткені айтуға оңай болғанымен, әліпби ауыстыру өте күрделі шаруа. Бұл жерде, өкімет бар, министр бар, мамандар бар бұл солардың  ісі демей, барша халық болып  кеңесіп шешіп ортақ іске қолдан келгенше өз үлесін қосу бәріміздің азаматтық борышымыз.  Әйтпесе, істің соңынан кемшілігін тізіп, сынағаннан не пайда?
Қоғамдағы осы мәселеге байланысты қазір жүріп жатқан қызу талқылауларды ескере отырып, терең ғылыми негізде, тек  әліпбидің әріптік символын  ауыстыруына ғана байланып қалмай, қазақ тілінің  келешегіне қажет  біраз жұмыстарды тындыру керек.  Өйткені, қазақ тілінің генетикалық табиғатына жат тілдің ықпалында дамып, соның салдарында қазақ тілінің жасанды грамматикалық емлелер мен түсініктердің қор­шауында қамалғанын ұмы­туға болмайды.  Яғни, қазақ тілінің өзіне табиғи тән емес жасанды «қасиетінен» тазару жолын ғылыми негізде іске асыру қажет.
Әліпби ауыстыру бір қарағанда оңай сияқты болғанымен, бұл өте ауыр, талай күрделі мәселелердің оңды шешімдерін қажет ететін шаруа. Сонымен қатар, осы бастаманы қолдайтындардың да, оны қолдамайтындардың да нақтылы іске келгенде  көрсететін көмегі мен зиянын ойдан шығармауымыз қажет. Өйткені, бұл іске қарсылық көрсету сыртымыздан да, ішімізден де табылады.  Сырттан келер қысымды, сауатты, жігерлі саясат арқылы сабыр сақтап, ақылмен, қайсарлықпен жеңуге болады. Қиыны іштен шалатын, жымысқы, айлакер, қулығы мен сұмдығы қабысып жататын, көзге анық көрінбейтін қарсылықтарды құрықтау болатынын ескеруіміз қажет.  Өйткені, бұл мәселе талайлардың  кәсіби, іскерлік, шығармашылық өмірімен қатар олардың қалыптасып қалған ұғымдарына және қоғам ішіндегі орныққан беделдеріне байланысты. Көптеген ғалым, тіл мамандарының, билік пен қоғам қайраткерлерінің өмірі орыс тілімен тығыз байланыста болуы олардың сөз жүзінде латын әліпбиіне көшуді қолдағандарымен, іштей қарсылықтарының қоламтадай бықсып жатуы айқын. Өйткені, оларға бір кездердегі  өздерінің өктемдік жүргізген саясатқа, не болмаса өмір ағымына  бағынып қазақ тілінің «дамуына»  қосқан үлестерін өздері түсініп түзетулері  қиынға соғатыны белгілі. Сондықтан, осы жұмысты атқаруды орындайтындарды таңдауда сергектік пен іске  бұрыннан тіл дамытуға үлес қосып атақ жинағандарды шектеп, қазақ тілінің келешегіне  жаны ауыратын  ұлтының намысын өз қажеттілігінен жоғары қоятын азаматтарға сүйену қажет. Бір шындық бар, ол осы әліпби ауыстыруға қатынасқан әрбір ғалым  мен тіл маманының алдында тұрған үлкен сын. Ол келешек ұрпақтың үлесінде. Егер, латын әрпіне көшуде қазақ тілінің  табиғи ерекшеліктері негізінде қалыптасатын жүйеге ауысса, онда ұрпақтың алғысын алады, ал ескі заты бөтен тілдің ықпалында қала беретін болса, келешек ұрпақтың  қарғысына, халқының обалына қалуы ғажап емес.  Осы латын әліппиіне көшуге дайындалу кезінде не істеуіміз керек?  Бұл іске, біз қарапайым азаматтар қандай көмек бере аламыз деген сұрақты  әр азамат өзімізге қоюымыз қажет сияқты. Өйткені, ақыл, кеңес, сын  айтуға келгенде біздің қазақ ешкімге дес бермейтіні белгілі дей отырып, көптің пікірі көлге тең, сусының  қанар – сіңірсең  деп, нақты ұсыныс айтқанымыз дұрыс сияқты. Оның ішіндегі жарамдысын таңдау ғалым, мамандарға байланысты.
Менің ұсыныстарым:
Бірінші, латын әліппиіне ауысудағы ең маңызды мәселе оның ғылыми тұрғыдан, қазақ тілінің генетикалық, ел арасында ғасырлар бойы қалыптасқан сөйлеу (сөйлем құрау) ерекшелігіне байланысты табиғи қасиетін тірілтіп, сақтауды ескеру. Ол үшін бұрынғы, тілді ассимиляцияға ұшыратқан бағыт – тіл институтының пайдаланып жүрген ғылыми идеологиясын өзгерту қажет. Алғашқы мерзімдегі негізгі жұмыс әліпбидің символдарын таңдаумен бірге сол әліпбиді енгізу кезеңіндегі тіл институтының жүргізетін ғылыми және ұйымдастыру жұмыстарының идеология­сын бекіту керек. Қазіргі қазақ тілін өз табиғатынан алшақтатып жүрген, кейбір «ғалымдардың» атақ үшін енгізген «жаңалықтарынан» тазару қажет. Жаңа идеология негізінде жұмыс істейтін мамандар тобын іріктеп, дайындауды ұмытпау.
