Қазақстандағы мектептер: аңыз бен ақиқат

0
140

Психология ғылымында «Иллюзия» деген термин бар. Латыншадан аударғанда «алдаймын, мазақтаймын, келекелеймін» деген мағынаны береді екен. Иллиюзия – әртүрлі себептерге байланысты өмір шындығының теріс, жаңсақ қабылдануы. Бүгінде дәл осы «иллюзияны» билік саяси технология ретінде елді басқаруда, халықты тыныштандыруда шебер қолданып отыр. Яғни «иллюзия» арқылы бәрін жасап жатқандай етіп көрсетуге болады. Бүгінгі біздің билік те бұл технологияны жетік қолданады. Соңғы кездері «мемлекеттік тіл» мәселесі сөз болса әкім-қаралар қазақтілді мектептердің көбейіп жатқандығын тілге тиек етеді. Мектептердің саны артып жатқанын жоққа шығармаймыз. Дегенмен, ол «қаншалықты көбейіп жатыр?», «қазақтілділердің сұранысын қанағаттандыра алуда ма?» деген сияқты мәселелер төтесінен қойылып, сандар арқылы салыстыратын болсақ, біраз шикіліктердің шығатынын байқаймыз.

СҰРАНЫС ПЕН ҰСЫНЫСТЫҢ  ТЕПЕ-ТЕҢСІЗДІГІ
Қазақстанда мектептердің жалпы саны әр жыл сайын 0,7%-ға төмендеп жатыр. Сандармен сөйлейтін болсақ, еліміздегі жалпы мектептердің 98,5 пайызы мемлекеттік. Жалпы орта білім беру саласында 2 ,5 миллион баланы қамтитын мемлекеттік білім беретін 7646 күндізгі мектеп жұмыс істейді. Соның ішінде бастауыш мектептердің үлес салмағы 12,8%, негізгі – 15%, орта – 68,9%-ды құраған. Бастауыш мектептердің жалпы санының 95,7%-ы ауылдық елдімекендерде орналасқан, негізгі және орта мектептер бойынша бұл көрсеткіш тиісінше 93,7% және 70,5%-ды құрайды. Бұл мектептерде балаларды оқыту 9 тілде жүргізіліп, олардың қатарында негізінен, мемлекеттік тілімізден бөлек орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік, түрік, шешен, неміс және ағылшын тілдерінде болған. Жұмыс істеп тұрған күндізгі жалпы білім беретін мектептерден (орта және жоғары оқу орындарының жанындағы және арнайы түзету мектептерін қоспағанда) 3828 мектеп таза қазақ, 1573 – таза орыс, 58 – өзбек, 14 – ұйғыр, 2 мектеп – тәжік, 7 мектеп – ағылшын тілдерінде оқытады. Бұдан басқа, 2164 мектепте оқыту екі немесе одан көп тілдерде жүргізіледі. Былайша айтқанда, аралас мектеп деген сөз. Сонымен қатар 3 тілде немесе одан да көп тілде оқытатын 90 (көптілді мектептер қатарында негізінен қазақ-түрік лицейлері), 11 Назарбаев зияткерлік мектебі мен мен дарынды балаларға арналған 33 арнайы мектеп білім беруін жалғастыруда.
Қазақ тілінде оқитын оқушылардың үлес салмағы 70%-дан асып жығылады. Әрине, ауыл-аймақтағы мектептердің барлығы дерлік қазақ мектептері екенін ескерсек, жоғарыда келтірілген статистикада қазақтілділердің сол ауыл-аймақтағы мектептердің есебінен артып отырғанын білуге болады. Ал, қаладағы мектептерде қазақтілділер қай деңгейде көбейіп отыр? Олардың мемлекеттік тілде білім алуына деген сұраныс қаншалықты деңгейде қанағаттандырылып жатыр? Бұл мәселенің басы ашылмай-ақ қойды. Мәселен, былтыр «Алтын белгі» алған түлектердің 69,7 пайызы қазақ мектептерін тәмәмдағандар екен. Халықаралық олимпиадаларда жүлделі орын алғандардың 73 пайызы қазақ мектебінің оқушылары. Былтырғы тестілеу нәтижесі бойынша орташа балл – 86,68. Қазақ тілінде білім алғандардың орташа балы 87,02 болса, орыс тілінде білім алғандар 85,99 орташа балды құраған. Бұл сандардың өзі мемлекеттік тілде білім алушылардың білім деңгейі, ой-өрісі әлдеқайда жоғары болатындығын айғақтай алады. Ал, мұны есепке алып, қазақ мектептерін көбейтіп жатқан билік жоқ. Дос Көшімнің пайымдауынша, Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында 800-ге жуық мектеп ашылыпты. Егер 50-60-жылдардағы тың игеру кезінде 800-дей қазақ мектебінің жабылғанын есімізге алсақ, біз қазақ мектептерінің саны жөнінде 1961 жылдың деңгейіне енді ғана жетіппіз. Бұл мақтануға тұрарлық дерек емес.
