Қарадалаға көгілдір отын келді

0
90

Өткен аптада Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жұмыс бабымен Қарадала өңіріне барды. Алдымен әкім «Шонжы АГРО» ЖШС жұмысымен танысты.
Биылғы 4 шілде Алматы облысы Ұйғыр ауданының тұрғындары үшін ерекше күн болды. Орталықтан шалғай орналасқан Қарадала өңіріне табиғи газ келіп, тұрғындардың қуанышын еселей түсті. Осынау игілікті шараға арнайы келген облыс әкімі табиғи газдың алғашқы алауын тұтатуға қатысты. Облыстық мәслихаттың 2007 жылғы шешімімен «Алматы облысын 2007-2015 жылдары және болашақта 2020 жылға дейінгі кешенді газдандыру» бағдарламасы аясында аудан аумағына 46 шақырымдық «Азиялық газ желісінің» құрылысы жүргізіліп, екі жыл аумағында 19 855 миллион теңге инвестиция тартылған. Қаражаттың негізгі бөлігін ауданды көгілдір отынмен қамтамасыз етуді қолға алып отырған «Азия газ Шонжы» ЖШС жұмсап отыр. Жалпы ұзындығы 214 шақырымды құрайтын көгілдір отын құбырын тарту үшін 23 газ тарату қорабының, 2 газ тарату бекетінің құрылысы жүргізілді. Осыған орай аудан орталығы Шонжы ауылында 3500 тұрғын үй, 34 әлеуметтік нысан, 150 кәсіпкерлік нысан көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Қазірдің өзінде 200-ден астам тұрғын үйге газ құбыры тартылып, арнайы пеш орнатылуда.
– Жетісу жерін көгілдір отынмен қамтамасыз ету­дің кешенді іс-шаралары жалғасып келеді. Соның бір көрінісіндей бүгін, міне, Ұйғыр ауданына көгілдір отын келіп отыр. Бұл – үлкен жақсылық. Облыс­ты газбен қамту үшін жыл са­йын бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Алматы қаласынан Талдықорғанға дейін газ желісі тартылды. Бақанасқа, Қаратал мен Текеліге, Кербұлаққа, Жаркентке көгілдір отын жеткізілді. Болашақта Алакөл ауданына, таулы өңірге қоныстанған Райымбек, Кеген аудандарына да табиғи газ жеткізу жоспары бар. Бүгінгі қуаныштарыңыз ұза­ғынан сүйіндіре берсін! Әр шаңыраққа бақыт пен қуа­ныш тілеймін! – деген облыс әкімі Амандық Баталов көп­шілікке шынайы тілегін жеткізді.
Одан кейін сөз алған «Азия газ Шонжы» компа­ния­сының директоры Ро­ман Наханов салтанат­ты шараға жиналған көпші­­лікті қуанышымен құттық­тап, ақжарма ниет білдір­ді. Облыстық мәслихат­­тың депутаты, осы өңір­дің айтулы перзенті Ыз­ғар­бек Бектұрсынов аудан­ды көгілдір отынмен қамта­масыз етудің үлкен еңбекпен келгенін атап өтіп, табиғи газдың келуі заманға лайық өсіп-өркендеудің, дамудың бір сатысы, жар­қын да жайдары көрінісі екендігін алға тартып, жерлестерін құттықтады.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдыру