Ақ жол, арманды жастар!

0
116

Биыл Алматыда өткен дәстүрлі «Жас түлек» іс-шарасына «Алтын белгі» иегері атанған 500-ге жуық оқушы қатысты. Оқу озаттарын шаһар басшысы Бауыржан Байбек пен Қазақстанның Еңбек Ері, ардагер ұстаз Аягүл Миразова құттықтады.
Royal Tulip салтанат са­ра­йына жиналған халық­тың қарасы биыл да көп. Мек­теп бағдарламасын үздік тәмәм­даған әр түлектің, олар­дың жолына үмітпен қарайтын әр ата-ананың жүзінде қуаныш, көзінде шаттық. Биыл Алматы қаласы бойынша 8250 оқушы мектепті аяқтап отыр. Оның 478-і үздіктер сапына ілінген. Осы үздіктерді марапаттауға арнайы келген Алматы қа­ла­сының әкімі құттықтау сөз айтып, түлектерге сәт-са­пар тіледі.
– Бүгін барша түлектер, ата-аналар мен ұстаздар үшін тарихи күн. Сіздердің жай­нап тұрған жарқын жүздері­ңіз мемлекетімізде, қала­мызда жастарға бар жағдай жасалғанының ныша­ны деп ойлаймын. Сіздер бүгін үлкен өмірге қадам жасап отырсыздар. Өмірде түрлі шешім қабыл­дауға ту­ра келеді. Сондай сәт­терде қорықпай, жауап­кер­шілікті сезініп, дұрыс таң­дау жасау үшін білімнің маңы­зы зор. Әйгілі қытай ғалы­мы, миллиардер Джек Ма болашақта «жұмсақ ғылымды» меңгеру басты орынға шығатынын айтады. Бұл – ІТ технология. Бұл саланы терең меңгеріп, тілін жетік түсініп қана қоймай, техникаға емес, техниканы адамға жұмыс істете білуіміз керек. Ол үшін әрине бірінші кезекті жастар білімді болуы тиіс. Болашақ сіздердің, жасам­­паз, шығармашыл, креативті жастардың қолын­да! – деді Бауыржан Байбек.
Иә, шынында да болашақ білімді ұрпақ қолында. Бір қуантатыны, сондай жастар бүгінде аз емес. Оқуда оза шапқандардың бірі – Дарина Мамырова. Халықаралық Мирас мектебінде оқыған. «Н.Назарбаев Білім Қоры» Қоғамдық Қорының баста­ма­сы­мен құрылған білім орда­сына биыл 20 жыл. Дарина со­ның он тоғызыншы түлегі. Сы­ныптағы 26 оқушының ара­сында «Алтын белгі» алған жалғыз оқушы. Бірнеше тілді еркін меңгерген ол Ұлыбританияда біліп алуды көздеп отыр. Таңдаған мама­н­дығы – экономист. Батыстың үздік білімін өн бойына жинап оралған соң елдік жолда қыз­мет етуді армандайды.
Дарина сияқты арман арқалап, алдына үлкен мақсат қойған түлектерге ақ жол айтып, сәттілік серік болсын дейміз!

Меліс СЕЙДАХМЕТ,
«P&H»

Жауап қалдыру