Мойындау керек, кез келген геосаясатта демографиялық ахуал басты назарға алынады. Бұл ретте, бізді Қазақстан бойынша халқы 2 миллионға жуықтаған Алматы қаласы мен 1 миллионға жетті деп отырған елордамыздағы қазақ мектептері мен қазақтілді оқушылардың жай-күйі қызықтырады. Нұр-сұлтан қаласында 91 күндізгі жалпы білім беретін мектептің 77-сі немесе 84,6 пайызы мемлекеттік, 14-і немесе 15,4 пайызы мемлекеттік емес мектептер екенін статистика айғақтайды. 77 мемлекеттік мектептің 24-і қазақ, 15-і орыс, 37-сі аралас, 1 украин мектебі екен. Әрине, елорданың барлық тұрғындарының 77,9%-ы қазақтар екенін есепке алсақ, қазақ-орыс-аралас болып келетін мектептердің тілдік ахуалы сын көтермейді. Аралас мектептерде қазақ сыныптары болғанымен, олардың саны орыс сыныптарына қарағанда әлдеқайда төмен екенін бәрі біледі. Соның өзінде, директорларынан бастап, еден жуушыларына дейін орысша сөйлейтін мектепте мемлекеттік тілде сайрайтын оқушыны тәрбиелеу қиын. Әрине, қазағы 700 мыңға жететін бас қаламызда таза қазақ мектептері аралас мектептерден да асып тұруы тиіс еді. Бұл мәліметтерге қарап, еліміздің элитасы болып отырған елорданың өзінде қазақ мектептеріне деген сұраныс қанағаттандырылмай жатқанын көруге болады. Қала халқының қазақтардан бөлек орысы 12,9%-ды құрап, қалған үлесі неміс, украин сияқты т.б. саусақпен санарлық қана ұлт өкілдерінен тұрады. Яғни, өзге ұлттар 20%-дан әрең асады. Ендеше қаладағы диаспоралардың осындай демографиялық ахуалын көре отырып, қазақ мектептерінің аралас мектептерден де аз болуы елдігімізге сын. Егер сандарға сын көзбен қарайтын болсақ, орыс және аралас мектептері өзге ұлт өкілдерінен емес, өзіміздің қазақтардың есебінен толып отырғанын білуге болады.
Биылғы оқу жылында Нұр-сұлтан қаласында жалпы білім беретін мектептер санына бір ғана мектеп қосылған. Бұл дерек бас қаламызда қазақ мектептері жуық арада көбейе қоймайтындығын білдіреді. Қазақ мектептерінде 2011-2012 жылы – 25 883 оқушы болса, 2012-2013 оқу жылында 29 523 оқушыға жетіпті. Бұл көрсеткіш барлық оқушылардың 33,8 пайызын құраса, биылғы оқу жылында мектеп саны біреуге артып, оқушылар саны – 29 523 жеткен. Бұл көрсеткіш барлық оқушылардың 35,3 пайызын құрап отыр. Яғни, бір жылда 3640 оқушыға артқан. Бүгінгі таңда, қалаға сырттан келетін тұрғындардың көбеюіне байланысты мектептерде орын тапшылығы сезіліп жатқанын халық былай тұрсын, білім беру басқарма басшыларының өздері айтып, дабыл қағуда. Ендеше осындай демографиялық жағдайды көре отырып, елорданы қазақ мектептеріне толтырып тастаудың орнына билік басындағылар не қарап жүр?
Мына бір дерекке назар аударсақ, Нұр-сұлтан қаласында өткен оқу жылы «Алтын белгі» алған 73 баланың 61-і – қазақ сыныбының оқушыларынан шыққан екен. Бұл статистика қазақ мектептерінің білім беру деңгейі жоғары екенін көрсете алады. Осындай қуанышты мәліметтерден хабардар болған ата-аналар алдағы уақытта балаларын қазақ мектептеріне беруге тырысып бағуда. Былтырдың өзінде қазақ былай тұрсын, өзге ұлт өкілдерінің 51 баласы қазақ мектебіне келген. Ал, биыл бұл балалар саны 255-ке жетіпті. Ендеше осы мәліметтерді біле отырып, қазақ мектептерін көбейтпеу мемлекеттік тілге жасалған қастандық деуге болады.
