Аңыз кейіпкерлеріне жан бітірді

0
121

18-мамыр күні Талдықорған қаласының тұрғындары мен қала қонақтары М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейін басқа қырынан көруге мүмкіндік алды. Халықаралық музей күніне орайластырылған «Мұражайдағы түн» шарасында музей қызметшілері сақ патшасы Томирис, Қабанбай батыр, қазақ әдебиетінің классигі Ілияс Жансүгіров және тағы тұлғалардың кейпіне еніп, түрлі көрсетілімдер қойып, музей қонақтарымен суретке түсті. Аталмыш шараның қызықты қойылымдарын тамашалап, музей қызметшілерін кәсіби мерекелерімен құттықтау мақсатында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар арнайы барды.
Жақсылық Мұқашұлы шара­ның ашылу салтанатында:
– «Музейдегі түн» шарасы – му­зейге келушілердің санын арт­тыруға негізделген мәдени шара. Музей тарихты, ата-баба­ларымыздың ұлы мұрасын сақ­тап, жасөспірімдердің тәр­бие­сіне оң ықпалын тигізеді. Бүгінгі күні Алматы облысында 22 музей жұмыс істеуде, мемлекет қолдауының арқасында облыста мәдени мұралардың сақталуына айрықша көңіл бөлінеді. Музейге келушілерді қызықтыратын бағдарламалар әзірлеуде музей қызметкерлері де үлкен үлестерін қосуда. Осы сәтті пайдалана оты­рып, баршаңызды облыс әкі­мінің атынан Халықаралық музейлер күнімен құттықтап, Сіздерге шығармашылық табыс, музейлеріңіздің іргесі кеңейіп, дамуын тілеймін, – деген тілегін білдірді.
Мерекелік бағдарламаға сәй­кес келушілер назарына әс­кери оркестрдің сүйемелдеуімен «Әр замандағы қару-жарақтар» көрмесі ұсынылды. Онда Алматы облысы ІІД-ге уақытша пайдалануға берілген қарулар топтамасы қойылған.
«Археология» залында облыс­тық Б.Римова атындағы драма театр әртістерінің орын­дауында «Томиристің Кир пат­шаны жеңуі» атты театр­ландырылған сахналық көрі­ніс қойылды. Ал «Орта­ғасырлық қалалар тарихы» атты экспозициялық кешенде Есік музейінен әкелінген көне жәдігерлер қойылып, саз балшық пен қыштан жасалған ыдыс-аяқтар мен түрлі бұйым­дар жасаудың шеберлік сағаттары көрсетілді.
«Экспонаттар сарыны» шарасы аясында музейде «Қо­быз са­рыны» ансамблінің орын­­дауындағы күйлер мен М.Тө­лебаевтың музыкалық шығар­­малары орындалды.
Сонымен қатар бүгінгі күннің жетістіктеріне де көңіл бөлініп, арнайы жасақталған «Тәуел­сіздік» залында «ЭКСПО-ның туын­дау тарихы» атты экспозициясы көпшілік назарына ұсынылды. Алдын ала әлеуметтік желілерде өткізілген байқаулардың қорытындысы бойынша жеңімпаздарға халық­аралық «ЭКСПО-2017» көр­месінің билеттері табысталды.
«Мұражайлар түні» облыстық І.Жансүгіровтің әдеби музейінде де өтті. Мұнда тұңғыш рет бірегей экспонат саналатын ақынның төлқұжаты ұсынылды.
Сондай-ақ М.Тынышпаев атын­дағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоржыны да ерекше экспонатпен толықты. Му­зейге әйгілі космонавт Айдын Айымбетовтың ғарышта киген кителі берілді.

Аманжол КӨКШЕР

Жауап қалдыру