Асыраушысыз қалған сәбилерге Қытайда жазықсыз жазаға тартылған ата-аналары қайтарылсын!

0
88

Кеше, 31 мамыр күні Алматыда, «Қазақстан» мейманханасында «Ата-жұрт» еріктілер тобының ұйымдастыруымен Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай «Ата-аналары жазықсыз Қытай концлагеріне қамалып, асыраушысыз қалған балаларды қорғайық!» атты қайырымдылық жиын өтті. Осындай шараларды қолға алып жүрген қоғам белсендісі Серікжан Біләш Қытайда тұратын этникалық қазақтарға қысым көрсету әрекеттері әлі де басылмай тұрғандығын, жазықсыз қамалған ондаған адамдардың түрмелер мен концлагерь сияқты қайта тәрбиелеу орындарында азап шегіп жатқандығын айтты.
Жиында сөз алған «Prezident & Halyq» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев Қазақстан мен Қытай арасында ұзақ жылдардан бері достық, экономикалық байланыстар қалыптасқаны, алайда ол достық теңдік пен өзара құрмет жағдайында ғана баянды болатыны туралы айтты. Бір елден екінші елге шаруасымен, іскерлік сапармен, отбасылық жағдаймен барғандар жазықсыз қамауға алынып, түрмеге тоғытылмауға тиіс. «Ата-жұрт» еріктілер тобы Қытай жерінде осындай әлденеше қазақстандық азамат азап шегіп жатқанын айтып отыр.
«Біріккен Ұлттар Ұйымы 1948 жылы қабылдаған «Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясында» еш­кім­нің де негізсіз тұтқындалуға, қамауда ұсталуға немесе қуғынға ұшыратылуға болмайтыны, ешкім де азапталуға немесе қадір-қасиетін қорлайтындай адам­шылыққа жатпайтын қатыгездік жолмен жәбірленуге немесе жазалануға тиіс еместігі туралы талаптар бар. Алайда Қытай Халық Республикасы билігінің осындай халықаралық құжаттарға пысқырмастан сол елде тұратын қазақ этносының өкілдеріне олардың мұсылман болғандығы, атамекенде баласын оқытқаны немесе Қазақстанмен байланыс орнатқаны үшін қуғынға ұшыратып отырғаны ешбір адамгершілік нормаларымен сыйыспайды. Екі елдің арасындағы достық пен сыйластық арнасында қазақстандық азаматтардың түрмелерден босатылуын және жергілікті қазақтарға қарсы түрлі желеумен жүргізіліп жатқан қуғын-сүргінді тоқтатуды талап етеміз!», – деді ол.
Бұдан кейін осы жиынға сонау Германия­дан арнайы келген журналист Өмірхан Алтын қазақ билігін Қытай түрмелерінде азап шегіп жатқан қазақтарды қорғауға шақырды. «Әлемнің қай жерінде жүрсе де қазақтардың жалғыз Отаны бар. Ол – Қазақстан. Әр қазақ Қазақстан елі тұрғанда өзін арқалы сезінеді. Мен таяуда Еуроодақ парламентінде болып Қытай қазақтарының ауыр тағдырын сөз еттім. Сонда маған ондағылар «Мұндай мәселемен белгілі бір ұйым немесе мемлекет айналысады. Сол жолмен ықпал етеді.

Қытайда Қазақстан азаматтығын алған 500-дей қандасымыз жазықсыз қамауда көрінеді.

Қазақстан сияқты беделді мемлекетің тұрғанда жеке басыңмен жүрісің не?» деп ұялтты. Мен Қазақстан билігі мұндай өзекті мәселелердің ортасында жүрсе екен деймін. Шетелде қиындыққа тап болған әр қазақтың тағдыры Қазақстанға тәуелді. Егер шынымен қылмыскер болса оған дау жоқ. Ал жазықсыз жандардың азап шегуі, отбасының қиналуы, ұрпақтарының зары бізді бей-жай қалдырмайды. Тап осы мәселе таяуда өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті кездесуінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР басшысы Син Цзипин арасындағы кездесу кезінде көтерілсе деймін. Қазақстан мемлекеті шетелдерде тұратын қандастарынан бас тартпауға тиіс.
Осы бір күрделі мәселемен үздіксіз айналысып келе жатқан қоғам белсендісі Қыдырәлі Оразұлы да отбасы құн­дылықтарын жоғары қоятын халық­аралық құқық нормалары бойынша асыраушысыз қалған сәбилерге ата-аналарын қайтару қажеттігін, бұған Үкімет тарапынан нақты қадамдар жасалу қажеттігін алға тартты.

Жиынға қатысып отырған кішкентай бүлдіршіндер де, жеткіншектер де қамау­дағы ата-аналарын сағынғанын айтып, көзжастарын төгіп жатты. 13 жастағы Гүлдана Кәдірбектің әкесі 2017 жылғы 23 тамыздан бері Қытай лагерінде қамауда екен. 11 жастағы Қалиса Ержанның әкесі Құрбан Ержан 2017 жылғы 29 қарашадан бері жазықсыз қамауда. 11 жастағы Кенжебай Әлидің әкесі Әлихан Кенжебай Қытай лагерінде белгісіз жағдайда қайтыс болып кеткен. 12 жастағы Айбар Тұрсынмұхаметтің әкесі Дүйсенбай Тұр­сынмұхамет 2017 жылы 4 қыркүйектен бері концлагерьде. 12 жастағы Дәулетхан Байболдың әкесі Шәйірбек Дәулетхан да 2017 жылғы 10 қазаннан бері Қытай түрмесінің азабын тартып жатыр. 8 жастағы Алхар Әділнұрдың әкесі Әділнұр Әжібай 2017 жылғы 14 қыркүйектен бері қамауда. Жеңіснұр Батылдың анасы Гүзәлнұр Жеңісқызы Қазақстан азаматы екендігіне қарамастан 2016 жылғы 15 маусымнан бері үй қамақта. Міне, Қазақстанның әр түкпірінен келген осындай 40-50 бала отбасының бүтінделуін сұрайды.
Өмірхан Алтын Мюнхенде тұратын қазақ жеткіншектерінің Рамазан айында жинаған қаражаттарын ата-анасы Қытайда қамалып, өздері бағусыз қалған осы жердегі балаларға таратап берді. Алматылық азаматтар да ораза айында сауапты істен шет қалмай өз үлестерін қосып жатты.
Айтпақшы күні кеше Сенат отырысында сенатор Бірғаным Әйтімова Үкі­мет басшысы Б.Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, мектеп жасындағы балалардың қалыпты физикалық және ақыл-ой дамуы үшін негізгі қоректік заттарды күнделікті тұтыну және олардың тағамдық рациондағы теңгерімділігі арқасында жағдайлар жасалуы қажеттігін көтерді. «Мектеп оқушысының тамақтануы рационалды және салауатты болуы қажет, себебі бұл уақытта ағзаның қалыптасуы жүзеге асады», – деді депутат.
Рас, баланың тамақ рационы өте маңызды. Алайда бала үшін қалыпты отбасы, жанында әкесі мен анасының болуы одан маңызды деп ойлаймыз. Сондықтан ертеңгі болашағымыз болып табылатын сәбилер мен бүлдіршіндердің ата-анасы жанында болуына да қамқорлық жасағанымыз жөн.
Жиын соңында қатысушылар ЮНИСЕФ ұйымына, Елбасы Н.Назарбаевтың атына балалар­дың қамаудағы ата-аналарын босату­ға ықпал ету жөнінде Үндеу хаты қабыл­данды.

Мұрат ЖАНЫСБАЕВ.

Жауап қалдыру