Қамын ойлап ананың, саулығын ойлап баланың

0
112

Ұлт болашағы – бүгінгі ұрпақтың денсаулығына тікелей тәуелді. Сондықтан ұрпақ саулығы қоғамның басты назарында. Осындай игі іс жолында абыройлы қызмет атқарып келе жатқан мекемелердің бірі – Алматы қалалық Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы. Осы орайда ана мен бала денсаулығы, орталықтың бүгінгі тынысы жайлы мекеме директоры Бодықов Ғани Жандиярұлы тілші сұқбатында баяндайды.
– Ғани Жандиярұлы, сұқбат шы­мыл­дығын дәрігерлік еңбек жолын таңдауға не себеп болды деген сұрақпен ашсақ…
– Мен дәрігерлер отбасында дүниеге келдім. Әкем Жандияр Рашбайұлы медицина саласының үздігі, 50 жылдан астам уақыт дәрігер қызметін атқарған жан. Әкем зейнетке шығар алдында 20 жылдан аса Қызылорда облысы Қармақшы аудандық ауруханасының бас дәрігері болды. Осылайша бала кезімнен осы мамандықтың қайнаған қазанында тәлім-тәрбие алдым. Мінеки, «Әке көрген оқ жонар» демекші бұл мамандықты жүрегім сол кезден бастап игеруді қаласа керек.
Тағы бір айта кетер жайт, медицина саласына отбасымызда жалғыз мен емес, төрт баланың барлығы да ден қойды. Бүгінде баршамыз Абай атамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеде, кетігін тап та, бар, қалан» деген нақыл сөзін басшылыққа алып, өмірден өз орнымызды тауып, халыққа қызмет етіп келеміз.
Осы сәтті пайдаланып, табысты да жемісті еңбек етуге тәлім-тәрбие берген, еліміздің азаматы болып қалыптасуға тірек болған ата-анама мың алғыс айтқым келеді.
– Дәрігерлік сынды ауыр да машақатты еңбек жолында үздік болуы үшін не қажет?
– Дәрігер үшін ең басты сыйлық науқастың айығып, бал-бұл жайнаған жүзі. Сондықтан халықтың ерекше ықыласына бөленіп жатсақ, бізден асқан бақытты жан жоқ шығар сірә. Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп бекер айтпағанын ұғасың.
Мен жұмысымды қараңғы үйде шам жағатын шырақшыға ұқсатамын. Себебі, әрбір дүниеге келген сәби ата-анасының өмірін сол шамшырақ секілді жарық нұрға бөлейді ғой. Ал менің мақсатым – дені сау сәбидің іңгәлеген даусын барша отбасыға аман-есен жеткізу. Әр отбасына қуаныш әкелуге себепкер болу. Сондықтан да, халықтан өз атыма деген құрмет, алғыс сөздерін интернет желісінен оқығанда өзімнің ата-анама ризашылығымды білдіріп, осы мамандықты таңдағаным үшін қуанып отырамын.
Дәрігер мамандығын таңдаған жан адамдарға қызмет етуді басты мақсат етуі тиіс. Бұл үшін шеберлік, білім мен жұмысқа қабілеттілік, нағыз жүрек қалауы, іске шексіз берілгендік, біліктілік қажет. Медицина саласындағы мекемелер дәрігерлердің күш-жігерлерінің арқасында табысты, беделді болады. Дәрігер үздік болуы үшін кейде білім де жеткіліксіз. Меніңше дәрігер ең алдымен науқастың жан-дүниесін ұға алуы тиіс. Жылы сөз бен қарым-қатынас – емдеудің ең керемет бір түрі дер едім.
– Өзіңіз басқарып отырған Пери­натология және балалар кардио­хирургиясы орталығында қандай өзгеге таңсық қызмет түрі мен жаңашылдықтар бар?
– Бүгінгі күнде Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталы­ғын­да мамыр айында операция бөлім­шесі мен рентген-эндова­с­кулярлық диагностикалау және емдеу бөлімшесі ашылып, тиісті саладағы мамандармен қамтылды.