Шындығы сол, Қазақстанда қазақ мектептерінің санының артуы тым баяу. Елімізде бірлі-жарым мектептер салынып, ашылып жатқаны рас. Алайда, ашылған мектеп санынан жабылған мектеп саны көп болып тұр. Алматы қаласы бойынша 2012-2013 оқу жылында мемлекеттік жалпы білім беретін 185 мектепте 163 478 оқушы, 40 мемлекеттік емес мектепте 8590 оқушы білім алды. Қазақ тілінде білім алған оқушылардың саны 73 782 болса, 85 956 бала орыс тілінде оқыған. Мектептерді жіктеуге келсек, қазақ тілінде 59 мектеп, орыс тілінде 62 мектеп, ұйғыр тілінде 3 мектеп, 56 аралас – орыс-қазақ, 2 орыс-неміс, 2 орыс-ұйғыр, 1 қазақ-орыс-ұйғыр мектебі жұмыс істейді. Егер аралас мектептердің барлығын қоссақ 61-ге жетеді екен. Яғни, қазақ мектептері орыс мектептерінен де, аралас мектептерден де аз болып тұр. Жоғарыдағы аралас мектептерді бөліп-жарып беруіне қарасақ, статистика агенттігі мұны әдейі солай орналастырған сыңайлы. Себебі, қазақ мектептері саны жағынан ең соңында тұруы ару қаламыздың мемлекеттік деңгейін оңды етіп көрсетпейді. Кеңестер Одағының дәуірлеп тұрған кезінде 1 миллион 200 мың халқы бар Алматыда жалғыз ғана қазақ мектебі болғаны бәріміздің есімізде. Алайда одан кейін жиырма жылдан астам уақыт өткенін ойға алсақ, саны 2 миллионға жуықтаған қалада 59 ғана қазақ мектебінің болуы мемлекеттік тіл үшін де, билік үшін де, халық үшін де үлкен жетістік емес. Ал, қала әкімшілігі осы бір статистиканы айтып, мақтанып, жар салуда. Мұндай «иллюзиядан» кімге, қандай пайда?
Алматы қаласында соңғы жылдары іске қосылған жаңа мектептер туралы хабар мүлде естімедік. Көкжиек мөлтек ауданында салынып жатқан бір ғана жаңа мектептің құрылысы әлі аяқталмағандықтан, жуық арада жаңа мектептің ашылғандығы туралы хабар естуіміз екіталай. Ал, Алатау ауданында жаңадан төрт мектеп салу қала әкімшілігінің жоспарында тұр екен. Дегенмен, ол қашан салынып болатыны былай тұрсын, олардың таза қазақ мектебі болатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Шын мәнінде, Алматы қаласы бойынша қазақ мектептерінің үлесі өте төмен деңгейде. Қазақ мектептердің көпшілігі ауыл-аймақтан келген қазағымыздың есебінен артып, олардың жиі қоныстанған Алатау ауданына қарасты мектептердің басым бөлігі қазақ тілінде болып, қала бойынша мемлекеттік тілде оқытатын мектептердің саны осы ауданда ғана артып отыр. Соңғы жылдары біршама орыс мектептерінде қазақ сыныптары ашылып, аралас мектепке айналып үлгеріпті. Дегенмен, бұл қуанышты жаңалық емес, аралас мектептерден мемлекеттік тілде сайрайтын оқушыларды тәрбиелеу мүмкін еместігі тәжірибеден белгілі.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Алматы­да­ғы қазақ мектептерiнде 8 мың бала оқыса, бүгiнгi таңда олардың саны 70 мыңнан әрең асып отыр. Алматы қаласы Бiлiм басқармасының бұрынғы бастығы Рахат Шимашева бір сұхбатында: «Бiз ата-анадан түскен өтiнiшке қарай жаңа оқу жылындағы бала санына байланысты қазақ мектебi қанша, орыс мектебi қанша болу керектiгiн қарастырамыз. Ал, қазақ мектептерiндегi бала саны күрт өсiп жатыр. Әсiресе Әуезов пен Алатау ауданында бала саны өте көп. Мәселен, №176 мектептiң өзi 1200 балаға арналса, қазiр онда 1940 оқушы бiлiм алуда. 640 орынға арналған №157 мектепте 1,5 мыңға жуық оқушы отыр. №123 мектеп 1200 орындыққа лайықталса, мұнда қазiр 2 мыңнан аса бала бар. Басқа ауданның қазақ мектептерiнде де бала саны өте көп. Осыған орай бiртiндеп қазақ тiлiнде оқытатын мектептерде жетiспейтiн оқушы орнын азайту мақсатында аудандық оқу бөлiмдерiне тапсырма берiп, орыс мектептерiнде қазақ сыныптарын ашу, ал аралас мектептi таза қазақ тiлiне көшiру мәселесi қойылып жатыр», – деген болатын. Дегенмен, орыс мектебін аралас қылып, араласты қазақ қылып былықтырудың қажеті шамалы. Одан да қазақ мектептерін құрып, жаңадан ашқан әлдеқайда тиімді. Мәселен, биылғы оқу жылының өзінде Алматы қаласы бойынша 10 мыңнан астам оқушыға орын жетіспей жатыр. Әрбір мектепті орташа есеппен 2 мың орыннан есептесек, қаламызда үлкен-үлкен 5 мектеп салу қажеттілігі туып отыр. Айта кетер жайт, оқушыларға орын жетіспеушілік мәселесі, әсіресе, қазақтілді оқушыларға қатысты болып отыр. Ал, орыстілділерде мұндай мәселе мүлде туындап жатқан жоқ. Бұл бізді ойландыруы тиіс.
