Жаңғырған сана жасампаздыққа жетелейді

0
85

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына орай 14-сәуірде Талдықорғанда Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен актив жиыны өтті.
Жиынды ашқан облыс басшысы А. Баталов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы соңғы күндерде ел өміріндегі қоғамдық-саяси ма­ңызы зор оқиғаның бірі болға­нын атап өтті. Онда Елбасы эко­номикалық және саяси же­тістіктерімізді дамытудың рухани бағдарламасын ұсынып отырғанына тоқталды.
– Бұл бағдарлама ұлтымыз үшін маңызы терең, ауқымы зор, өнегесі мол, халқымызға рухани азық болатын айтулы дүние. Бұл мақалада өткен тарихи кезеңдерге сындарлы баға беріліп, ой елегінен өткізіліп, рухани даму бағытымыз айқын­далған. Ел Президенті қоғамның рухани жаңғыруына халықтың дәстүрі мен ұлттық мәдениеті негіз болуы тиіс екенін айтты. Мұндай бағытты ұстану кешегі күн мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғастырады. Қоғамдық ойға қозғау салған Елбасы ұлтты ұйыстыруға, кешегімізді саралап, келешегімізді кемелдендіруге үндеп, «ұлттық кодты» сақтап қалудың сан алуан бағытын байыптайтын тамаша тетіктерді тарту етті. Мақаланың «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» деп аталған алғашқы тарауында жаңа ғасырдың талаптарына төтеп беру үшін экономикамыздың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, сананы жаңғыртудың бірнеше ерекшелігін алға тартты. Атап айтқанда, ұлттық құн­дылықтарымызды ұлық­тап, салтымызды сақтап, дәстүр­лерімізді дәріптеп, рухани бай­­лық­тарымызды абаттан­дыру­ға шақырды. Жершілдік секілді жаһандық жаңғырудың талап­тарымен жанаспайтын жағым­сыз әдеттерден арылып, ысырап­шыл­дықты ысырып, ықылым заманнан қалыптасқан ымырагершілікті ыдыратпаудың ыңғайын егемен елге еркін тілмен жеткізді.
Мақаладағы тағы бір бағдар – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының қолға алынуы. Бұл – әлемдегі ең таңдаулы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударылуы деген сөз. Кейде студенттер қауымымен кездескенімізде мемлекеттік тіл­дегі оқулықтар санының аз­дығын алға тартушы еді. Міне, енді олардың да армандары орындалар күн алыс емес. Патриотизмнің парасаттылығын пайымдайтын «Туған жер» бағдарламасының қолға алынатынын айтқан Президент адамзат баласы үшін қастерлі ұғым саналатын «Туған жердің» қадір-қасиетін саралай өтіпті. Бұл бағдарлама өз кезегінде еліміздің әрбір аймағында өткеннен сыр шертетін көне ғимараттар мен тарихи ескерткіштерді, мәдени нысандарды қалпына келтіруді, өңірлерде өлкетану, экологиялық тазарту жұмыстарын жүргізуді, ауыл аймақты абаттандыруды көздейді. Кәсіпкерлер де, зиялы қауым өкілдері де, шенді-шекпенділер де, жастар да туған жерлеріне қамқорлық танытып, жанашырлықтың жаңаша үлгісін көрсетулері қажет екенін ұсынған бұл бастама қолдаусыз қалмауы қажет деп санаймыз. Мақала тарихтың толқындарын таразылаудан басталып, ұлт болмысын барынша бағамдаумен байланысып, мемлекеттік ат­қаруы тиіс міндеттерін межелеп берді. Сондықтан біздің міндетіміз Мемлекет басшысының тапсырмасын орындай отырып, мақалада көрсетілген жобаларға басты назар аудару – деп атап өтті А. Баталов.
Жиында облыс әкімінің орын­басары Жақсылық Омар баян­­дама жасады. Баянда­ма­­шының айтуынша, облыс бас­қармалары өз жоспарларына бағдарламалық мақаланың мін­дет-мақсаттарын негізге ала отырып, толықтырулар жасайтын болады. Мәселен, облыстық ішкі саясат және жастар саясаты, мәдениет, тілдерді дамыту және дін істері жөніндегі басқармаларға сәуір айының аяғына дейін бағдарламалық мақалада айтылған тіректерді қамтитын ұсыныстар енгізіп, іс-шаралар жоспарын әзірлеу тап­сырылды. Бұл жұмысқа об­лыстық Қазақстан халқы Ас­самб­леясы мен жергілікті бұ­қа­ралық ақпарат құралдары да бел­сене қатысуы тиіс.