Рентген-эндоваскулярлық диагности­калау және емдеу бөлімшесінде жүрек ақауы бар шақалақтарға диагностика қойылып, баланың жолдасы жатырға жақын жатумен ана мен баланың денсаулығына қауіп төндіретін ауру бойынша операция жасалады. Сонымен қатар биылғы жылы Германиядан келген әріптестерімізбен қоса жатыр мойнының қатерлі ісігі ауруына операция жасау жоспарлануда.
Ал осы жылы маусым айында са­ла­лық дәрігерлеріміз біліктілігін арт­ты­ру мақсатында Литуа мемлеке­тіне қыз­меттік іссапарға жіберілді. Биыл­ғы тамыз айында орталықтың 7 жыл­дығына Алматы қаласы Денсаулық сақ­тау басқармасы мен «Кенгбук» (Оң­түстік Корея, Тэгу қ.) университеттік кли­никасының арасында қол қойылған меморандум аясында туа біткен жүрек ақауы хирургиясы, жүрек-қан тамыр хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Чо Джоненг бастаған бір топ ма­мандар келіп, шеберлік сыныбын өт­кізді. Литуадан (Ausra Urbutiene-Md. Phd, Linas Rovas-Professor.Md, Phd) кел­ген спикерлер тренинг-семинар өт­кіз­­ді.
Сондай-ақ орталық портативті кар­дио­васкулярлық ультрадыбыстық НМ70А жүйесі, CHS-i 10 мың нәрестеге арналған инкубаторы, өкпелерді ин­вазивтік емес түрде желдету аппа­раттары, жылытуы бар ашық түрдегі реанимациялық жүйелер және толығымен жабдықталған фетальды монитор, эндоскопиялық хирургияға арналған бейнескопия, қиын инту­бация кезіндегі бейнеэндоскопия аппараттарымен қамтылды.
– Жыл басынан қанша сәбидің дүние есігін ашуына мұрындық болдыңыздар. Ал кесарь тілігін қаншалықты жиі қолданасыздар? Оның әйел денсаулығына зияны қандай?
– Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында үстіміз­дегі жылдың 9 ай аралығында 6 мыңдай сәби дүниеге келді. Оның ішінде, 2 192 бала кесарь тілігі жолымен туылғандар, оның 626-сы 1000 грамнан төмен салмақпен шала туылған нәресте.
Бүгінде босанған әйелдердің шамамен 12-27%-ы баласын кесарь тілігі арқылы дүниеге әкеледі. Кесарь тілігі операциясы қажетті мамандардың (терапевт, окулист, эндокринолог, қажет болған жағдайда хирург, невропатолог, ортопед) қатысуымен жасалады. Ал, нақты жасау уақыты емдеуші дәрігермен тағайындалады. Біздің мекемеде кесарь тілігі босанарда бала теріс келіп қалған жағдайда немесе ана мен баланың өміріне қауіп төнгенде жасалады. Ондай жағдайда міндетті түрде әйелдің келісімі ескеріліп, рұқсаты жазбаша ресімделеді. Кесарь тілігі операциясында жансыздандыру үшін жұлынға анестезия салынады. Операция жансақтау бөлімшесінде жатқан әйелдің артериялық қысымы, жүрек қағысы, тыныс алу ырғағы, жатырының көлемі мен тонусы, барлығына әсер етеді. Кесарь тілігінен кейін дәрігердің кеңесін бұлжытпай орындау қажет. Кесарь тілігін жасауға еш қажеттілік болмаса, табиғи жолмен босанған жөн.
– Өкінішке қарай бүгінде шақа­лағын дүниеге әкелместен одан бас тартатындар азаймай тұр. Мекемеде түсік (аборт) жасауға жол беріле ме?