Екінші, Қазақ тілінің келешегі – еліміз бен мемлекетіміздің келешегі. Қазақ елін ежелгі түркілердің қарашаңырағының мұрагері деп жүргендіктен, келешекте барша түркі тілді елдердің көшбастаушы, ұйытқысы болуы үшін қазақ тілінің баршаларына ортақ бай тіл ретінде қалыптасуы мен  дамуын іске асыру қажет. Сондықтан, тілімізге терминдерді енгізу мәселесіне мұқият көңіл бөлу керек. Түркі әлеміндегі әмбебаб тілге айналдыруды ойлауымыз керек. Әлемдегі ғылым, техника және технология дамуына байланысты жаңа терминдерді енгізгенде оны қазақ тілінің ерекшелігіне қарап бейімдей  отырып қабылдау қажет. Бұл бабалардан тілімізді байытуға  араб, парсы т.б. тілдерді пайдаланғанынан қалған тәжірибе. Бұл барлық халықтардың  бөтен тілдегі сөзді  қабылдағанда өздерінің сөйлеу ерекшелігіне бейімдеп алып өз тілдерін байытуға  тырысатыны  белгілі.. Өкінішке орай,  бізде орыс сөздерін сол күйінде қабылдауға, халықаралық терминдердің орнына ойдан шығарған, не болмаса, ескі терминнің мағынасын бұлыңғыр беретін сөздерді пайдалануға құмармыз. Бұдан тіліміз баймайды. Бәріміз жақсы білеміз, тілдің баюы  бір сөздің сан түрлі баламаларының болуына байланысты. Сондықтан, мүмкіншілігінше қазақ тілінің баю мәселесін сараптай отырып туысқан түркі елдерінің сөздерін неғұрлым көбірек енгізуге ұмтылуымыз керек. Сонда ғана, туысқан түрік халықтарына қазақ тілін, ал бізге олардың тілін меңгеру жеңілденеді. Қазақ  тілінің түркі халықтарының қарым-қаты­настарының, ынты­мақ­тарының, рухани бірлігінің қалыптасуына ықпал етіп, ортақ тіл деңгейіне жетуіне әкеледі.
Үшінші, осы әліпби ауыстыру кезінде қазақ тілінде ғылымның, экономиканың, техника мен технологияның, білім беру мен қоғамдық, мәдени іс-шаралардың, жарнамалар мен ономастика атауларының  сөйлеуіне ықпал ететін орта ақпараттық кеңістіктің қалыптасуындағы кемшіліктерді жойып, оларға қоятын талаптарды қатайту қажет. Білім беру орындарында  (мектеп, колледж, жоғары оқу орны, арнайы білімін көтеретін курстар)  қазақ тіліндегі оқулықтар мен әдістемелердің тапшылығына жол берілмеуі тиіс.
Төртінші, қазіргі ақпараттық дәуірде қазақ тілінің латын әліпбиін таңдап алғаннан кейін компьютердің көмегімен арнайы бағдарламадағы матрицаны пайдаланып кириллицадан, төте жазудан (Байтұрсыновтың араб әліпбиі) тағы басқа символдар қолданылатын жазулардан оңай қазақ тіліндегі мәтіндерді латын әрпіне аударуға болады. Осындай бағдарламаны қытай еліндегі қандастарымыз пайдаланады. Осы жерде айтып кететін бір мәселе бізде де кириллицадан (орыс тілінен) қазақшаға, қазақшадан орысшаға аударатын бағдарлама матрица бар. Өкініштісі, олардың аудармалары мағынасы жоқ, тек ұйқасы шамалы сөздердің жиынтығы болып шығады. Оның нақты себебі, қазақ тіліндегі сөйлем құрылуы мен орыс тіліндегі сөйлеу генетикасының үйлеспеуінде жатуын ұқпауда болып отыр. Сондықтан, ең алдымен қазақ грамматикасының тілдің генетикалық ерекшелігін сақтайтын негізін қалау қажет. Бұл тіл ғалымдарының азаматтық борышы.
Бесінші, қазақ елінің мәңгілігі қазақ тілінің келешегіне байланысты. Яғни, қазақ тілінің мемлекеттік тіл деңгейіне көтерілуі – мемлекеттік тіл заңын қабылдануына тікелей байланысты. Елбасының ұсынысын орындаймын деген өкімет бірінші кезекте «Мемлекеттік тіл туралы заң» дайындап, ол парламентте қабылдануы қажет. Және де, ол заңда көптеген азаматтар айтып жүргендей, тек қазақша сөйлеу ғана емес, ең негізгі мәселе қазақ тілінің жасанды кемшіліктерден арылып, келешегінің ғылыми түрде шешіліп, дамуы болуы тиіс.

Болат ДҮЙСЕМБІ

Жауап қалдыру