Алматы қаласының халқының саны күрт артуда. Мәселен, табиғи өсіммен қатар, ішкі миграция әсері, оның ішінде күнкөріс қамымен ауылдық жерден қалаға көшіп келіп жатқан қазақтілді отбасылардың есесінен көбею үдерісі айқын байқалады. Мұны Алматы қалалық білім басқармасын басқарған Рахат Сейдахметқызының өзі де мойындаған болатын. «Біздің қалаға халық көп көшіп келіп жатыр, сондықтан орын жетіспеушілігін толығымен жою мүмкін емес», – дейді ол. Ауылдан келетіндердің барлығы дерлік – қазақ балалары. Ал, сол қазақ балаларын қазақ мектебімен қамтамасыз ете алмай отырған әкімшілікке не айтамыз?! Тіпті, баласын мемлекеттік тілде оқытқысы келетін өзге ұлт өкілдері де жетерлік. Бұл түбінде қазақ тілінің өз елінде қанатын кеңге жайып, нағыз өз мәртебесіне ие болатынына деген халықтың сенімі болса керек. Бірақ, соған сай қазақ мектептерінің көбейіп жатқандығын көзіміз көріп жатқан жоқ. Қаламызда мектепке бала қабылдамай қою сияқты фактілер көбінесе қазақ мектептеріне қатысты тіркеліп жатады. Статистика агенттігінің өзі жыл өткен сайын қазақ тілінде білім алатын оқушылар санының көбейіп, орыс тілінде білім алатындар қатарының азайғанын көрсетіп отыр. Неге осы мәліметтерді біле тұра, әкімдеріміз, шенеуніктеріміз қазақ мектептерін көбейтуге тырыспайды? Неге халықтың сұранысы, талап-тілегі ескерусіз қала бермек?

АРАЛАС МЕКТЕПТЕРДІҢ ПАЙДА БОЛУ ТАРИХЫ МЕН ОҚУШЫЛАРҒА ӘСЕР ЕТУ ИДЕОЛОГИЯСЫ
Отарлаушы империялардың барлығы да «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын қарудың ең қуаттысы – тіл» екенін біледі. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады», – деген алаш арысы Ахмет Байтұрсыновтың да көрегендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Тарихқа көз жүгіртсек, XVIII ғасырдан бастап қазақтарды орысша оқытуды ұйымдастыру үшін Орынборда профессор Ильминский, Ташкентте Остроумов, Омбыда профессор Алектров, Семейде доцент Кузнецов отырған.
Тарих ғылымдарының кандидаты Жұмамұрат Шәмшінің зерттеуінше, 1750-1895 жылдар аралығында қазақтарды орысша сөйлету мақсатындағы жұмыстардан онша нәтиже бермеген соң, 1896 жылы Сырдария губерниясына генерал-губернатор фон Кауфман Перовскіге өзі келді. Мектептердің дәрісіне кіріп, балалардың орыс тілін жақсы оқып жатқанын көріп, қуана қол соққан екен. Бірақ қоңырау соғылып, балалар далаға шығып ойнап жүргенде, олардың тек қазақ тілінде сөйлегеніне таңырқап, «Неге олар өз тілінде сөйлеседі? Неге орыс тілінде сөйлеп, ойнамайды?» деп қатты ашуланған көрінеді. Содан «қазақтың балалары ойнаса да, жүрсе де, тұрса да тек орыс тілінде сөйлету керек» деген тұжырымға келеді. Ол үшін не амал қолдану керек? Отаршыл генерал әрі ойланып, бері ойланып, ақыры бір байламға келеді. Оның шешімі бойынша орыс балалары мен қазақ балаларын араластырып, аралас мектеп жасап, қосып оқыту қажет болған. Осылайша, қазақ балаларының барлығын орысша сайрататын фабрика «Аралас мектеп» елімізде пайда бола бастапты.