– Біздің орталықта түсік жасалады. Алайда тек әйелдің өмірін және денсаулығын сақтап қалу мақсатында, еріксіз жүктілік кезінде, шақалақ ауыр науқасқа шалдыққан кезде және тағы өзге жағдайда ғана. Әйелдің өздігінен түсік тастауы әртүрлі жағдайларға (жығылу, ренжу, шошыну, ауыр жүк көтеру т.б.) байланысты болады. Әйелдер алдын ала диспансерлік ба­қылауға алынып, емделсе нәти­же­сінде дені сау бала туылушы еді. Біздің мекемедегі жүктілік патологиясы бөлімшесінде өздігінен түсік тастау ықтималдылығы жоғары әйелдер ғана қаралады.
Ал ананың да, шақалақтың да денсаулығы дұрыс болса жасанды түсік жасамағанға не жетсін. Осы орайда қыз-келіншектерге құлаққағыс қылып айтқым келеді. Жасанды түсіктің кері әсері яғни зияны орасан. Аборт не дегенмен де ота болып саналады. Ал кез келген ота үлкен тәуекел әрі ағза үшін үлкен күйзеліс тудырады. Түсік жасату кезінде ағзаға инфекцияның түсу қаупі өте жоғары. Көп қыздарымыз жасырын түрде, сапасы мен медициналық мүмкіндігі белгісіз орындарда түсік жасатып жатады. Ондай жағдайда ағзаға инфекцияның енуі есе­леп артады. Мұның соңы гор­мондардың бұзылуына, түрлі гинекологиялық ауруларға не­месе жатыр сыртындағы жүктілікке тіпті бедеулікке душар етуі ғажап емес. Жасанды түсік жасатудың психологиялық салдары туралы да айтпай кетпеске болмас. Аборттан кейін психологиялық дис­комфорт орын алады. Қорқыныш билеп, көңіл-күйдің болмауы, өзін кінәлі сезініп, ары мазалайтын сәттер аз кездеспейді. Медицинада «түсіктен кейінгі синдром» деген түсінік бар. Онда бас айналып, қысым шамасы құбылып, жүрек соғысы өзгеріп, тамақтану жүйесі бұзылады. Әрбір қыз – ертеңгі болашақ ана болғандықтан бұндай мәселеге жеңіл қарауға болмайды. Жалпы қыздарымызға кейде сауаттылық жетіспей жатады. Дәрігердің көмегіне жүгініп, одан кеңес алып тұрса, көп қиындықтардың алдын алуға болушы еді.
– Келесі сауалымда дәл осы мәселені сұрамақ едім. Қыз-келін­шектер гинекологқа қаншалықты жиі көрініп тұруы керек?
– Қыз бала кәмелет жасына жеткен кезде жарты жылда бір рет гинеколог маманға қаралып тұруы керек. Кей қыздар гинекологқа баруға ұялады. Оның еш әбестігі жоқ. Қабылдау кезінде тек денсаулыққа қатысты сұ­рақтар қойылады. Жауаптардан оның денсаулығы жайлы көп мәлімет алу­ға болады.
Жүктілік кезіндегі шараларды мұқият орындау да аса маңызды. Болашақ аналар ерте бастан қамданар болса, қолайсыз жағдайлар туындамайды. Емхана дәрігеріне «есепке тұрудың» оңтайлы мерзімі – 9-12 апта. Пер­зентханаға жиналар кезде ең ал­ды­мен қажетті құжаттарды салу ке­рек. Ақылы немесе жекеменшік ем­ха­нада босанатын болса төлқұжат, ауыс­тыру картасы, ОМС полисі және бо­са­нуға келісім-шарт қажет. Біз­дің ме­­кемеде психологиялық тұр­ғыда қол­дау, уақытында кеңес бе­ру, тә­жі­рибе көрсету секілді көмек түр­лері ұсы­ны­лады. Сондай-ақ әр бөлім­шеде емі­зуді үйрететін мейірбике қарас­ты­рылған.
– Қыз келіншектер кейде жүктілікті болдырмау үшін арнайы құралдар қолданып, дәрі ішіп жатады. Маман ретінде бұған айтар ойыңыз қандай?
