0
194

9-мамыр – Жеңіс  күні
Рухы биік Қалағаң!
Қазақтың белгілі жазушысы, соғыс ардагері Қалмұқан Исабай өмірден озғанына екі жыл толыпты. Ардақты Ағамды еске ала отырып, өзімнің жүрегімде сақталып қалған бейнесін, келбетін, айтқан әңгімесін ой елегімнен бір өткізейін деп, қолыма қалам алдым.
Мен Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Филология және көптілді білім беру институтында неміс тілі пәнінен ұзақ жылдар бойы дәріс оқып, жас ұрпаққа тәрбие беріп келемін. Сондағы айналып келіп тіре­летінім, түп қазығым, қазақтың маңдайына біткен ұлы ойшылы, ақыны Абай баба­мыздың айтып кеткен өсиет­тері, қара­ сөздері. Ал Абай бабамызды шетелге, әсіресе Германия мем­лекетіне ұлықтап, үлкен еңбегі сіңген қазақтың белгілі жазу­шысы, қоғам қай­раткері  Қалмұқан Исабай  дер едім. Оны айтып отырған себебім, Қалмұқан Ағамен 2010 жылы арнайы сұқбат алуға, өз аузынан естіп, ең бастысы көп естігеннен, бір көрген артық қой деп, Ағаммен кездесуге бардым.
Майдангер Қ.Исабай соғыс аяқталғаннан кейін Гер­манияның Зуль округінде 10 жыл бойы әскери қызметте қалады. Бұл Иль­менау қаласына жақын Кикель­­­хан тауының бөктері мен оның айналасындағы қа­лың Тюрингия орман алқабы бар, өте бір, әсіресе ақын-жазушылардың ой-қиялын жете­­­лейтін тап­тыр­майтын жер жәннаты десе бола­ды. Қалмұқан Ағамыз қызметін өтей жүріп, немістің ұлы классик ақыны И.Ф.Гетенің сол орманға саят­шылап көп келетінін, сол жерде оның тоқтайтын кішігірім үйі (үй 1776 жылы салынған, «Goethehäuschen») бар екенін, тағы бір ғажабы, сол жерде И.Ф.Гетенің «Түнгі жолаушы» («Wanderes Nachtlied» 1780) деп ата­латын өлеңін ағашқа ойып жазып кеткенін бірнеше рет барғанда, өз көзімен көріп жүреді. Бұл өлеңді орыстың классик ақыны М.Ю.Лермонтов «Горные вершины» (1840 ж.)  деп тәжімалайды. Одан Абай бабамыз «Қараңғы түнде тау қалғып» (1892 ж.) деп, осы өлеңді аударады. Қарап отырсаңыз, осы ұлы тұлғалар әр ғасырда өмір сүріп кетсе де, батысы болсын, шығысы болсын, бұдан біз ұлылардың жалғастығын көреміз.
Сөйтіп, Қалмұқан Ағамыз сол Зуль округінде тау етегіндегі ор­ман алқабындағы Гетенің мұражай-үйіне «Абай мүйісін» ашып, оған Абай портретін, қазақтың домбырасын, мәрмәр тасқа өзі қашатып үш тілде:  неміс, орыс, қазақ тілдерінде жазылған тақтаны қояды. Соны­мен қатар қазақ халқының төл шығармасына айналған Абай бабамыздың «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңінің таспасымен бірге мұражайға өткізеді. Сол кезден бастап бұл мұражайға келіп жатқан сансыз көп шетелдік туристер, әсіресе Қазақстаннан келген делегацияға сол таспаны қойғанда, мен ойлаймын, сол мезетте сонау бөтен елде, батыста, Германияның бір жерінде кез келген қазақ толқымай тұра алмайтын шығар. Өте бір әсерлі сәт!
Қалмұқан Ағамның тағы бір сіңірген еңбегі – Берлин қала­сының бір көшесіне «Абай кө­шесі» («Abai-Straße») деген атау бергізеді. Осы іс-шаралардың басы-қасында болып, со­ларға мұрындық болған ардақты Аға­мыздың еңбегі ұшан-теңіз. Жоғарыда атқарылған жұмыстар жай ғана, оп-оңай бола қалды деп айтуға болмайды. Ой жүгіртсеңіз, бұл – мемлекет пен мемлекет арасындағы дип­лома­тиялық дәрежеде атқа­рыл­ған келіссөздер, өзара байланысты, екі елге қатысты көлемді, келешек ұрпаққа үлгі боларлықтай тәр­биелік маңызы зор, өнегелі де, мәнді дүние!
Сөз соңында айтарым, Қ.Иса­байды тек қана қазақтың жазу­шысы емес, батыс пен шы­ғыс Еуропаға да танылған, құрметтейтін аса қадірлі, үлкен әріппен жазылатын, өзінің жеке басының атақ-даңқынан гөрі ұлттың қамын ойлаған, нағыз ұлтжанды азаматы деп толық айта аламын. Қ.Исабайды қа­зақ­тың жазушысы ғана емес, қазақ халқының піріне ай­нал­ған ұлы кемеңгер-ойшыл Абай Құнанбаевты жоқтаушысы, іздеу­шісі және Еуропаға, Гер­мания мемлекетіне таны­тушы, осын­дай үлкен іс-шараларға мұрын­дық болған аға­лары­мыздың бірегейі.
Жуырда баспа беттерінде жа­рық көрген Елбасының «Бола­шаққа бағ­дар: Рухани жаңғыру» атты мақа­­ласында   «ел-жұрт ұл­ты­­­мыздың алтын қорына ене­тін тұлғаларды білуге тиіс» деп айтқан болатын. Оны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы жүзеге асыру міндеттелді. Болашақ ұрпаққа үлгі боларлық үлкен тұлға, қадірлі Қалмұқан Исабай Ағамыз аталған жобаға енгізілуге әдбен лайық. Осы мәселеге биліктің назары ауса, нұр үұстіне нұр болар еді.
Қадірлі Қалмұқан Ағаммен көзі тірісінде әңгімелесіп, көп нәрсеге қанық болғаныма, алдымен Аллаға, содан кейін сондай сәтті бастан кешкен тағдырыма ризамын!

Роза  ОРАЗАЛИНОВА,
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Филология және көптілді білім беру
институтының аға оқытушысы

Жауап қалдыру