Ғалым Жұмамұрат Шәмші сөзін жалғап: «Араға бір жыл салып, генерал қайта келіп бақыласа, қазақтың шошақ бөрік киген қара домалақ балалары үзілісте де өзара орыс тілінде сөйлесіп жүр екен. Тәжірибесінің жемісін көрген генерал асқан ризашылықпен осы істі әрі қарай үзбей жалғастыруға кеңес беріп аттаныпты. Патшалық Ресейдің дәл осы істің жалғасы ретінде Кеңес Одағы орнаған соң, 1938 жылы 10 наурызда Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясының Орталық Комитеті және КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі қабылдаған Ұлттық республикалар мен облыстарда орыс тілін міндетті түрде оқыту туралы қаулы қабылдады», – дейді. Әрине, бұл қаулы кейіннен елімізде жаңбырдан соң шыққан саңырауқұлақтай «аралас мектептердің» қаптап қаулағанына тарихи тұрғыдан көзіміз жетеді.
Аралас мектептердің қай жылы қаншасы пайда болғаны жайлы деректерді тарих пәнінен жақсы білеміз. Мәселен, 1937-1938 жылдың өзінде халқымыздың жартысына жуығы аштан қырылып, бір жылда қазақ зиялыларының 25 мыңы «халық жауы» ретінде атылып кеткен тұста Қазақстанда 478 аралас мектеп пайда болып үлгеріпті. 1954 жылы 4 ақпанда Қазақ еліндегі 700 қазақ мектебі бір күнде жабылды (Бүгінде мұндай қатаң шараны қолданбасақ та, қажеттілік тудыру арқылы аралас мектепті бірте-бірте азайтуға болады ғой). Кейіннен таза қазақ ауылдарында қалған 100-ге тарта мектеп араласқа айналды. 1968-1969 жылдары елімізде аралас мектептің саны 1690 болса, тәуелсіздігімізді алғаннан кейін де бұл көрсеткіш тоқтамай өсіп, бүгінде 2161 мектепке жетіп отыр. Әсіресе тәуелсіздік жылдары аралас мектептердің саны қаулап өскенін сан бойынша да, тарих бойынша да көрсетіп беруге болады. 1968-69 оқу жылында орыс оқушылары 1 891 359 балаға жетіп, республика оқушыларының 75%-ын құраған. Ал, бүгінде бұл көрсеткішке қазақтілді білім алушылар жеткенімен, орыс мектептері және аралас мектептердің азаю көрсеткіші төмендемей отыр. Демек, мұнда биліктің немесе қоғамның бір жалтақтығы бар.
Өз уақытында аралас мектептердің тым белең алғандығынан шошынған көрнекті жазушы Сәбит Мұхановтың өзі арнайы диссертация қорғаған екен. Ол қай жылы, қанша мектеп ашылғандығын, олардың еселеп артып отырғандығын дәлме-дәл анықтап: «1937-38 жылы аралас мектеп 478; 1940-41 жылы аралас мектеп 841 (2 есеге жуық асып отыр); 1954-55 (тың игеру жылдарында) аралас мектеп 1228 (бұрынғысынан 3 есе асып отыр); 1958-59 жылы аралас мектеп 1567 (4 есеге жуық асып тұр); 1968-69 жылы аралас мектеп 1681 (азаю орнына тағы да асып отыр)», – деп аралас мектептердің асқындап жатқанын ғылыми тұрғыда зерттеп жазады. Шынында да, атақты жазушы Сәбит Мұқанов диссертацияны қорғау үстiнде А.В.Щербаковтың терiс пiкiрiне батыл қарсы шығып, ғылыми кеңесте ашығынан кетiп, аралас мектеп туралы бүркемеленген ойын әшкерелей сөйлейдi: «…Патша үкiметi тұсында ашылған алғашқы орыс мектептерi отарланған халықтар үшiн миссионерлiк мектептер едi. Тiптi, бұдан 200 жыл бұрын, орыстың кертартпа тарихшысы М.И.Щербатовтың өзi «бұратана халықтар үшiн ашылған миссионерлiк мектептер осы халықтарды құлдандырудың бiрден бiр жауыз тәсiлi» деп жазды. Жүз жылдан соң осындай пiкiрдi сiбiрлiк тарихшылар А.К.Шапов пен өткен ғасырдағы бурят ағартушысы Доржи Банзаров және басқалар айтып кеткен. Патшалық Ресейдің мектептерiндегi миссионерлiк бағыт ХIХ ғасырдың аяғына дейiн жалғасып келдi. Кейiн ол «орыстандырумен» алмасты». Яғни, «аралас мектеп», былайша айтқанда, халықты «орыстандыру» деген сөз.