– ХХІ ғасырда адам баласы тіпті баланы жоспарлау тәсілін үйренген. Оның әртүрлі өзіндік себептері бар. Жеке, отбасылық, әлеуметтік-тұр­мыстық, медициналық тағысын та­ғы дегендей. Әйелдер жүктіліктің ал­дын алуда контрацепция, гор­мо­налды дәрілер, спермицидті құ­ралдар және спиральды қолданып жа­тады. Әйелдерге беретін кеңесім – бұл дәрілерді қолданардан бұрын дәрігермен кеңесіңіз. Жүктілікті бол­дырмау құралдары денсаулыққа зиян келтіреді. Мысалы, гормоналды таблеткаларды қан диабетімен ауы­ратындарға, толықтыққа бейім­дерге, жүрек, қан-тамыр ауруларынан зардап шегетіндерге қолдануға тыйым салынады. Менің ойымша, барлық нәрсе өз ретімен, табиғи түрде және екі жақтың келісімімен болуы тиіс.
– Сөз соңында қыз-келіншектерге айтар кеңесіңіз қандай?
– Әйел адамның денсаулығы өте маңызды әрі нәзік нәрсе. Оған күтім жасап, үнемі көңіл бөліп отырған жөн. Көп әйелдер еш жері ауырмаса, дәрігерге көрінуді артық санайды. Ол дұрыс емес. Сондықтан гинекологқа тұрақты түрде барып тұру керек.
Сонымен қатар әйел адам ауыр заттарды көтермеуі керек. Тіпті қажет болып бара жатса күшке салмай, абайлағаны дұрыс. Құрсақ қуысына түскен қысым жатырға кері әсерін тигізеді.
Бүгінде кеш тұрмыс құру, ана атануға асықпау тенденциясы біздің қоғамда да байқалады. Бұның түрлі себептері бар шығар, бірақ тым әсірелеп жібермеген жөн. Әйел адамның жасы ұлғайған сайын оның бала көтеруі, босануы қиындай түседі.
– Сұқбатыңызға рақмет. Еңбек жолыңыз табысқа, өзіңіз айтқан аналар құшағы сәбиге толсын!

Гүлнұр СӘЛІМБАЙ

ӨМІРДЕРЕК
Бодықов Ғани Жандиярұлы 1968 жылы Қызылода облысы, Қар­мақшы ауданында дүние­ге келген. Ақтөбе Мем­лекеттік Медицина инсти­тутының емдеу факультетін бітірген. Алғашқы еңбек жолын Қы­зы­лорда қалалық пер­зен­т­ха­на­сында акушер-гине­колог мама­ны ретінде бастады.
1995-1997 жылдары Алмат­ы қа­ласындағы С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ем­деу факультетінің акушерия жә­не гине­кология кафедрасында кли­никалық ординатурадан өт­ті. Ал 2007 жылы медицина ғылымы­ның кандидаты атағына ие бол­ды.
2007-2012 жылдары №4 қа­ла­лық клиникалық ауруха­на­да шұғыл гинекология бөлім­ше­сінің меңгерушісі, №1 қала­лық кли­никалық аурухана Бас дәрі­герінің орынбасары, 2014 жылдан 2018 жылдың басы­на дейін №5 қалалық перзент­хананың Бас дәрігері лауазы­мында болды. 2017 жылы акаде­мия­лық «профессор» ғылыми дәрежесін алды. 2018 жылғы сәуірден бастап Алматы қаласының Перинатология және балалар кардиохирургиясы Орталығының директоры.
«ҚР тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қа­зақ­стан Республикасы ден­сау­лық сақтау ісінің үздігі», төс­бел­гілеріне ие. Халықаралық Ас­социа­ция шешімімен «Алтын скаль­пель» орденінің иегері. Ұлт­тық Медицина Ассоциация шеші­­мі­мен «Алтын дәрігер» атанған. Респуб­ли­ка­лық қоғамдық атақтар мен мара­паттар жөніндегі кеңес шешімімен «Ұлт қайраткері» атағымен марапатталған.

Жауап қалдыру