– Елбасы ұсынған жаңғыр­тулар қазақстандықтарды сан ғасырлық тарих пен мәдениет­тегі, ұлттық сана-сезім мен білім саласындағы рухани реформаға бастайды. Өзіміздегі ескі қа­ғидаттардан арылып, бүгінгі күннің арнасымен алға қарай ұмтылуымыз қажет. Осы орайда, бабалардан мирас болып қалған рухани құндылықтарды көздің қарашығындай сақтай жүріп, ұлттық рухты да жаңғырту керектігі күмән келтірмейді, – деген Жақсылық Мұқашұлы Елбасы мақаласында айтылған мәселелерге тоқталды. – Осы ретте, Президент қоғамның және әрбір азаматтың алдында тұрған алты бірдей мақсат-міндеттерді атап берді. Бірінші – бәсекелік қабілет; екінші – прагматизм; үшінші – ұлттық бірегейлікті сақтау; төртінші – білімнің салтанат құруы; бесінші – Қазақстанның революция­лық емес, эволюциялық дамуы; алтыншы – сананың ашықтығы.
Осы мақсат-міндеттер межесінде көптеген істер мен жұмыстар атқару керек. Өйт­кені қазіргідей жаһандық бәсе­келестік бізден тынымсыз ең­бекті, табысты бастамаларды та­лап етеді. Бұл жолда білімнің тұнығымен сусындап, соңғы үл­гідегі технологиялардың тілін меңгерген жас ұрпақты ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып бойынша тәрбиелеу қазақстандық бренд­ті алға шығарады. Оның үстіне қиналғанға қол ұшын созған жанашырлық, жетім­нің маңдайынан сипаған мейі­рім­ділік, аш адамға қолындағысын бөліп берген қайырымдылық сынды қазақы қасиеттерді өске­лең ұрпақтың бойына сіңіру бейбітшілікке, тыныштыққа құштар ұлтымыздың бет-бейнесінің сақ­талуына септігін тигізеді. Имандылық, қанағатшылдық, ар-ұят секілді адами ізгіліктерді мамандар арасына жаю қоғамның жегіқұрты – сыбайластықтың, жемқорлықтың көзін жоюға көмектеседі. Ол үшін ілім, білім, ғылымды кеңінен тарататын оқу ордалары сапалы маман шығарудағы жауапкершілікті арттыруы тиіс. Қазіргідей дүрбелеңге толы дәуірде өзге елдерде орын алып жатқан шетін оқиғаларға қарап, революциялық басып алуды емес, эволюциялық дамуды таңдау керектігін айтқан Елбасы мақаласының тіні, өзегі еліміз ұстанған бағыттың айқындығын көрсетеді. Осының бәрі сананың ашық, зерденің жүйрік, ақылдың сергек болуын талап ететін шарттардан құралған. Сондықтан да Мемлекет басшысы жалпыұлттық рухани жаңғыру үшін тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын дүр сілкіндіру керектігін алға тартады.
Қазір біз алға қойылған міндеттерді негізге ала отырып, жедел түрде сараптамалық жұ­мыс жүргізуіміз қажет және Алматы облысының рухани дамуының, мәдениеті мен тари­хының, туризмінің ауқымды мүмкіндіктерін ашып көрсете білуіміз керек. Екі аптаның ішінде бағдарламалық құжатты жүзеге асырудың өңірлік жос­парын облыс басшысының қарауына ұсына аламыз деп ойлаймын, – деді Жақсылық Омар.
Бұл орайда облыс әкімі А. Баталовтан осы міндеттердің орындалуына ықпал ететін құрамына зиялы қауым, ғалымдар, жастар, этномәдени орталықтар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері енгізілетін жұмыс тобын құруға қолдау көрсетуді сұрады.
Жарыссөзге философия ғы­лымдарының докторы, профессор, «Мәңгілік ел» ғылыми-білім беру орталығының жетекші ғылыми қызметкері Аманжол Қа­сабек, «Алматы облыстық славян қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Наталья Белик, облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің бас редакторлары Әміре Әрін мен Атсалим Идигов, Өңірлік коммуникациялар қызметінің журналист-модераторы Галина Митковских шығып, өз ой-пікірлерін білдірді.
Жиын соңында облыс әкімі А. Баталов:
– Қоғамдық сананы жаңғыру жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың идеясы – еліміздегі конститутциялық, экономикалық реформалардың заңды жалғасы. Мақалада жаңа заман көшіне ілесіп, өркениетті ел болу үшін ұлттық сананы сақтау мен өрістетудің нақты жолдары ұсынылған. Осы бағдарламалық құжатқа сәйкес Жетісу өңірінде бірлік пен татулықты, рухани келісімді, экономикалық даму үрдістерін сақтау мақсатында атқарылатын нақты жұмыстар 1 мамырға дейін айқындалуы тиіс, – деп, тиісті құрылымдарға нақты міндеттер жүктеді.
Мұнан кейін облыс басшысы әрбір аудан, қалалардағы тарихи, мәдени ескерткіштердің тізімін жаңартуды, жастарды елжандылыққа тәрбиелеу ісін күшейтуді, халықтың рухани жә­не моральдық құнды­лық­тарын нығайту бағы­тын­дағы жұ­мыстарды ширатуды тапсырды.

Кәусәр  ИМАНЖАН.

Жауап қалдыру