Атақты жазушы Сәбит Мұқанов бұл сөзді сонау қылышынан қаны тамған КСРО-ның дәуірінде қорықпай айтып кеткен. Ендеше тәуелсіздік бағы басымызға қонған бүгінгі күні бізде «аралас мектептер» азаймай, елімізде «орыстанушылар» азаймайтынын айтқымыз келеді. Шын мәнінде, аралас мектептерді көбейтудің идеологиясы – халықты жаппай «орыстандыру» болатын. Ал, дәл осы идеология әлі күнге дейін жемісін беріп келе жатқанына таңым бар. Біз тәуелсіздігімізді алған алғашқы күннен-ақ бұл идеологиялардың ары қарай өмір сүрмеуін қатаң қолға алуға тиіс едік. Дегенмен, сол кезден бері келе жатқан бүгінгі билік басындағылар бұл идеологияның құрбаны болып кеткендер. Бекболат Тілеуханша айтқанда, бостандық таңы туылғандар қашан ес жиып, билік басына келмегенше, «аралас мектептер», «орыстандыру» идеологиясы әрі қарай өмір сүре береді. Ең өкініштісі де осы..

ШЕТ ЕЛДЕРДІҢ АРАЛАС МЕКТЕПТЕРДІ ЖАППАЙ ЖОЮДАҒЫ КӨЗДЕГЕН МАҚСАТЫ
Расында, елді басқарып отырған биліктің идеологиясына қарап, ол елдің бүкіл жағдайын білуге болатын секілді. Мәселен, Өзбекстан тәуелсіздік алған алғашқы күннен-ақ, «өзбектендіру» идеологиясына кірісіп, көпұлттылығына қарамай, өздерінің өзбек тіліне баса мән берді. Сонымен қатар аралас және орыс, қазақ мектептерін жаппай жауып тастауды қолға алып, тек өзбек мектептері білім беруін бүгінде жалғастыруда. Өзбекстанда ағылшын тілінде т.б. шетелдік дамыған тілдерде беретін саусақпен санарлық мектептер бар. Дегенмен, 80%-дан астамы өзбек тіліндегі мектептер екеніне көз жеткізуге болады.
Орыс және аралас мектептерді жаппай жою саясатын қолданып жатқан елдердің қатарында Украина, Гүржістан елдері де бар. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Гүржістан елі: «Орыс тiлiнiң бізге бір тиындық құны жоқ!» – деп ұрандап, орыс мектептері мен аралас мектептерін жаппай жапқызып келеді. Расында, Қазақстан аралас мектептердi таза қазақ тiлiне көшiруге келгенде тартыншақтап, бәзбiреулердiң ығына жығылып, ықпалында жүргенде, Гүржістан мемлекетi сөзден iске көшіп, ұлттық идеологиясын жүргізуде. Мәселен, Гүржістанның бiлiм және ағарту министрлiгi мектеп директорларына орыс сыныптарына оқушы қабылдауды қысқарту туралы ауызша бұйрық берiп, істі шешуге тырысып бағуда. Айта кетерлiгi сол, Гүржістан билiгi бұл iстi ың-шыңсыз ғана қолға алған. Егер жергiлiктi орыс ұлтының өкiлдерi қандай да бiр уәж айтатын болса, олар «Бұл көпшiлiктiң тiлегi. Кез келген ата-ана баласының мемлекеттiк тiлде бiлiм алғанын қалайды», – дегендi айтып, заң жүзінде ақталып, өзін алып шыға алады. Мемлекеттiң жүргізіп отырған саясатына, мемлекеттік тiлiне қарсы шығатындар Гүржістанда да жетiп артылады. Бiрақ олар мұндайға «Ит үредi, керуен көшедi» деген ұғыммен қарап, өздерінің көздеген мақсатына жетуден тайынбайды.
Аралас мектептер мен өзге тілді мектептерді алып Ресейдің өзі де қолдамайды. Мәселен, көршімізде үш миллион қазақтың екі миллионы ассимиляцияға ұшырап (орыстанып), қазақ болудан қалды, бір миллион қазақты тез арада көшіріп алмаса, олардан да айырылатынымыз анық. Бір миллионнан астам қазақ өмір сүретін аймақта, емге бір қазақ мектебі жоқ. Демократия жолын таңдаған Ресейге бұлай істеу жарасады! Сонымен қатар Гүржістан, Украина, Өзбекстан т.б. елдердің барлығы да дәл осылай істеп жатыр. Сонда олар ақымақ болғаны ма? Қалай? Біздің елде болса, аралас және орыс мектептерін жаппай жабу былай тұрсын, мемлекеттік тілде оқимыз дегендерге жай тауып, мектеп салып бере алмай жатырмыз. Орыс мектептерінде орын еселеп бос тұр, ал қазақ мектептері үш ауысыммен оқып, көптеген оқушылар жай таппауда. Біздің биліктің көздеген мақсаты мен саясатын түсіне алмадық…

САЯСАТТАҒЫ САЛҒЫРТТЫҚ ПЕН ЕСЕПСІЗДІК
Еліміздің бас қалалары мен облыс орталықтарын есептемегеннің өзінде, аймақтардағы қазақ мектептерінің жағдайы сын көтермейді. Олардың санын арттыру былай тұрсын, кейбірі өзіміздің мектеп бағдарламасын оқымайтын көрінеді. Мәселен, Қазақстандағы Ресейдің автономиясы сынды болып кеткен «Байқоңыр» қаласын мысалға алайық. Мұнда мектептердің барлығы Ресей бағдарламасымен оқып жатыр екен. Әрине, бұл жағдайды мәселе ретінде алсақ, «Қазақ тілі» қоғамы секілді т.б. бірнеше ұйымдар бұл мәселені шешуге талай рет тырысып көріпті. Дегенмен, нәтиже болмаған. 1994 жылы Байқоңырды Ресейге жалға берген кезде Қазақстан билігі үлкен қателікке бой берген. Сол кезде Ресей «Мектептерді өздерің қаржыландырып, өз бағдарламаларыңмен оқыта беріңдер» дегенде Қазақстан үкіметі «бұл бізге тиімсіз» деп, мектептерді Ресей бағдарламасымен оқыту құжатына қол қойып жіберген. Соның кесірінен қазір қаншама бала «Ресей тарихын» оқып, Ресейде өмір сүріп жатқандай күй кешуде. Мұндай оқиғаның болғанын Ресейге қарасты Байқоңыр қаласының әкімдігі де растап отыр. Сонымен қатар әкімдік білім беру мәселелеріне қатысты «Біз екі ел арасындағы келісім негізінде жұмыс істеп отырмыз» деп мәлімдеген. Ал, Байқоңырдағы президент өкілдігінің мәліметі бойынша қаладағы мектептерде 1-6 сыныптар Ресей стандарттарымен, 7-11 сыныптар Қазақстан стандарттарымен оқиды. Өкілдіктің айтуынша, Байқоңырдағы қазақ тіліндегі білім беру мекемелері 2006 жылдың 21 қарашасында Қазақстан мен Ресейдің білім және ғылым министрліктері қол қойған келісім аясында жұмыс істеп жатыр-мыс. Келісім бойынша, білім беру мекемелерінің жұмыстары Ресей заңдарын басшылыққа алады және оқу бағдарламаларын Ресей стандарттарына сәйкес жүзеге асырады. Бұл Ресейдің бюджеттік кодексінің, қаржысының шығындалуына байланысты талаптарынан шығып тұрған мәселелер екен. Әрине, кім қаржыландырса сонікі болып кете беретін елімізде мұндай мәселелер мен шикіліктерді болуы – жақсылыққа соқтырмайды. Бұл мәліметтерден-ақ, Байқоңырдағы мектептердегі оқушылардың жағдайы, тілі қандай екенін білуге болады. Ресейдің бағдарламасымен оқу деген, Ресейдің идеологиясын сіңіріп, Ресейдің ажырамас бір бөлігі болу деген сөз. Байқоңырда «орыстандырудың», «орыс шығарудың» осындай үлкен корпорациясы жұмыс істеуде. Ал, бұл салғырттыққа кінәлі тікелей өзіміз, өзіміздің билік болып отыр. Ендеше бұл фактілерге не айтуға болады?
Қазақ мектептерін көбейту мәселесін шешу аймақтарда да үлкен маңызға ие болып келеді. Мәселен, әлі күнге дейін Теміртау қаласы орыстілді тұрғындары басым аудан орталығы ретінде есепте тұрғанымен, қазақтілді қоныстанушылар көбейіп, соңғы жылдары қазақ мектептеріне деген сұраныс барынша артып отыр. Қазір онда 31 жалпы білім беретін мектеп болып, оның 12-сі аралас, 16-сы таза орыс тілінде, ал қалған 3-еуі ғана қазақ тілінде білім береді екен. Теміртаудағы халық былай тұрсын, қалалық әкімшілігінің өздері қалада қазақ тілінде білім алуға талпынушылардың саны жыл сайын артып жатқанын айтуда. Теміртау қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Юрий Жулин ата-аналар қазақ тілінде білім беретін мектеп ашу жөнінде бірнеше рет шағымданғанын айтады. Ол өз сөзінде: «Қазір Теміртау қаласының қазақ мектептерінің әр сыныбында 30 баладан отыр. Қазақ мектептерінің бала қабылдау мүмкіндігі мүлдем жоқ. Керісінше, орыс мектептерінің көбінде бала саны аз. Мәселен, 16 орыс мектебінің жартысы 50 пайыз ғана оқушымен қамтылса, қалғаны 70-80 пайыз ғана. Сондықтан жаңа мектеп салудың орнына орыс мектептері мен аралас мектептерді бір-бірлеп қазақ мектептеріне айналдыру қажет», – дейді.
Шынында, әкімшілік өкілдері мәселенің мән-жайын зерттеп, қазақ мектебінде оқуға ниетті балалардың тым белең алғандығын байқаған. Расында, Қазақ мектебін көбейту қажеттілігі туындағалы бірнеше жыл бұрын пайда болған. Бұл ретте, білім және ғылым министрлігі қазақ мектебіне барғысы келетін, алайда амалсыздан орыс мектебіне барып жүрген оқушылардың санын шығарып, сұранысқа орай, қажеттілікті өтеуге неге әлі күнге дейін құлықсыз? Мәселен, бүгінде еліміз бойынша қазақ балаларының 37%-ы орыс мектептерінде оқуы бізді алаңдатады. Осы «37%-дың қаншасы өз еріктерімен орыс мектебіне барды?», «Оларға қазақ мектептері мен сыныптарында орын жетісе ме?» т.б. мәселелер төңірегінде кең зерттеулер жүргізуге Білім және ғылым министрлігі тиесілі болатын.
Жуық арада ғана сенатор Қ. Айтаханов елімізде қазақ мектептер санының жетіспеушілігін алға тартып, еліміздегі қазақтілді оқушыларға қатысты «Өз елінде тұрып, өз ана тілінде оқуға мүмкіндік болмауын қалай түсінуге болады?» – деген сауалды Білім және ғылым министрлігіне жолдап, бәрімізді ойландырды. Оның айтуынша, еліміздің кейбір өңірлерінде қазақ мектептерінің жетіспеушілігінен 161 бала өзбек тілінде, 101 бала ұйғыр тілінде оқуға мәжбүр болып жүр екен. Ал, еліміздің бас қаласында қазақ балаларының 47%-ы тек орыс мектептерінде оқып, білім алатын көрінеді. Бұл туралы ұлт зиялылары «Тіл» мерекесінде өткен «Мемлекеттік тілді дамыту» акциясында айтып өткен еді. 1-2 жыл бұрын осындай ақпарат бүкіл БАҚ-ты шулатыпты. Тіпті, тіл жанашырларының біразы бұл көрсеткіш басқа қалаларда бұдан да сорақы болуы мүмкіндігін есепке алып, Білім және ғылым министрлігіндегілер мен қала әкімшілігінде қызмет істейтіндерді сұрақтың астына алады. Алайда бұл мәселеге нақты жауап берген ешкім болмаған. Соған қарағанда, сорақы ақпараттың түбінде «шындық» жатыр.
Қазақ мектептеріндегі оқушылар қалыпты деңгейден тым артық. Оқушы санының көптігіне байланысты оқушыларын екі ауысыммен, үш ауысыммен оқытып жатқан қазақ мектептері де жетіп артылады. Оның үстіне, жыл өткен сайын балаларын қазақ мектептеріне бергісі келетін ата-аналар санының еселеп өсе түсуі де қазақ мектептеріне деген сұранысты өсіре түсуде. Дегенмен, біздің билік қоғамның, халықтың бұл сұранысын елеп-ескеріп, оны өтеуге деген құлшынысы болмай отыр. Есесіне, «иллюзия» жасап, барынша халықты алдап бағуда. Әрине, бұдан кім, қандай пайда ұтатынын білмесек те, мұның түбі жақсылыққа соқтырмайтыны белгілі…

Дінмұхамед АЯЗБЕКОВ

Жауап қалдыру